Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Жаһанданудың ендігі «тілі» – білім! - АРҚА АЖАРЫ

Жаһанданудың ендігі «тілі» – білім!

Өз тілі хақында бітпей жатқан әңгімесі мен бітпей жатқан шаруасы бар халықтың бірі біз болармыз бәлкім?! Дегенмен, қайыр-хош! Ел тәуелсіздігінің арқасында қазақ тілі мемлекеттік тіл мәртебесіне  ие болды. Сол мемлекеттік тілді дамытудың кешенді жобалары да бар. Әйтеуір, қасиетті ана тілімізді жойып алмай бүгінгі күнге жеткізгенімізге де шүкіршілік қыламыз.
Бұл орайда, Қазақстан Республикасының Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Толыққанды тілсіз – толыққанды ұлт болуы мүмкін емес», «Ұлттық сана ұлттық тілмен қалыптасады», «Қазақ тілін білу – қазақтың баласына парыз, ал білмеу – ұят және өз еліңді сүймегенмен бірдей»,– деп өз кезінде айтқан ойлы сөздері әрқайсымыздың санамызды әрдайым жаңғыртып тұруы да,  ойландыруы да керек.
Қазіргі уақытта қазақ әліпбиін латын әліпбиіне көшіру мәселесі қазақстандық қоғамда кеңінен талқыланып, пікірлер алмасылып, қолдау тауып жатқаны да анық. Және де бұл бір бүгін ғана туа қалған мәселе емес. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Қазақ әліпбиін латынға көшіру жөніндегі мәселеге қайта оралу керек. Бір кездері біз оны кейінге қалдырған едік. Әйтсе де, латын қарпі коммуникациялық кеңістікте басымдыққа ие және көптеген елдер, соның ішінде посткеңестік елдердің латын қарпіне көшуі кездейсоқтық емес. Әлбетте, біз бұл жерде асығыстыққа бой алдырмай, оның артықшылықтары мен кемшіліктерін зерделеп алуымыз керек»,– деп сонау  2006 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының ХІІ сессиясында ой тастаған-ды.
Міне, содан бергі кезеңдердің кемерінен асып-төгіліп жатқан қазіргі замананың ақиқатына ден қойсақ, бүгінгі  дәуірдің соңғы он жылының өзі ғана барша Адамзат баласының алдын жаңа, тіпті, тосын бір сынақтармен бөгегендей болып отыр. Өзіміз айтып жүрген жаһандану дегеніңіз Елбасы айтқанындай, «ешкімнен сұрамай, есік қақпастан бірден төрге озды!».  
Адам баласының ойлау қабілеті мен көзқарасы да, білімі де, ғылымы да көз ашпас шапшаңдықпен дамып келе жатқан бүгінгі жаңа жаһандық болмысты қазақ халқы біз де қабылдарымыз анық. Бұл мәселе келіп, ең әуелі тілге келіп байланары бар. «Бүгінде ағылшын тілі – жаңа технология, жаңа индустрия, жаңа экономика тілі… Ағылшын тілін меңгермей, Қазақстан жалпы ұлттық прогреске жете алмайды», – дегенді Елбасы                                                                     Нұрсұлтан Назарбаев тағы да өзіне тән көрегендікпен айтып отыр. Ал, енді сол прог-реске жету үшін бүгінгі қолданып жүрген орыс кириллицасын латынға көшірудің маңызы аса зор екендігі дау тудырмайтын мәселе.
Латынша оқу және латынша жазу біздің халқымыз үшін жат дүние емес. Тілші-ғалымдарымыздың зерттеулері бойынша латын әліпбиінің пайда болып, қолданылып келе жатқандығына  үш мың жылдай болса керек. Ал, біздің халқымыз латын әліпбиі үлгісіндегі жазуды 1929-шы жылдан бастап, 1940-шы жылға дейін қолданып келді. Сол 1940-шы жылдың 13 қарашасында  «Қазақ жазуын латындандырылған әліпбиден орыс графикасы негізіндегі жаңа әліпбиге көшіру туралы» заң қабылданып, біз сол үрдіспен жүріп келдік.
 Ендігі арада әліпбиімізді латын қарпіне, латын әліпбиіне көшіру еліміздің және өз ұрпағымыздың  болашағы үшін және бүкіл әлеммен бірлесе түсуімізге,  ағылшын тілі мен интернет тілін жетік игеруімізге, ең бастысы – қазақ тілін жаңғыртуға жағдай туғызатындығы басы ашық басты мәселе екендігі танылып та, ол айтылып та жатыр.
Латын әліпбиі арқылы  тіліміздің тазалығы мен табиғи  қалпын сақтаудың, қазақ тілінің халықаралық дәрежеге шығудың және қазақ тіліне де компьютерлік жаңа технологиялар арқылы халықаралық ақпарат кеңістігіне кірігудің жаңа әрі тиімді жолдары ашылып, тың мүмкіндіктер пайда болады. Бұл Қазақстанның да  түбі бір түгел түркі дүниесімен және де әлемнің білімі мен ғылымы дамыған елдермен рухани-мәдени, ғылыми-экономикалық қарым-қатынас жасауымызды, тығыз байланыстылығымызды күшейте түсері де анық мәселенің бірі.
Әрине, тіл әр ұлттың ең бір жанды жері, санасы мен сезімінің түйсігі. Сондықтан, алаңдаудың да жөні бар болар. Елбасы жуырда журналистермен болған сұхбаты кезінде қазақ тілін жетілдіру мен латын әліпбиіне көшудің маңыздылығына тоқтала келіп, «Латынға көшу жайы баршаны да алаңдатып отыр. Бұл жайында көп айтылды. Біздің ғалымдар менің тапсырмаммен ұзақ уақыт жұмыс істеп, барлық тарихты қарап шықты. Көршіміз Өзбекстан, Түркия қалай енгізгендігін, олардың тәжірибесін қарады. Компьютерге бірден қоя салу үшін ілік болмау керектігін айттым. Ноқаты, үтірі бар, тек қазақ дыбысына тән 8 әріп бар. Міне, соларды нақтылау қажет. Барлық мәселе осында. Ымыра болғанда, тіл білімі мамандары мен тарихшылар ортақ келісімге келгенде мен жаңа әліпби жа-йында жария етемін, – деді.
Осы әңгіменің барысында Елбасы  кириллица әрпі де  қолданыста бола  беретіндігін, 2022 жылдан бастап 1-ші сыныптардың латын әліпбиімен оқитындығын да айтып, ендігі арада мұның ешбір қиындық туғызбайтындығын да атап көрсетті. Өйткені, қазіргі балалар мен жастардың басым бөлігі ағылшын тілінде оқып, білім алып жатыр. Ағылшын қарпі мен латын қарпі бірдей екендігін және де қазіргі уақытта әлемдегі ақпараттардың 70 пайызы латын әрпімен таралатындығын ескерсек, бұл жаһанданудың  ғылыми-техникалық прогресіне ілесуімізге зор мүмкіндік берері де сөзсіз.
Әрине, Елбасы тапсырмасына орай, латын әліпбиіне көшу ісіне  тыңғылықты әрі жан-жақты дайындықтардың жүргізілетіндігі де анық жай.  «Бұл маңызды шара және онда ағаттыққа жол беруге болмайды», – дей келіп, Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік тіл латын әліпбиіне көшкеннен кейін барлық іс-қағаздар сол тілде жүргізілетінін де мәлімдеді. «Мемлекеттік тіл латын әрпінде болғаннан кейін барлық жүргізілетін құжаттар сол тілде болады. Бірақ, ол тілді түсінбейтін азаматтарды ренжітпеу үшін оларға аударып беретін боламыз»,– деді Елбасы.
Міне, сондықтан да, қазақстандық қоғамның алаңдауына ешбір негіз жоқ деп санаймыз. Ал, латынға көшуді жаһанданудың жаңа жағдайдағы жаңа талаптары алдымызға тартып отырғандығын ескеруге тиістіміз. «Жаңа жағдайдағы жаңғыруға деген ішкі ұмтылыс – біздің дамуымыздың ең басты қағидасы. Өмір сүру үшін өзгере білу керек. Оған көнбегендер тарихтың шаңына көміліп қала береді», – деген Елбасының осы бір ауыз аталы сөзінен жаһанданудың ендігі «тілі» тек білім ғана болып қала беретіндігін ұғынғандаймыз!

 

Жабал ЕРҒАЛИЕВ,
жазушы-драматург,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар