Жас педагог мамандар барған жерлеріне тұрақтамауда

Облыстық әкімдікте Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің жанынан құрылған Қоғамдық кеңестің отырысы болып өтті. 

Онда жемқорлыққа қарсы  жүргізіліп жатқан жұмыс нәтижелері, мемлекеттік  қызметшілердің беделін көтеру және оларға деген халықтың көзқарасын жақсарту мәселелері қаралды. Отырысты агенттік жанынан құрылған Қоғамдық кеңестің төрағасы Серікжан Қанаев жүргізді.  Мемлекеттік органдардың қызмет көрсету сапасын арттырып,  мемлекеттік қызметшілердің беделі мен оған деген сұранысты жақсарту мақсатында ұйымдастырылған көшпелі отырысқа қоғамдық кеңес мүшелері Е.Бектұрғанов, Қ.Нұртазин, В.Коломийцев және  Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау департаментінің директоры  Қ.Жапақов қатысты.
Кеңес отырысының күн тәртібіне сай алдымен мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департамент басшысы Берген Беспалиновтің Елбасы Н.Назарбаевтың «100 нақты қадам» Ұлт жоспары бағдарламасы аясында атқарылып жатқан жұмыстар жайында баяндалған есебі тыңдалды. Ол өз баяндамасында облыста қызмет етіп жатқан мемлекеттік органдар мен ондағы қызметшілердің жағдайына, биылғы жылы өткен аттестаттаудың қорытынды нәтижелеріне, мемлекеттік қызметке енгізілген жаңашылдықтардың облыста іске асырылуына тоқталды. Дегенмен, қоғамдық кеңес мүшелері оның баяндамасына сыни көзқарастарын білдірді. Республика бойынша біздің облыстан мемлекеттік органдардың қызмет көрсетуіне, сыбайлас жемқорлық көріністерінің білім және мәдениет саласында жиі орын алуына қатысты арыз-шағымдар ең көп түседі екен. Осыған байланысты департамент басшысы мемлекеттік қызмет көрсету мәселесі бойынша қызметті ұсыну тәртібі мерзімінің бұзылуы, кейбір қызметшілердің ақпараттық материалдарды дер кезінде ала алмауы, басшылық пен қызметшілердің арасындағы кикілжіңдер мен келіспеушіліктердің салдарынан орын алып жатқандығын айтып, кадрлардың ауыса беруін Астанаға жақын облыс болғанымыздан деді. Десе де, Қоғамдық кеңестің төрағасы С.Қанаев мемлекеттік қызметшілердің имиджін көтеру, жастардың мемлекеттік қызметке қызығушылығын арттыру
бойынша жұмыстарды жандандырып, дұрыс жолға қоюды тапсырды.
Азаматтық қоғам мүшелері мен мемлекеттік  органдардың өзара қарым-қатынас мәселелері жайында «Ақмола облысының азаматтық альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің төрайымы И.Терентьева баяндама жасаса,  2009 жылдан бері республика аумағында іске асырыла бастаған «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасының біздің өңірдегі жай-күйі, жас мамандардың материалдық жағдайы, ауылдағы кадр тапшылығы мәселелері бойынша облыстық экономика және қаржы басқармасы басшысының орынбасары Н.Зазулина айтып берді. Облыс аумағындағы елді мекендерге аттанған жас мамандардың 49-ы мемлекеттен алған материалдық көмекті қайтарып беріп, өз қалаулары бойынша басқа қызметтерге ауысып кетіпті. Бағдарлама аясында материалдық жәрдем алып, үш жылға толмай жұмысын тастап, басқа жаққа кетіп қалған 111 жас маманға сотқа шағым берілген.
Сонымен қатар, соңғы баяндамашы биылғы жылы ауылдарға аттанған жас мамандарды материалдық көмекпен, яғни, бір жолғы көтерме ақы және үй алуға несие беруге қомақты қаржы қажет екендігін алға тартты. Қоғамдық кеңес мүшелері елді мекендерге барған жас мамандардың сол жақта тұрақтап қалуына жағдай жасауды оң жолға қойып, баспана мәселелерін шешуді тапсырды. 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар