Әке саптамасы – музей жәдігері

Атбасар тарихи-өлкетану музейінде «Атамекен – еліме аманат» атты инновациялық жобасы аясында «Музейге жәдігер сыйла» акциясы қарқынды түрде ұйымдастырылуда. 

Көне жәдігерлер көңілге түрлі  ой салып, өткен ғасырлардағы ата-бабаларымыздың тұрмыс-тіршілігінен хабар береді.Ескі заттарға қарап бағзы замандағы адамдардың өмірін көз алдыңа елестетесің. Тіпті, сол көне заманға барып келгендей әсер аласың.
Атбасар қаласының байырғы тұрғыны Сұлтанғазы Көпеев пен бәйбішесі Бейсенгүл Төлешқызы немерелерін музейге алып келді. Біраз әңгімелесіп танысқан соң не себеппен жүргендерін айтты. Олар мұнда кітаптар мен құнды жәдігер – саптама етікті тапсыруға келіпті. Өткен ғасырдың қазақтары киген, сақырлаған сары аязда аяқты тоңдырмайтын саптама  бірден көзіме жылы ұшырады. Бала кезімізде ауылдағы ақсақалдарымыз қонышы ұзын саптама киіп жүретінін көріп өскенбіз.
–Бұл саптама әкем Сейітбектің бізге қалдырған көзі. Оны сонау 1960-шы жылдары Қима ауылында тұратын әйгілі етікші Әсет деген шеберге тіктіртіпті. Өзі өмірден өткенше қырық жылдай осы етікті пайдаланды,– дейді Сұлтанғазы аға.
Саптама етіктің иесі Сейітбек Көпеев Ұлы Отан соғысының ардагері, 1910 жылы бұрынғы Есіл ауданы Сталин атындағы колхозда дүниеге келген екен. Ол кісі 1998 жылы 88 жасында өмірден өтіпті. Құрманғазы, Сұлтанғазы, Ерғазы, Серғазы есімді ұлдарын тәрбиелеп өсіреді. Ұлдың екіншісі Сұлтанғазы Қима ауданының Кеңарал ауылында тұрады. Ғұмыр бойы кеңшар есепшісі болып еңбек етіпті. Жасы жетпістің үшеуіне келіп отырған Сұлтанғазы аға майдангер әкесінен қалған жәдігер «қараусыз қалмасын, елдің игілігіне жарасын» деген ниетін білдірді.
Сөйтіп, Атбасар тарихи-өлкетану музейі тағы бір көне жәдігермен толықты.
Темірбек ҚАСЫМЖАНОВ,                                                                                     
   Атбасар тарихи-өлкетану музейінің қызметкері.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар