Басты арманым ұстаз болу еді. Бірақ тағдыр менің маңдайыма корректор болып еңбек етуді жазыпты. Менің бұл мамандықты таңдауыма бірден-бір себеп, өзімнің әдебиетке жақындығым әрі жолдасым журналист болғандықтан ба, қызығушылығым арта түсті. Ұстаздық мамандығын журналистикамен алмастырған жолдасым Амантайды қызметке қабылдаған қаламгер ағаларым, атап айтсам, Иса Ғалиасқаров пен Әбділда Жақыпов мені де жатсынбады.
Сөйтіп, Амантай «Тың магистралі» газетіне журналист, мен корректор болып орналастық. Араға бірер жыл салып жұбымыз жазылмаған қалпы «Арқа ажары» (сол кездегі «Коммунизм нұры») газетіне ауыстық.
Қаланың ортасындағы Бейбітшілік көшесінде орналасқан баспахананың бесінші қабатындағы қара май мен балқыған қорғасын исі аңқыған цехтың иісінен бас айналып, жүрек айнығанымен, уақыт өте келе оған да тез көндігіп кеттік. Жұмысбасты, бас көтеруге мұршалары жоқтай көрінген апайларыма қарап, әй, бекер ме осы келісім дегеніммен, жаңа ортаға тез үйренісіп кеттім. Сол кездегі корректорлар – Кәбира Ережепова, Рыстай Досанова, Бағдат Рысмұханбетова, Гүлсім Темірбекова, Шәріпжамал Әбілмағжанова, Бақыт Мұқышева, Айсұлу Қасымова – бәрі зейнет демалысына дейін ширек ғасырдан астам еңбек еткен жандар. Шәріпжамал апайымыз корректор, бет жасаушы әрі макет сызушы болып отыз жыл, кейін «Егемен Қазақстан» газетінде бір мүшел уақыт еңбек етті. Сол газеттен зейнетке шықты. Осы апайларым жанашырлық танытып, әсіресе, Бағдат апайым мені бірден корректорлық жұмыстың мәнімен таныс-
тырып әрі күнделікті атқарған жұмысымның барысын өздері мұқият қадағалап отыратын. Сол себепті, мен еш қиындықсыз газеттің ішкі жұмысына тез машықтанып кеттім.
Ол кездері ленотиптік машинкаларда әріп теретіндер мен бет жасаушылардың 80-90 пайызы орыс немесе басқа ұлт өкілдері болатын. Редакциядан келіп түскен мақалаларды Фаузия (Фая) Зинганшина, Шарапат Бектемірова, Фая Нигматуллина, Райхан Бозбаева, Қазина Багаутдинова сияқты қазақ тілінде сауатты тере алатын әріп теруші апайлардың арқасында бетті дер кезінде әзірлеп үлгеретінбіз. Күнделікті жарыққа шығатын газеттің араның ұясындай құжынаған қатесін бір емес, сан мәрте рет түзетіп жүріп, атып келе жатқан таңды талай рет ұйқысыз қарсы алған кездеріміз аз болмайтын. Керісінше, жас ерекшелігіміз әр қилы болса да уақытты көңілді өткізетін кездеріміз көп болды. Мерекелерді бірге қарсы алып, естен кетпестей етіп тойлап та жүрдік. «Арқа ажары» газетінде бір мүшел уақыт корректор болып еңбек еткен жылдары осы апайларымның тәлім-тәрбиесін көріп, қоян-қолтық еңбек еткен күндерімді сағына еске аламын.
Ақмола қаласы еліміздің Елордасына айналуына байланысты «Арқа ажары» газеті облыс орталығымен бірге Көкшетау қаласына көшірілетін болды. Сол кезде облыс орталығына бармай қалған әріптестер әр жерге орналаса бастадық. Сөйтіп, біз Есілбаевтар отбасы болып тағы да «Қазақстан әйелдері» журналында еңбек еттік. Қазір, міне, күні бүгінге дейін бір мүшел уақыт өтті, «Егемен Қазақстан» газетінде корректормын.
Тәубе, отыз жыл корректорлық қызмет атқарған жылдарымның жемісін көріп жүрмін. Қанша уақыт еңбек еткен осы газеттерден жақсы орта таптым. Бес немере сүйіп, Амантай екеуіміз ата-әже атандық. Өткен өмірге өкпем жоқ.
Міне, бүгін «Тіршіліктен» бастау алған сүйікті газеттің жүз жылдық тойын атап өткелі отырмыз. Осынау өмірде бір-ақ рет келетін айрықша кезеңде бірге еңбек еткен әріптестерімді, қаламгер аға-апаларымды жүз жылдық торқалы тойымызбен құттықтай отырып, отбастарына амандық, саулық тілеймін.
Тұрсын ЕСІЛБАЕВА,
«Арқа ажары» газетінің байырғы корректоры.