Жексенбілік мектепте болды

«ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында өткен Польша апталығы кезінде арнайы іссапармен келген Польша Президенті Анджей Дуда өзінің жұбайы Агата Корнхаусер-Дудамен бірге Астана қаласындағы №5 гимназияда болып, ондағы поляк жексенбілік мектебінің тыныс-тіршілігімен танысты. 

Польшаның делегациясын поляктың ұлттық киімінде қарсы алып, құрмет көрсетті. Осындай жылы жүздесу барысында мектепте Ф.Шопен атындағы поляк кабинеті ашылып, тұсаукесер рәсімі өткізілді.
Агата Корнхаусер-Дуда ханымның мамандығы – мұғалім екен. Ол Қазақстанның білім беру жүйесіне қызығушылық танытып, тәжірибе  алмасты. №5 гимназиясының директоры А.С.Труфанов, Астана қаласы «Роlасy» поляк қоғамының төрағасы Е.А.Роговская және поляк жексенбілік мектебінің директоры М.В.Малиновскаялар аталмыш білім ордасы мен жалпы білім саласына қатысты мәселелер туралы айтып берді.
– Бұл жексенбілік мектеп Польшадан алыс болғанымен, өзіндік бағыт-бағдары, мақсат-міндетімен ерекшеленеді екен. Мұнда поляк тілін поляктар  ғана емес, басқа да ұлт өкілдері оқып жатқанына қуаныштымын, – деді Агата Корнхаусер-Дуда.
Аталмыш мектеп негізінен поляк тілін, әдебиеті мен фольклорын оқытуға бағытталған. Жалпы, Астана қаласындағы 24 этномәдени бірлестіктің жанында 12 жексенбілік мектеп жұмыс істейді, соның ішінде осы поляк жексенбілік мектебі Қазақстан халқы Ассамблеясының ең үздік жексенбілік мектебі ретінде танылған. Бұл мектепте жыл сайын 50 шақты бала білім алады екен.  Гимназияның мәжіліс залында мерекелік концерт ұйымдастырылып, Польша делегациясы поляк және қазақ тілінде шырқалған оқушылардың әндерімен сусындады.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Астана қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар