Үйірлі жылқы – ырысы

Тоқсаныншы жылдардағы тоқыраудан кейін әкелері мемлекетке тиесілі шағын шаруашылығын өткізіп берген соң жылқы бағуға ден қойған Шортанды кентіндегі ағайынды Егор мен Николай Воложаниндер жайлауын жылқыға толтыруда.

 

Еліміз нарықтық қатынасқа көшкеннен бері жылқы өсіруге деген ынта-ықылас өсе түсті. Себебі, жылқы етінің бағасы ішкі рыногымызда жылдан-жылға көтеріліп келеді. Әрі өзіндік құны да арзан. Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту үшін мемлекет тарапынан қолдау ретінде түрлі бағдарламалар жүзеге асырылып, жемісін беруде. Соның бірі – жылқы малын көбейтуге арналған «Құлан» бағдарламасы. Бүгінде облысымызда мемлекеттік бағдарламаның шапағатын көріп, шаруашылығын шалқытқан жандар жетерлік. Тиімді бағдарламаның мүмкіндігін пайдаланып, шаруасын дөңгелетіп отырғандардың бірі – шортандылық  ағайынды Воложаниндер.
Әкелерінің жылқы малына деген ерекше қызығушылығы болмағанда бәлкім Егор мен Николай кәсіптің басқа түрімен айналысып кетер ме еді, кім білсін. Ұлты сыған болса да, жанының жартысы қазақ болып кеткен Николай (ағайынды Воложаниндердің әкесі ұлымен аттас) жас кезінен бері ат құлағында ойнайтын қажырлы қазақ жігіттерімен көкпар тартып, бәйгеге жүйрік қосады екен. Кеңес одағы ыдыраған тұстан бері тек жылқы өсіруді мұрат тұтқан Николай ұлдарының несібесін өзі бейім шаруашылықтан алыстатпапты. Бір күні теледидар көріп отырған үйдің отағасы хабарға құлақ түріп отырып, «асыл тұқымды малға
несие беру жұмысына маңыз беріледі» деген сөзді есінде сақтап қалады. Ары-бері ойлана келе 75 жастағы ақсақал ұлдарына несие алып, шаруаны өрістету туралы ақыл-кеңесін берген. Әкенің ақылын тыңдаған ұлдары қателеспепті.
– Кәсібіміздің дөңгеленіп кетуіне Аграрлық несие корпорациясынан алған 54 миллион теңгелік несие одан әрі соны серпін берді, – дейді ағайындылар. Десе дегендей, бір жыл бұрын жүз бас жылқы жайған Воложаниндердің өрісінде қазір жылқы саны төрт жүзге жеткен.   «Мінсең – көлік, жесең – ет, ішсең – қымыз» демекші, ағайындылар жылқы өсіру арқылы отбасыларын асырап отыр. Асырап қана қоймай, мол табысқа кенелуде. Ауданда жылқы еті мен қымыз іздеген кез-келген адам осы Воложаниндер шаңырағынан табылады. Тіпті, Астанадағы «Еуразия», «Әлем» тәрізді танымал сауда орталықтары да жылқы етін ағайындылардан сатып алатын көрінеді. Жылқы өсіру отбасылық бизнес болғандықтан, отбасы мүшелерінің барлығы да атсалысады.  
– Сенсеңіз де, сенбесеңіз де біздің шаруашылықта сырттан тек үш адам ғана жұмыс істейді. Отбасымыз үлкен. Сондықтан, бәріміз де бұл іске бір кісідей кірісеміз. Немерелерім мен келіндерімнің бәрі қолғабыс етеді. Өмір бойы жылқы шаруашылығының тізгінін ұстап келемін. Бордақылау алаңымыз бар. Жылқы шаруашылығы – біздің жеп отырған нанымыз. Қымыз өндіру, асыл тұқымды жылқыларды көбейту, шұжық өндіретін цех ашу – мақсаттың мерейлісі. Бірақ, бәрі бір уақытта жүзеге аспайды ғой. Міне, көктемде ғана несие алдық. Жылқы қораларын өз күшімізбен салдық та, мемлекеттен алған ақшаны тек жылқы сатып алуға жұмсадық. Несиенің ақшасына 400-ден астам жылқы сатып алдық. Қазір мұнда 200 бас жылқы тұр. Қыста да, жазда да сыртқа шығармаймыз. Тек семіртеміз, – дейді Воложаниндердің үлкені.
Еңбекқор екі ұлдың үлкені Егор Воложанин жылқы шаруашылығын таңдауда қателеспегенін айтып тәубе етеді. Оның сөзіне қарағанда, жылқы малы Воложаниндер әулетінің ата кәсібі. Әлбетте, ағайындылар жылқының басын 500-ге дейін көбейтуді негізгі жоспары ретінде көздеп отыр.   Осылайша  ата кәсіптен нәсіп тауып, мемлекеттің шапағатын сезініп, жайлауын жылқыға толтырған Воложаниндер отбасы тірлігінің туын желбіретіп, биік ұстап жүр.

Аслан Оспанов.

Шортанды ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар