Өнері өрістеген өлкедегі шаттықты думан

Облыс орталығындағы «Көкшетау» мәде-ниет сарайының алдында  Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың  «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы негізгі идеяны жүзеге асыру мақсатында «Рухани қазына» тақырыбында ақпараттық-музыкалық іс-шаралар шеруі өтті. 

Салтанатты шерудің концерттік бағдарламасын облыс намысын халықаралық фестивальдер мен байқауларда қорғап жүрген «Он алты қыз» халықтық би ансамблі ашып, шұғылалы бидің шуағын шашты. Думанды дүбірлете түскен «Көркемтау»  домбырашылар ансамблінің өнерпаздары күмбірлі күйлерді орындап, халықтың көңілін бір серпілтіп тастады. Әнші Төлеген Аман Молдабайдың әні «Молдабайды» әуелете шырқаса, «Көкшетау» халықтық би ансамблі «Құрбылар» биін мың бұрала билеп берді. Мұнымен өнерпаздардың тау суындай тасқындаған өнерлі легі біткен жоқ,  басқа ансамбльдер, жеке орындаушылар шараның шамын жарқырата түсті.
Мемлекет пен ұлт құрыштан құйылып, қатып қалған дүние емес, үнемі дамып отыратын тірі ағза іспетті. Ол өмір сүру үшін заман ағымына саналы түрде бейімделуге қабілетті болуы керек. Жаңа жаһандық үрдістер ешкімнен сұрамай, есік қақпастан бірден төрге озды. Сондықтан, заманға сәйкес жаңғыру міндеті барлық мемлекеттердің алдында тұр. Ұлттық жаңғыру деген ұғымның өзі ұлттық сананың кемелденуін білдіреді. Оның екі қыры бар. Біріншіден, ұлттық сана-сезімнің көкжиегін кеңейту. Екіншіден, ұлттық болмыстың өзегін сақтай отырып, оның бірқатар сипаттарын өзгерту. Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жөн-жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс. Абайдың даналығы, Әуезовтің ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күйлері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні – бұлар біздің рухани мәдениетіміздің бір парасы ғана. Сынаптай сырғыған уақыт ешкімді күтіп тұрмайды, жаңғыру да тарихтың өзі сияқты жалғаса беретін процесс. Барша қазақстандықтар, әсіресе, жас ұрпақ жаңғыру жөніндегі осынау ұсыныстардың маңызын терең түсінеді. Жаңа жағдайда жаңғыруға  деген ішкі ұмтылыс – біздің дамуымыздың ең басты қағидасы. Өмір сүру үшін өзгере білу керек. Оған көнбегендер тарихтың шаңына көміліп қала береді.
– Жаңғыру ұғымының өзі мейлінше көнерген, жаһандық әлеммен қабыспайтын кейбір дағдылар мен әдеттерден арылу дегенді білдіреді, – дейді шара ұйымдастырушылары.
Қала тұрғындарының һәм қонақтарының алдында қойылған концерттік бағдарламаның көркін ашқан, түрлі этностардың  әні мен күйі, қойылым биі  болды.  Осынау көпұлтты елдің жаңаша жолға деген дара дайындығының, ел аумағында ғұмыр кешіп келе жатқан ешқандай ұлтты айналып  өтпейтіндігінің тағы бір дәлеліне осылайша  куә болдық.  Болашаққа деген насихат бүгіннен бастауын алса, атар таңға аманат. Рух дегеннің өзі  бүтін халыққа қонады,  ұлтына қарап бөлінбейді.  Ол халықтың салты мен санасынан, дәстүрі мен даласынан,  бүлдіршін баласынан  байқалып тұрады. Ән – өнеге, би – болмыс, күй – көрініс деп ұғар болсақ, ойдың орманында адаспағанымыз болар.

 Қымбат-Ай ТОЙЛЫБАЙ.
 Суретті түсірген Берік  ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар