Иван шырқаған «Дударай»

Көрікті көктем еді. «Нива» машинасына отырып алып, әбден үсті қопарылып қалған жолмен жүріп келеміз. Машинаның рулінде отырған азаматтың ұлты неміс. Коммуна селолық округінің әкімі Мейрам Самұратовпен әңгіме арасында, терезеге қарап қоямыз.

Округ әкімі: «енді бір-екі айдан кейін айнала жасыл желекке бөленіп, сайын дала гүл құшағына оранады, табиғат құлпыра түседі» дегенде, лирикалық әуенмен ән айтып келе жатқан жүргізуші қазақ тілінде «әне, құстардың тізбегін қараңдар, бұл аққулар біздің Ащыкөл мен Тұщыкөлге келіп қонып жатыр», –  деді. Мен оның қазақша сөйлегеніне аң-таңмын. Менің бұл таңқалысымды байқаған әкім Иван Александрович Қорғалжынның тумасы, оның сүйіп қосылған жары да қазақтың қызы екендігін айтты. Олардың махаббаттары аңызға айналған «Дударай» әніне ұқсас дегендері мені одан сайын қызықтыра түсті. Бұл жақта Дүйсен мен орыстың қызы Мариямның ғашықтығы мен шынайы сүйіспеншілігі жайлы аңызды үлкенінен бастап, кішкентай бүлдіршініне дейін біледі.
–ХХ ғасырдың басында өткен осы оқиғадан кейін бұл жақта интернационалды отбасылардың шаңырақ құруы дәстүрге айналды. Осындай отбасылардың бірі бізбіз. Бақытжамалым екеуіміз бір өзеннің екі арнасы тәріздіміз. Ол Ащыкөлдің жағасындағы Майшұқыр ауылынан болса, мен Тұщыкөлдің жағалауындағы Құмкөл ауылынанмын, –деді Иван Александрович.
Екі ауылдың арасы жеті шақырымдай ғана. – Ең алғаш отағасымен 1992 жылдың желтоқсан айында таныстым. Сол бір тоқырау кездері әркімге де қиын болатын, қазір оны айтуға оңай. Ол кезде мен он жетідегі бойжеткен қызбын. Кеңшар директорының іс жүргізуші хатшысы болып жұмыс істедім, ал, жолдасым «ГАЗ-53» көлігінің жүргізушісі болды. Ол менің жүрегімді өзінің поэзиялық шығармаларды сүйіп оқитындығымен, қазақтың әндерін нақышына келтіріп, әдемі орындайтындығымен баурап, тіпті, жаулап алды. Ол кезде «Дударай» әнін көп айтатын, сонымен бірге қазақтың біртуар тұлғалары Ақан сері мен Біржан салдың шығармаларын да жақсы орындайтын. Қазір де ойын-тойларда  айтып жүреді. Үйде балаларға мақал-мәтелдер мен жұмбақтарды, жаңылтпаштарды үйретіп отырады. Қайын атам да дарынды адам болған екен. Осындай өнерге жақындығы атамнан берілген шығар. Қарағанды облысының Баршын ауылында тұрыпты. Сонда оны жерлестері қазақша таза сөйлеп, біздің салт-дәстүрлерімізді жақсы білген соң, «Баршынның қазағы» деп атап кетіпті, – дейді Александр Гайлидің келіні Бақытжамал.  
Танысқаннан кейін бір жылдан соң Иван мен Бақытжамал шаңырақ құрыпты. Тоқсаныншы жылдардың бас кезіндегі сол бір ауыртпалықтарды ол өздеріне – жас отбасыға берілген сынақ шығар деп ойлайды. Сол уақытта қаншама отбасылар ойрандалып, шаңырақтарын тастап, үлкен-кішіге қарамай, қиындықтарға төтеп бере алмай жатты емес пе? Сол кезде отағасы екеуі барлық ауыртпалықтарды төзіммен, шыдаммен өткеріп, отбасыларының,  балаларының бақытын сақтап қалған. Мұның барлығы екеуара сыйластық пен сүйіспеншіліктің де арқасы.
–Біз қазір дағдарыс, дағдарыс деп күйіп-пісіп жатамыз, ең бастысы, адамның рухы мен жаны дағдарысқа ұшырамасын, – дейді отанасы сол бір кездерді еске алып.
25 жылдық тәжірибесі бар шебер жүргізуші Иван Александрович пен Майшұқыр орта мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Бақытжамал Дәулетбекқызы осы күні үш баласын өсіріп, жеткізуде. Руслан, Зарина және Рамир есімді ұл-қыздарының көпшілік іс-шаралар мен мектептің жұмыстарына белсене атсалысып, шығармашылық байқаулардан алған мақтау қағаздары мен грамоталары өте көп. Ішінде облыстық «Ақмола жұлдыздары» байқауының да дипломдарын көзіміз шалды. Олардың бұл жетістіктері ата-аналарының үстем мерейі. Үлкен ұлдары Руслан әскер қатарына алынып, азаматтық борышын өтеп жүргенде әскери бөлімнің командирі, полковник К.Үшбаевтан алғыс хат та келіпті. Онда «Сіздерге өз ұлдарыңызбен мақтануға болады. Ол біздің әскери бөлімнің ең үздік сарбаздарының бірі, жауынгерлік және дене шынықтыру жаттығуларынан озат нәтижелер көрсетуде» делінген екен. Бұл хаттан кейін ата-анасының мерейі тағы бір көтеріліп қалғаны белгілі.  
– Мариям Рекина – қарапайым адам емес. Ол жер аударылғандардың қызы бола тұра, қазақ тілін өте жақсы білген. Домбыра тартып, ән айтқан адам. Толысып, жетілген соң, еліміздің өнер қайраткері атағына ие болды. Ал, енді «Дударай» әніне келсек, көптеген ақындар мен композиторлар оның сүйіктісі Дүйсенге көп көңіл аударады. Бұл соншалықты маңызды ма? Егер Мариям Дүйсенді «Дудар» деп атамаса, араларында махаббат болмаса, танымал ән де шықпас еді, –деді ол.  
Біздің кейіпкеріміздің сөзінің жаны бар. Шынымен де, ең алғашқы махаббаттан қымбат не бар…
Марат НҰРСЕЙІТОВ.
Қорғалжын ауданы. 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар