Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Профессор Шәрәпи Әлжанов тұлғасы - АРҚА АЖАРЫ

Профессор Шәрәпи Әлжанов тұлғасы

Еңбекшілдер ауданының орталығы Степняк қаласында 23 қыркүйек, сенбі күні «Алаш арыстары және тәуелсіздік» тақырыбымен ғылыми-практикалық конференция өтеді.

Ол Алашорда үкіметінің 100 жылдығы аясында ұйымдастырылып, Алаш қайраткерлерінің, соның ішінде осы киелі топырақтың тумасы, халқымыздың біртуар перзенттерінің бірі Шәрәпи Әлжановтың ұлт болашағы жолындағы күрескерлік рухтары мен өнегелі өмірлеріне арналып отыр. Конференция шеңберінде Шәрәпи Әлжановтың туған жері Сәуле ауылындағы өз атымен аталатын орта мектепте ескерткіш бюстін ашу және аруағына ас беріп, құран бағыштау шаралары көзделген. Елдің елдігін білдірер осы бір ауқымды іске орай, біз бүгін тарихтың ақтаңдақтары салдарынан көпшілік әлі де болса, аяулы есімі мен қайраткерлік зор тұлғасын жете біле бермейтін Алаш арысы, көрнекті жерлесіміз туралы танымдық мақаланы жариялап отырмыз. Ұлт мәдениеті тарихындағы әйгілі тұлға – өзі педагог, өзі психолог, ғылымның ірі ұйымдастырушысы, шешен сөздің үздігі профессор Шәрәпи Әлжанов 1901 жылы Еңбекшілдер ауданы, Сәуле ауылында дүниеге келген. Дарынды, дарабоз жас жайнақ 1918 жылы Шортандының бастауыш училищесін тәмамдаған, 1920 жылдан бастап Қызыл Әскер сапында болып, соғысқа қатысқан, сонан соң қазақ полкінің әскери комиссары, уездік атқару комитеті төрағасының орынбасары, уездік милицияның бастығы, 1925 жылы Мәскеуде әскери-педагогикалық курста оқыған.
1925-1927 жылдарда Орынбор қаласындағы әскери мектеп пен Қызылордадағы жалпы білім беретін мектепте мұғалім болды, 1929-1930 жылдарда Халық Ағарту институтын басқарды.
1932 жылы Ұлттар Ағарту институтының педагогика мамандығы бойынша аспирантурасын аяқтаған. 1932-1937 жылдарда Абай атындағы ҚазПИ-де педагогика кафедрасының меңгерушісі, педагогика факультетінің деканы әрі Қазақ АКСР Оқу халық комиссариаты педагогика ғылыми-зерттеу институтының директоры лауазымды қызметтерін мінсіз атқарған.
Мемлекет қайраткері, партизан жазушы Әділ Шәріпов (1912-1993) Шәрәпи Әлжановтың ұстаздық қасиеті, шешендік қабілеті, ғұламалық қырлары, рухани тазалығы туралы естелігінде:
– Мәскеу қаласындағы ғалымдардан тәлім алған Шәрәпи өз пәнін терең, толық меңгерген, көлдей білімді парасатты ұстаз-педагог еді. Қазақ, орыс тілдерін өте жақсы білетін, шешен де шебер сөйлейтін және орыс, қазақ бөлімдерінің студенттері лекциясын құмарта тыңдайтын еді. Өте әділ педагог деп атайтын-ды. Ол Н.Г.Чернышевскийдің, Н.А.Добролюбовтың, А.С.Макаренконың шығармаларын тәржімалады. Педагогикадан хрестоматия құрастырып бастырды. Республика оқу-ағарту ісі тарихында жарқын із қалдырған қайраткерлердің санаулысы. Қазақстандағы мектептердің жай-күйін зерттеу мақсатында ұйымдастырылған экспедицияны 2 мәрте басқарған-ды – делінген.
Білім-ғылыммен, өмір-тіршілік тәжірибелерімен мұздай қаруланған, кемелденіп толысқан Шәрәпи Әлжанов 36 жасында сталиндік қуғын-сүргіннің бейкүнә құрбаны болды. Алайда, ұлы Тәуелсіздік, ұлы Уақыт, ұлы Халық қайта тірілтті. Расында, «Бәрінен данышпан – Уақыт, өйткені, ол бәрінің сырын ашады», «Бәрінен жүйрік – Уақыт, өйткені, ол бәрінен озады» деп ойшыл Фалес айтқандай, Алаш арыстаны Шәрәпи Әлжанов тұтас тұлғасымен, кесек ой-әрекеттерімен, іс-қимылдарымен өзінің хан жайлаған көгілдір Көкшесіне, алтын ұясы Сәулесіне сұңқарша саңқылдап, тұлпарша дүбірлетіп оралып отыр. «Көсем елдің бағын ашады» деген ел нақылы бар. Ылайым, солай болғай.
Профессор Шәрәпи Әлжановтың ғылыми ортасын, шығармашылық тұлғасын, әлеуетін, кісілік келбетін барынша жарқыратып көрсету үшін мына бір тарихи сәттерге барлау жасасақ, 1930-1937 жылдарда Абай атындағы ҚазПИ-де ғылым, мәдениет, руханият тарихында орасан із қалдырған алтын балық үйіріндей көсемдер, білгірлер, дүлдүлдер шоғыры қызмет еткен. Олар А.Байтұрсынұлы, Ә.Ермеков, М.Жолдыбаев, Ш.Бекжанов, О.Жандосов, С.Асфендияров (негізгі ұйымдастырушы), Х.Досмұхамедов, Б.Алманов, М.Әуезов, С.Сейфуллин, Е.В.Тарле (академик), Қ.Жұбанов, Н.Н.Панин, С.Х.Брайнин, А.В.Мухля, Ш.Сақаев, С.Аманжолов және т.с.с. Мінеки, осындай ұлт қайраткерлерінің ішінде шоқтығы биік зиялы Шәрәпи Әлжанов та алтын оттай лаулап, ұлтына шабытты қызмет етті. 1933-1934 оқу жылында профессор Ш.Әлжанов 12 баспа табақ көлемінде «Ұлт мәдениетінің мәселелері» дейтін зерттеуін жазған. Сол кездің өзінде ҚазПИ қаламақы төлеп, Халық Ағарту комиссариатынан шығармақ болған. (Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архиві, қор 1142, тізбе 1, іс 16).
Профессор Ш.Әлжановтың педагогика мен психологияға қатысты еңбектеріндегі ой-толғамдар ХХІ ғасырда да өзектілігімен өзгешеленеді. Мысалы, «Ауыл мектептерін политехникаландыру жолдары» атты зерттеуінде (Қызылорда, 1933) политехникаландыру мәнісі техникасы, өндірісі, өнеркәсібі бар қала жағдайына байланыстыра зерделесе, ал, ауыл мектептерін политехникаландыруды ауыл шаруашылық, техникалық дақылдар егетін, мал өсіретін, кәсіпкер аудандардың жағдайымен бірлікте дамытқанды, яғни, нақты, затты әдіс-тәсілдерді қуаттайды. Ол ұстаз тұлғасын: «…Оқытушының негізгі міндеті – балаларды машинаның негізгі бөлшектерімен, тетіктерімен, двигатель жұмысымен таныстыру болады… Мұнымен қатар, оқушының физика, химиядан алған теориялық білімін практикамен байланыстыруға толық мүмкіндік бар. Бұдан теорияның тәжірибемен ұштасуы көрінеді» – деп анықтайды. Бұл жерде білім мен тәжірибенің тұтастығы, ойының астарына мән берсек, мектептің өзін өңірдің ерекшеліктерімен байланыстыру, айталық, мектептің жер учаскесі болуы, мал өсірудің мән-жайымен, яғни, «балаларды мал организмінде болатын шытырманды процестермен таныстыруға мүмкіндік бар» дегені дұрыс пікір.
Профессор Ш.Әлжанов «Қазақстандағы ұлттық мәдениет проблемалары және ғылыми-зерттеу педагогика институтының алдындағы кезекті міндеттері» дейтін материалында («Мектептерді политехнизация-
лау» журналы, 1934. №2) «Ұлт мәдениеті жайынан, тәрбие, білім, политехника және педагогика жайынан Қазақстан жағдайына лайықты түрде ғылыми еңбектер шығару» деп жазады. Ұлттық ерекшелік, ұлттық сипат-қасиет – ұлттық сананың жоғарғы көрсеткіші, ұлт мәселесінің беломыртқасы, түп негізі екенін байыпты бажайлап, түсіндіріп айтқан.
Сол кездің өзінде-ақ мектептерге, педтехникумдерге, педагогикалық ЖОО-ларға тұрақты оқу құралдарын жазу, «бұл реттегі тәжірибелерді қорытып, авторлар коллективіне ғылыми консультация беру», теория мен тәжірибені қабыстыру, «мектеп – мәдениет құрылысының негізі», сондықтан, «ауыл мұғалімдерінің білімдерін көтеріп, әдісі жағынан қаруландыруға көмектесу» дейтін негізгі шарттарды орынды атаған.
Білімпаз, ұстаз Ш.Әлжанов «Абайдың педагогикалық көзқарасы» деген мақаласында («Социалистік Қазақстан», 1934, 30 декабрь) ойшыл ақынның бала тәрбиесі, мінез-құлық, ақыл-ой, ұлттық сана жайындағы ғылыми көзқарасының дұрыстығын әңгімелейді.
ХХ ғасыр басында Алаш қайраткерлерінің құдіреті арқасында ұлттық терминология ілімі жоғары дәрежеде дамыды. Мысалға жүгінсек, рәсім (Ә.Бөкейхан), кешен (Ж.Аймауытұлы, Қ.Кемеңгерұлы) тұжырымдама (М.Шоқай), сынып (Т.Жүргенов), әдіснама (Ә.Сәтбаев), зертхана (М.Жолдыбайұлы, Ш.Әлжанов) және Ахаңның жүздеген терминдік атаулары. Осы тұрғыдан келгенде, Шәрәпи Әлжанов қолданысындағы терминдік ұғымдар: «профиль – бағдар, меже», «объект – нысан», «подросток – ересек», «развитие – жетілу», «среда – айнала», «младенец – бөбек», «самосознание – өзіндік сапа» ғылым тілі әлеміндегі жаңалықты құбылыстар.
Профессор Шәрәпи Әлжанов «Ес және есте қалдыру мәселелері», «Ой мәселелері», «Ұлт мектептері қазіргі кезеңде», «Халық ағарту қызметкерінің білімін көтеру жайында басты материалдардың жинағы» (Қызылорда, 1936), «Аз ұлттардың жоғары оқу орындарында сабақ өту әдістері», «Ұлт мектептері қазіргі кезеңде» дейтін бағалы зерттеулер жазған.
Профессор Шәрәпи Әлжановтың алтын жұртында мемлекет қайраткері, «Бірлік» үйірмесінің мүшесі, «Кедей сөзі» газетінің редакторы, 1927-1930 жылдарда Бүкілодақтық Орталық Атқару Комитеті Президиумының хатшысы Әбілқайыр Ысқақұлы Досов (1899-1938) пен «Көкшенің көкірегінен тасып аққан әнмен өлмес өмір дастанын жазған» Рамазан Елебаев туған. Бір айта кетерлігі, Ә.Ы.Досов Рамазан Елебаев пен Қайырбек Тоқсановты, інісі Мамырбек пен қарындасы Мәрзияны Мәскеуге оқуға орналастырған.
Қайраткер, санаткер, оқымысты Шәрәпи Әлжановтың өнегелі өмірі, даңқты істері, ғылыми байыптамалары келешектің рухани қажеттілігі мен ұлт игілігіне жұмсалуы қандай ғанибет десеңізші!

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар