Бурабай әлемдік деңгейге көтеріледі

Әкімнің пікірі: – Біз алдағы уақытта да кәсіпкерлердің өз істерін тиімді жүргізуге қолдан келген көмегімізді  көрсетеміз. Соған орай, кәсіпкерлердің тарапынан да белсенділік пен жаңа идеялар қажет.
Бурабай курортты аймағын дамытуға бөлінген қаржы нәтижесін беріп отыр. Курортты аймақтың көптеген мәселелері шешіліп, абаттандыру, жол қатынасы жақсара түсті.
Бурабайдың курортты аймағын дамытудың үшінші кезеңіне 62 миллиард теңге қарастырылып отыр.
Бұл қаржы негізінен, су көздерін тазарту, жолдарды жақсарту, спорт-сауықтыру кешенін салу жобаларын жүзеге асыруға бағытталмақшы.
Бурабай аймағына жыл сайын 1 миллионға жуық дем алушы келеді.  Мұның көпшілігі жаз айларының үлесіне тиеді. Күз-қыс айларында қонақ үйлер мен демалыс орындары бос тұрады.
Бурабайға жыл он екі ай туристерді тартуымыз керек. Ол үшін  көп салалы спорт кешенін салуды қолға аламыз. Кешенде республикалық, халықаралық жарыстар мен спортшыларымыздың жаттығуларын өткізуге толық жағдайлар жасалады. Бурабайдан тау шаңғысы жолын ашу ісі де жоспарымызда бар. Мұның бәрі туристерді көптеп тартуға бағытталған шаралар екенін түсіне білейік.
– Неге біз курортты аймақта сумен емдеуді жолға қоймаймыз? Біздің өңірімізде де шипалы су көздері жеткілікті ғой, неге соларды пайдаланбаймыз?!.

 

Бұл мәжіліске осы саладағы жұмыспен айналысатын мемлекеттік құзырлы органдардың өкілдерімен бірге, курортты өңірінде туризм саласын дамытуға атсалысып келе жатқан кәсіпкерлер қатысты.

– Биыл жазда өңірімізде жұмыс сапарымен болған Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев  облысымызда туризмді дамыту мәселесін талқылап, нақты тапсырмалар мен міндеттер жүктеген еді, – дей келе, облыс әкімі туризмді дамытуға қатысты алда тұрған міндеттерге жан-жақты тоқталды. Щучинск-Бурабай арнайы экономикалық аймағы құрылып, Үкімет тарапынан өңірді дамыту үшін қомақты қаржы бөлінгені белгілі. Курортты аймақты дамытудың алғашқы екі кезеңінде біраз шаруаның басы қайырылды. Дегенмен, үлгермеген істер аймақты дамытудың үшінші кезеңінде қолға алынатын болады. «Үкімет басшысы біздің алдымызға қысқа мерзім ішінде Бурабайды халықаралық деңгейдегі курортты аймаққа айналдыру жөніндегі міндеттерді қойып отыр. Осыған орай, алда қыруар жұмыстар күтіп тұр» – деген облыс басшысы ендігі арада курортты аймаққа аса ірі шетелдік инвесторлар келетінін айтып, сол арқылы қалыптасатын бәсекелестікке бүгінгі жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлер төтеп бере алатындай болуы керектігін атап өтті. Жасыратыны жоқ, қазіргі Бурабай аймағындағы жыл санап қатары көбейіп келе жатқан  қонақ үйлер мен демалыс орындарының бәрі бірдей замана талабына сай келе бермейді. Екі, үш, төрт, тіпті, бес жұлдызды деп аталған осы жүзден астам  қонақ үйдің  тек 12-сі ғана халықаралық деңгейдегі стандарт бойынша сертификатталған екен. Ал, атауы дардай болғанымен, қызмет сапасы сын көтермейтін қонақ үйлер туралы жұртшылық тарапынан түсіп жататын шағымдар да аз емес. Облыс басшысы, осыған орай қонақ үй бизнесімен айналысып, табыс тауып жүрген кәсіпкерлерге ертеңгі күні бәсекелестікке төтеп беру үшін уақыт талабына сай жұмыс істеу қажеттігін ескертті.
– Бізге бүгінгі күні жұмыс істеп жатқан кәсіпкерлердің онан әрі өз істерін жемісті жалғастырғандары тиімді, ол үшін қолдан келген көмегімізді  көрсетеміз, бірақ, ең бастысы сіздердің тараптарыңыздан белсенділік пен жаңа идеялар қажет, – деді облыс әкімі. Бурабай курортты аймағына салынған қыруар қаржының нәтижесі қазір анық көрініп отыр. Курортты аймақтың көптеген түйткілді мәселелері шешіліп, абаттандыру, жол қатынасы саласы жақсара түсті. Аймақты дамытудың үшінші кезеңіне 62 миллиард теңге қарастырылып отыр, бұл қаржы негізінен, су көздерін тазарту, жолдарды жақсарту, спорт-сауықтыру кешенін салу сияқты жобаларды жүзеге асыруға бағытталмақшы. Бурабай аймағына жыл сайын 1 миллионға жуық дем алушы келеді десек, мұның бәрі дерлік жаз айларының үлесіне тиіп, күз-қыс айларында қонақ үйлер мен демалыс орындары қаңырап бос тұрады. Осы орайда, өңір басшысы аймаққа жыл он екі ай туристерді тарту шараларына назар аударды. Осы мақсатта  көп салалы спорт кешенін салу қолға алынбақшы. Онда республикалық, халықаралық жарыстар мен спортшыларымыздың жаттығуларын өткізуге толық жағдайлар жасалады. Сонымен бірге, Бурабайдан тау шаңғысы жолын ашу да жос-парда бар. Бұлардың бәрі туристерді көптеп тартуға бағытталған шаралар.
– Бірақ, мұның бәрі жеткіліксіз, – деді аймақ басшысы. – Неге біз курортты аймақта сумен емдеуді жолға қоймаймыз. Кеңес заманында жұрт Есентукиге ағылатын,  Карлы Вары курорты әлемге осы сумен емдеу арқылы танылған. Өз республикамызда Сарыағаш бар. Біздің өңірімізде де шипалы су жеткілікті ғой, неге соны пайдаланбаймыз?
«Көкшетау минералды сулары» АҚ-ы директорлар кеңесінің төрағасы  Мұрат Ахметов аймақ басшысына кәсіпорын шығаратын суды түрлі дерттерден емдеуге, яғни, шипалы су ретінде пайдалануға болатынын айтты. «Құлагер» суын еліміздің әр өңіріндегі 20 мыңға тарта сауда нүктелері сатады екен. Осында шығарылатын суды адам бойындағы жүрек-қантамыр, тірек-қимыл сияқты 12 жүйенің 10-ына ем ретінде пайдалануға болатындығын ғалымдар дәлелдеп отыр. АҚ-ы директорлар кеңесінің төрағасы суды құтымен де, тіпті, үлкен сыйымдылықтағы ыдыстармен де курортты аймақтағы шипажайларға жеткізіп бере алатындарын мәлімдеді. Яғни, сумен емдеуді Бурабай шипажайлары қолға алуларына толық мүмкіндік бар. Дегенмен, кедергі келтіріп тұрған бір мәселе – денсаулық сақтау басқармасынан әрбір қызмет түрі үшін алынатын лицензия жайы. Облыс басшысы бұл мәселені құзырлы органмен бірлесе отырып шешуді тапсырды.
Бурабай өңірінде тұрып, осы аймақты зерттеумен айналысқан гидрогеолог Евгений Пятов өзге өңірлерде жоқ родонды судың Бурабай аймағында мол екендігін айтып, көптеген дертке осы суды да пайдалану қажет деген ұсынысын білдірді. Елімізде родонды сумен емдейтін шипажай тек Меркеде ғана бар екен. «Родонды суы мол аймақта тұрып, оны пайдаланбау жөн емес» деді гидрогеолог. Облыс басшысы бұл ұсынысты жүзеге асыру жолдары қарастырылатынын айтты.
Бас қосуда сондай-ақ, ивент-туризмді дамыту мәселесі де талқыланды. Ивент-туризм, яғни, түрлі спорттық мәдени шаралар арқылы туризмді дамыту өкінішке орай, курортты аймақта жеткілікті деңгейде қолға алынбай отыр. Бұндай шараларды өткізу әсіресе, күз-қыс және көктем айларында демалыс орындарын туристермен толықтыруға игі ықпалын тигізер еді.  «А-1 ақпараттық-жарнамалық компаниясы» серіктестігінің басшысы Гүлмира Байқошқарова курортты аймақта түрлі мәдени-көпшілік шараларды ұйымдастыру жайында айта келе, өз ұсыныстарымен бөлісті. Бұл орайда, ең алдымен жарнамалау, жергілікті демалыс орындарының қызмет сапасын көтеру қажеттігі айтылды.
Мәжілісті қорытындылаған облыс әкімі Үкімет басшысы тапсырған қысқа мерзім ішінде Бурабайды әлемдік деңгейдегі курортты аймаққа айналдыру міндетін орындау үшін қыруар жұмыстар жүргізу қажеттігін айтып, бұл істен жергілікті кәсіпкерлердің шет қалмауы қажеттігіне, олар неғұрлым белсенді жұмыс жүргізіп, жаңа идеяларды жүзеге асырулары керектігіне назар аударды. «Туризмді дамыту жөнінде Бурабайда апта сайын осындай бас қосу өткізіліп тұратын болады. Оның бәрін  менің  кеңесшім үйлестіреді. Өзім де ай сайын бір рет туризмді дамыту мәселелеріне арналған кеңес өткізетін боламын» деді аймақ басшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар