Астана маңындағы ауылдар да көркейіп келеді

Облыс əкімі Мəлік Мырзалин Целиноград ауданында жұмыс сапарымен болып, аймақта іске асырылып жатқан жобалармен танысты және аудан орталығында спорттық алаң мен хоккей кортының ашылуына қатысты.

Бұл айтулы шарада Қазақстан Республикасы Парламенті Мəжілісі төрағасының орынбасары Владимир Божко,«SamrukKazynaTrust» ұлттық қорының бас директоры Ерлан Даримов, «SаmrukKazyna» акционерлік қоғамы əлеуметтік жобалар қызметінің жетекшісі Нұрлан Оразалиев те болды.
Облыс әкімінің ауданға жұмыс сапары Талапкер селолық округіне қарасты 96-разъезде салынып жатқан су сорғыш станциясынан бастау алды. Осы іске жауапты мердігер компания «Қаршыға-97» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Дидар Ербекеевтың айтуынша, жоба бойынша 430 үйге су тартылуы тиіс. Жыл басынан басталған станция құрылысы алдағы қараша айында бітеді деп жос-
парлануда. Су жер астынан үш ұңғыма арқылы жеткізіліп тұрады. Су жабдықтау желілерінің жалпы ұзындығы 49,197 шақырым. Тек  қиындық туғызып тұрған бір мәселе – судың ішуге жарамды болмай қалуы. Алғашында жер астындағы судың сапасын тексергенде бәрі дұрыс болған. Алайда, судың сапасын екінші қайтара сараптамадан өткізгенде су құрамында тұз бен марганец аса көп мөлшерде байқалған. Егер, алдағы уақытта да осындай жағдай қайталанса, тұрғындарға суды ішуге емес, тек тұрмыстық қажеттіліктеріне ғана пайдалануды ескерту қажет. Облыс әкімі Мәлік Мырзалин мәселенің мәнісіне қаныға келе, алдымен, осы жобаны уақытылы аяқтауды тапсырды. Сондай-ақ, алдағы уақытта «Өңірлерді дамыту» жобасы аясында селолық округке сапалы ауыз су тарту бойынша басқа да жобалар қолға алынатындығын жеткізді.  
Одан кейін облыс әкімі Қажымұқан ауылына ат басын бұрып, мұндағы №4 негізгі мектепті көрді. Қазіргі таңда бұл білім ошағында 392 оқушы үш ауысымда білім алуда. 2018-2019 жылдары ауылда су, жарық мәселелерін біртіндеп шешіп, 300 орындық жаңа мектеп салу жоспарланып отыр.
Талапкер ауылында да мемлекеттік бағдарламалар аясында іске асырылып  жатқан жобалар аз емес. Солардың бірі көшелерді жарықтандыру, жол жөндеу жұмыстарына қатысты жобалар. Жұмыс сапары барысында облыс әкімі облыстық маңызға ие «Ақмол-Нұресіл-Талапкер» тас жолында жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарының барысымен танысып,  селолық округтегі электр қуатымен жабдықтау нысанында да болып қайтты.
Бұл күн Ақмол ауылының тұрғындары үшін маңызды оқиғамен есте қалғаны сөзсіз. Аудан орталығында Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық құжаты жəне «Туған жер» жобасының аясында балалар мен жастарға арналған спорттық ойын алаңы мен көпсалалы корт ашылды. Бұл алаңның «SamrukKazynaTrust» ұлттық қорының қаржылай қолдауымен салынды.
Салтанатты ашылу рəсімінде сөз алған облыс əкімі Мəлік Мырзалин ақмолдықтарды қуаныштарымен құттықтап, «StreetWorkout» спорттық алаңы мен хоккей корты жастар мен балалардың жиі жиналатын орнына айналып, осы жерден еліміздің туын көкте желбірететін əйгілі спортшылардың шығуына тілектестік білдірді. «КИнЭС» Қазақстан рекордтар кітабының бес дүркін рекордсмені және екі дүркін әлем рекордсмені, Қажымұқан ауылын-да тұратын 11 жасар Әмір Махметтің өнері жұртшылықты таңқалдырды. Жастайынан спортқа құштар жеткіншек отыз секундтың ішінде жерден елу рет тартыла алады.
Ауданға жұмыс сапарының соңында облыс әкімі жұмыртқаға арналған қорапшалар шығаратын «Экопак Астана» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде болды. 2017 жылдың қаңтар айында ашылған бұл зауыт қазіргі таңда толық өндірістік қуатқа шыққан. Айына 2,5 миллион дана қорапша шығарады. Айта кетейік, жалпы құны 440 миллион теңге тұратын бұл жобаның жартысынан астамы «Даму-Өндіріс» кәсіпкерлікті қолдау бағдарламасы аясында қаржыландырылған екен.  
Жасыл экономика талаптарына сай келетін, әрі облыс аумағында макулатураны қайта өңдеумен айналысатын жалғыз  зауыт саналатын «Экопак Астана» серіктестігінің жұмысына облыс әкімі мен астаналық меймандар оң баға берді.

Венера Талғатқызы.
Целиноград ауданы.
Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар