Жемқорлыққа жол берілмейді

«Нұр Отан» партиясының облыстық филиалында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңес пен партияның бақылау комиссиясының бірлескен отырысы болып, онда мәдениет, дене шынықтыру және спорт саласына қатысты 2015-2016 жылдардағы мәселелер қаралды.

Отырысқа облыс әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова, «Нұр Отан» партиясы орталық аппаратының партиялық бақылау департаментінің директоры Нұрлан Баймырзаев, облыстық филиал төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Бекмағамбетов қатысты. Күн тәртібіне сай отырыстың алғашқы бөлігінде қоғамдық кеңес мәселелері талқыланды. Алдымен облыстық мәдениет, спорт және дене шынықтыру басқармалары басшыларының 2015-2016 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлық әрекеттерінің алдын алу және мемлекеттік қызметшілерінің қызметтік тәртібін нығайту мәселелерін қамтыған баяндамалары тыңдалды. Облыстық мәдениет басқармасының басшысы Сәуле Бөрібаеваның мәлімдеуінше, 2015 жылы 19 адам жұмысқа орналасқан болып мемлекет қаржысын заңсыз жымқырған. 2016 жылы осындай жолмен жалған жұмысқа орналасу, заңсыз ақша алу, жалған актілерге қол қою тәрізді 7 факті тіркелген. Ал, ағымдағы жылы бірде-бір құқық бұзушылық тіркелмепті.  
Өткен жылы облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасына 5 миллиард теңге қаржы бөлініпті. Оның 3 миллиард теңгесі өңірдегі футболды дамытуға бағытталса, «Оқжетпес» футбол клубына 2 миллиард теңге қарастырылған. Соңғы үш жылда облыс аумағында 7 футбол алаңы салынған.
Бұдан соң партияның Көкшетау, Степногорск қалалық және Қорғалжын аудандық филиалдары төрағаларының бірінші орынбасарлары сыбайлас жемқорлық әрекеттерін алдын алу бойынша атқарылып жатқан жұмыстары жайында баяндап берді.
Қоғамдық кеңестің екінші бөлігінде Ақмола облысы бойынша мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Берген Беспалиновтің мемлекеттік органдардағы жемқорлық әрекеттерінің туындауына жол беретін себеп-салдарды анықтау мақсатында жүзеге асырылатын бағдарламалық құжаттар туралы есебі тыңдалды. Ал, комиссия отырысында «Нұр Отан» партиясы Ерейментау аудандық филиалының төрағасы Ермек Нұғымановтың ағымдағы жылдың 8 айында атқарған  партия жұмыстары туралы баяндамасы талқыланды.
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар