Бавардың әуезді әуендері-ай…

Көкшетаулық өнер сүйер қауым Бавар қауымдастығының үрлемелі аспаптар ансамблінің жан дүниеңді тербететін рухани әуендеріне бөленіп, неміс халқының ұлттық музыкасына қанықты. 

Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясында «Видергебурт» немістер қоғамының ұйымдастыруымен және Астана қаласындағы Германия елшілігінің, облыстық әкімдіктің қолдауымен өткен кеш тыңдарманды әсерлі ән көгінде қалықтатты.
Германия мен Қазақстан арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың қалыптасуының 25 жылдығына арналған кеште облыс әкімінің орынбасары Егор Каппель құттықтау сөз сөйлеп, екі ел арасындағы мәдени байланыстың маңыздылығына ерекше мән берді.  Сонымен бірге, Германия елшісі Рольф Мафаэль мырза да көкшетаулық неміс қоғамына осындай іс-шараны ұйымдастырғаны үшін алғысын айтты.  
Аталмыш ансамбль ағымдағы жылдың мамыр айында Бавар мемлекеттік наградасымен марапатталғандығын атап өткеніміз жөн. ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінде  Германия мемлекетінің күндері шеңберінде өнер көрсеткеннен кейін ансамбль көкшетаулықтарды да өздерінің дәстүрлі және рухани әуендерімен сусындатуға арнайы ат басын тірепті.
Бавар халқының әуендерін сүйсініп тыңдайтын қауым үшін аталмыш концерт тегін ұйымдастырылды. Бір жарым сағатқа созылған концерттік бағдарламаны жиналған қауым бір деммен ұйып тыңдады десек, артық айтқандық болмас. Себебі, әртүрлі музыкалық аспаптармен орындалған шығармалардың өзі талғампаз тыңдарманды баурап алды. Ансамбль құрамындағы шығармашылық иелері де кәсіби шеберліктерін аямады. Жас музыканттар өздерінің ұлттық бояуын дәстүрлі шығармаларымен ғана емес, классикалық және заманауи туындыларды орындауда да өте әсерлі көрсете алды. Әрбір шығарма тыңдарманның зор қошеметіне бөленіп, жоғары  деңгейде орындалды.     

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар