Атырау қаласында өткен мүмкіндігі шектеулі жандар арасындағы Қазақстан Республикасының V спартакиадасында Ақмола облысының намысын қорғаған спортшыларымыз абыройлы жеңіспен оралды.
Облыстық параолимпиадалық спорт түрлері федерациясының төрағасы Мүсілім Сәрсенбековтың айтуынша бұл ақтық жарыстың бірінші аптасының қорытындысы бойынша, Ангелина Тюрикова, Әсем Жанәділова, Сергей Муратов, Анна Лебедева, Павел Зубченко, Қанат Байлин, Давид Дегтярев, Данил Авдаль, Светлана Сергеева, Ерлік Сәбитов, Степан Олейник, Павел Стефанюк, Нина Рулева, Олег Гирдасов сынды спортшыларымыз жеңістің негізін жақсы қалады. Екі лекте өткен бұл спартакиада ақмолалық параолимпиадашылар 19 алтын, 21 күміс, 8 қола жүлдеге ие болды! Біздің спортшыларымыздың барлығы да ортақ бір мүдде – жеңіс үшін табанды күресе білді.
–Жеңіске жету маған оңайға соққан жоқ. Жаттықтырушыларымның берген бағдарының арқасында мен, тұғырға үш рет көтерілдім. Ядро мен диск лақтырудан – алтын, найза лақтырудан күміс жүлдеге қол жеткіздім, – деп жеңіл атлетиканың бір түрі, спорттық снарядтарды лақтырудан күміс жүлдегер Әсем Жанәділова жаттықтырушыларына өз алғысын білдірді. Әсем спартакиадаға алғаш қатысып отыр екен. Бұл Әсемнің жеңісті жолдарының бастауы еді. Сол жол жалғаса бергей!
Қымбат-Ай ТОЙЛЫБАЙ.