Өзекті жайлар талқыланды

Облыстық мәслихаттың хатшысы, облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Дулат Нұрмолдиннің төрағалығымен осы кеңестің кезекті отырысы болып өтті.

Оның жұмысына облыс әкімінің орынбасары Олжас Бектенов, бірқатар облыстық департаменттер мен басқармалардың, кәсіпорын-ұйымдардың басшылары, Көкшетау, Степногорск қалалары әкімдерінің орынбасарлары, қоғамдық кеңес мүшелері мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Отырыста алдымен Ақмола облыстық қоғамдық кеңесі мен Азаматтық альянсы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Одан әрі 2017 жылға арналған облыстық бюджетті нақтылау туралы мәселе қаралып, облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Б.Мәлғаждаровтың хабарламасы тыңдалды. Бұл орайда, бюджеттен Көкшетау қаласының Боровской шағын ауданында 280 орындық балабақшасын салуға және қысқы жылу беру маусымын ойдағыдай өткізуге бөлінген қаржыны атап көрсетуге болады. Онкологиялық, басқа да кейбір сырқат түрлерінің көбейіп отырғанына қарамастан, денсаулық сақтау саласына бөлінген қаржының үнемделуі байқалуда. Қоғамдық кеңес мүшелері осының себебіне үңілумен  қатар, Астананың іргесіндегі Қосшы ауылын жарықтандыру, ауыз сумен қамтамасыз ету мәселелерін де тиянақтай түсті.
Бұдан кейін бірнеше нормативтік-құқықтық актілер бекітіліп, облыста газ қондырғылары мен лифт шаруашылығын қалпына келтіру мәселелері қаралды. Күн тәртібінен түспей келе жатқан бұл екі мәселеде өте өзекті әрі күрделі тұстары бар. Сондықтан, оны талқылау кең сипат алып, алдымен осы іспен айналысатын бірқатар меншік иелерінің атқарылған жұмыс көлемі, қол байлаған проблемалар туралы есептері тыңдалды. Өкінішке орай, Көкшетау қаласында 436 газ таратқыш қондырғының 54 пайызы ғана іске қосылған. Лифт шаруашылығында да осындай олқылықтар бар. Степногорск қаласында көпқабатты үйлердегі лифтілерді қайта қалпына келтіру біршама жақсы жолға қойылғанымен, газ қондырғыларын жөндеуде жұмыс алға жылжымай отыр.
Кеңесте облыс әкімінің орынбасары Олжас Бектенов сөз алып, қоғамдық кеңес мүшелерінің облыс өміріне қатысты осындай көкейкесті мәселелерді көтерудегі белсенділіктерін атап өтті. Кеңес отырысында  қаралған мәселелер бойынша ұсыныстар әзірленіп, тиісті орындарға жолданатын  болады.   
«Арқа ажарының» өз ақпараты. 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар