Кәсіпкерлерге жеңілдік

Көкшетау қаласындағы «Қамқор-Автосервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өңірдегі шағын және орта бизнес үшін донор болуға ниет танытып отыр. 

Өңірлік кәсіпкерлік палатасы кәсіпкерлік саласының дамуына қолайлы жағдай қалыптастыру мақсатында жекеменшік индустриалдық аймағын құруды қолға алуда. Ондағы мақсат шағын және орта бизнес субъектілеріне жеңілдетілген бағамен ұсынылатын инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген өндірістік алаңдар ашу. Осы орайдағы таңдау шағын және орта бизнес үшін донор болуға лайық «Қамқор-Автосервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне түсіп отыр.
–Қазіргі кезде бұл кәсіпорынмен әріптестік жөнінде меморандумға қол қойылды. Серіктестік жалға алаң ұсынуға дайын. Қазір біз жалға алушыларды іздестіріп жатырмыз. Кәсіпкерлер біздің ұсынысымызды құптап отыр. Мұндай қадамға баруымызға көптеген адамдардың кәсіпкерлікпен айналысуға өндірістік алаңдардың жоқтығы туралы түскен өтініштері себеп болды, – дейді Ақмола облыстық кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы   Жанна Байқоңырова.
Кезінде «Қамқор-Автосервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі автокөліктерге техникалық қызмет көрсететін және сатумен айналысатын өңірдегі ірі компаниялардың бірі болып еді. Бүгінде кәсіпорынның мыңдаған шаршы метр өндірістік алаңдары қаңырап бос тұр. Сондықтан, серіктестік басшылығы бос алаңдарды жалға беруді жөн деп санайды.
–Біз өңірлік кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, жекеменшік индустриалды аймақ құруды жоспарлап отырмыз. Өндірістік алаңдағы орындарды жалға жеңілдетілген бағамен ұсынамыз. Біздің өндірістік алаңның артықшылығы, көліктік логистикасы дамыған жерінде орналасуында болып отыр. Теміржол, автожол және коммуникацияның барлық жүйесі тартылған. Бұл шағын және орта бизнес өкілдері үшін ұтымды, –  дейді серіктестік директоры Сәкен Тәңірқұлов.
Бұл өңірлік кәсіпкерлер палатасы қолға алып отырған жалғыз ғана жоба емес, алдағы уақытта Целиноград ауданында «Асыл түлік» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі базасында да осындай индус-триялды аймақ құру жоспарда бар.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар