Испанияның Вивейро қаласында өткен биатл және триатлдан әлем чемпионатында жерлестеріміз жеңіс тұғырына көтерілді.
Соңғы кездері спорттың осы түрлерінің танымалдылығы арта түсуде. Бұл жолғы байрақты бәсекеге әлемнің 21 елінен 500 атлет қатысты. Тоғыз жасқа дейінгі балғындар мен жетпіс тоғыз жасқа дейінгі спорт шеберлері жарыс барысында жекелей және аралас эстафета бойынша күш сынасты.
Қазақстан құрамасы сапында болған 10 ақмолалық спортшы жоғары деңгейде өнер көрсетті. Жерлесіміз Аян Бейсенбаев қарсыластарынан оқ бойы озып, алтын медальға қол жеткізді. Ал, Темірлан Теміров пен Арман Қыдыртаев екінші және үшінші орыннан көрінді.
Микс эстафетасы (ұлдар мен қыздар) бойынша Дэнис Туницкий мен Ашраф Камалова екінші, Аян Бейсенбаев пен Надежда Бекмағамбетова үшінші орынды иеленді.
Жалпы, жарыс қорытындысы бойынша, Қазақстан құрамасы биатл және триатл спортынан әлем чемпионатында көш басынан көрінді. Бұл жеңіске жерлестеріміздің де қосқан үлесі қомақты.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.