Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Қайрат Қожамжаровтың бұйрығымен ағымдағы жылдың 14 қыркүйегінен бастап Қуаныш Базарұлы Бекбасов сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Ұлттық бюроның (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Ақмола облысы бойынша департаментінің басшысы болып тағайындалды.
Қуаныш Базарұлы 1971 жылы Ақтөбе облысы Ойыл ауданының Саралжин кентінде дүниеге келген. Жоғары білімді заңгер. 1989-2004 жылдар аралығында ішкі істер органдарының жедел-іздестіру құрылымдарында түрлі лауазымды қызмет атқарды. 2004 жылдан 2009 жылға дейін қаржы полициясы органдарында басшылық қызметтерде болды.
2009-2012 жылдары Қостанай облысының экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмыстармен күрес жөніндегі департаменті басшысының орынбасары болды.
2012-2014 жылдары прокуратура органдарында, 2014 жылдан бастап сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет органдарында түрлі жауапты қызметтер атқарды.
Осы уақытқа дейін Астана қаласы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Ұлттық бюро басшысының орынбасары болған.