Мен қазақтың келінімін

Сандықтаудың Новоникольское көлін жағалай қонған алақандай ауыл менің кіндік қаным тамған жер. Мені айтпағанда, ата-анам, арғы аталарым, тұқым-жұрағатым, барлығы осы қасиетті топырақта тамыр жайған. 

Тың және тыңайған жерлерді игеру жылдары осы ауыл көптеген ұлт пен ұлыс өкіліне қоныс болып, қазақ халқы бауырмалдық танытып, бүгінде бәрі де біртұтас бір елдің баласындай болып кеткен. Қазақ, орыс,  белорус, поляк және тағы басқа ұлттардың өкілдері қуанышын да қызығын да бірге көріп, бір елде тату-тәтті тірлік кешетін. Әлі де солай. Біздің елде ешқашан біреуді нәсіліне, ұлтына бөлмейтін. Себебі, біз бір елдің баласы, бір елдің азаматы саналамыз. Менің балалық шағым осындай алаңсыз бақытты шақтарға толы болды.
Мектепті тәмамдасымен кітапханашылар техникумына, содан кейін Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің филология факультетіне оқуға түсіп, білім алдым. Осында оқи жүріп, өлеңнен қол үзгем жоқ. Ақындыққа жақын болуымның бірден-бір себебі, туған жерімнің қасиетті топырағынан дарыған болар деп есептеймін. 2000 жылы облыс орталығында 30-ға жуық ақындардың басын қосып, «Струны души» атты әдеби бірлестік аштым. Осы бірлестіктің ұйымдастыруымен қалада көптеген әдеби кештер, оқырмандар конференциялары, жас ақындардың шығармашылық кештері, олардың жыр жинақтарын жарыққа шығару сияқты көптеген жақсы істердің басы-қасында жүрдім.  Болат екеумізді тағдырдың өзі жолықтырды.  Жан жарым қазақтың жігіті, бірақ, екеуміздің арамыздан ұлтымыз бір емес деп түсінбеушілік  болмайтын.
Мен қазақтың келінімін. Жағыпаровтар әулетінің босағасын аттаған сәттен бастап, көп балалы үйдің берекесі де мерекесі де көп екендігін түсіндім және өзімнің осылай көп балалы ана болғанымды қаладым. Себебі, бала өмірдің гүлі, бақыты екендігін жақсы білемін. Көп балалы отбасында өскен бала міндетті түрде көпшіл болып өсетіні хақ. Ал, көпшіл адам жатбауыр болмасы анық.         
Олеся ЖАҒЫПАРОВА.
Көкшетау қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар