Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ән падишасы - АРҚА АЖАРЫ

Ән падишасы

«Жер бетінде мен бармаған ел, ән айтпаған сахна аз шығар. Мен сахнаға жаратылған өте бақытты әйелмін. Жалпақ қазақтың Розасымын. Мен халқымның арқасында ештеңеге зәру емеспін. Қазақ деген халықтың еркесімін.

Тағдырыма, еліме ризамын». Мұны айтқан Қазақстанның, Кеңес Одағының халық әртісі, Халық Қаһарманы, қайталанбас ғажап әнші Роза Бағланова еді. Ұзақ жылдар осы Роза апасының қасында болып, оның концерттік бағдарламасының директоры, продюсері міндетін атқарған «Қазақконцерттің» белгілі өнерпазы, Қазақстанның мәдениет қайраткері, алпысыншы жылдары жаңадан ашылған эстрада-цирк студиясының түлегі, әйгілі көркемсөз оқу шебері, Қазақстанның халық әртісі Гүлжиһан Ғалиеваның шәкірті, бүгінде Роза апасы атындағы қордың бас менеджері Қуаныш Өтешұлы Әбдіқалымовпен біздің сұхбатымыз әрине, Роза Тәжібайқызы Бағланова туралы болды. 

 

– Сіз үнемі Роза апаңыздың қасында жүріп, әлемнің талай елдерін бірге аралап, әншінің ел ықыласына, халық сүйіспеншілігіне бөленгеніне куә болдыңыз. Оңаша бір сәттерде ол кісі өзіңізбен сыр бөлісетін бе еді? Апайдың өнер өлкесіне келуіне кімдердің ықпалы болды екен?
– Өзінің айтуына қарағанда, әжесі жан-жақты талантты адам болыпты. «Әнші болатын, поэ-зияны, әсіресе, қазақ эпосын жақсы білетін, Сыр бойынан шыққан небір дүлдүл ақындардың жырларын жатқа айтатын. Он саусағынан өнері тамған ісмер де болған» дейтін әжесі жайлы. Анасы Ақкүріш те тамылжыта ән салатын қабілетті жан болыпты. Роза апай мектептен соң, Қызылорда педагогикалық институтына түскен екен. Кенеттен әкесі қайтыс болып, жағдайлары қиындайды. Сөйтіп, студенттеріне жатақхана мен тамақ беретін Ташкенттегі тоқыма институтына ауысыпты. «Үйдің тірлігін жасай жүріп, ән салушы едім. Бірде есіктің алдын сыпырып жүріп әндеткен дауысымды естіп, өзбек филармониясының директоры «Ән айтқан кім?» деп іздеп келді. Ол Кари Якупов әка еді. Сол кісі менің әншілік өмір жолымды, бағымды ашты. Әканың көмегімен Ташкент филармониясындағы мемлекеттік әйелдер ән-би ансамблінде әнші болдым. 1941 жылы Москва консерваториясына жолдама алғанымда соғыс бас-
талып кетті. Сол ансамбльмен Ұлы Отан соғысы жылдары майданды аралап, өнер көрсетіп, 1945 жылы 9 мамырда Берлиндегі жеңіс концертіне қатыстым. Менің Өзбекстаннан Қазақстанға келуіме тікелей себепші болған ақын ағамыз Жұбан Молдағалиев. Жұбан ағаның қолдауымен 1949 жылы елге келдім. Әкемдей қамқоршы болған біртуар азаматтың жақсылығын ұмытпаймын» дейтін өмір жолы жайлы. Тіпті, Роза апайдың 1949 жылы жастар мен студенттердің Будапеште өткен ІІ Халықаралық фестиваліне қатысуына да Жұбан аға қамқорлық жасапты. Сонда ғой, әйгілі «Ах, Самара, городокты» айтып, бас бәйгені алғаны.
–Роза Тәжібайқызы орыс әндерін де құлақ құрышын қандыра орындайтын. Тіпті, орыстың әйгілі композиторы Соловьев-Седойдың өзі оған арнап ән жазды деседі.    
– Солай дейді. Мәскеуде Розаның әнін тыңдап, сүйсінген Соловьев-Седой бетінен сүйіп, «Қаракөз, мен саған ән арнаймын» деп уәде етіпті. Көп ұзамай «Тальяночка» әні шықты. Оның өлеңін өрген Андрей Фатьянов деген орыстың ақыны. Бір ғажабы, әнші апайымыз қай елге барса да, сол елдің тілінде ән айтатын. Оның репертуарында орыс, өзбек, тәжік, қырғыз, поляк, венгр, қытай, моңғол, үнді халықтарының әндері баршылық еді. Әрі сол әндерді жоғары деңгейде орындайтын. Бұған қоса, ақын Мұзафар Әлімбайдың «Ақмаңдайлым», «Ақсұңқарым» (әні Шәмші Қалдаяқовтікі), сондай-ақ, «Кестелі орамал», әншінің төлқұжатына айналған «Ах, Самара, городок» сынды әндерді халық қанша тыңдаса да, ерекше ықылас білдіретін. Роза апай Абай атындағы Қазақ опера және балет театрында, ал, 1949-1960 жылдары Қазақ филармониясында әнші болып қызмет етті. Ал, кейінгі 50 жыл ғұмырында «Қазақконцерт» шығармашылық бірлестігімен байланысын үзген жоқ.
– Роза апай өнер адамдарынан кімдерді құрмет тұтты?
– Алматыдағы Фурманов көшесіндегі «Оптика» дүкені бар көп қабатты үйде Шәкен Аймановпен көрші тұрды. Роза апай қуырдақты, палауды баптап, дәмдеп пісіретін. Сонда Шәкен аға «Розаның қуырдағы мен палауы-ай» деп тамсана жейтіні есімде. Сосын Шәмшіні ерекше құрметтеді. Ол кісі «Мені композитор еткен Роза» деп әзілдейтін. Шәмші әндерінің сиясы кеппей тұрып, алдымен Розаға тыңдатып, орындататын. Қазақ радиосының алтын қорында әншінің 400-ден астам әні сақталып қалды, солардың 60-70 пайызы – Шәмшінің әндері. Кезінде Сәбит Мұқанов:
Киіктің үйірілген лағындай,
Ойнақшып тәтті әндерге басуын-ай!
Таулардан, өзендерден, мұхиттардан,
Үнінің кідірместен асуын-ай!.. –
деп алты Алаштың аймаңдай аруы Роза апайға жыр арнағаны, Мұхтар Әуезовтің де әнші өнеріне ерекше ықылас білдіргені көпшілікке мәлім. Апамыз біздің Спандияр Көбеев атамыздың шығармашылығымен де жақсы таныс. Менің сол кісіге туыстығым барын білетін ол «Қуантай, бір сәті келгенде сенің еліңе барғым келеді» – деуші еді. Соның орайы Спандияр атамыздың 125 жылдық мерейтойы тұсында келді. Роза апам Қостанай жұртына, менің еліме риза болып оралды. Сергей балам (Сергей Кулагинді айтқаны) оңды кісі екен деп жүрді.
– Енді өзіңіз туралы бірер сөз. Өнерге қалай келдіңіз, Роза сияқты даңқты әншінің сеніміне ие болу да оңай болмаған шығар?
– Мен 1967 жылы қазіргі Жүсіпбек Елебеков атындағы эстрада және цирк колледжін «Көркемсөз оқу шебері» мамандығы бойынша бітіріп, Мәдениет министрлігінің жолдамасымен «Қазақконцерт» өнер ордасына қызметке орналастым. 1970 жылы Мәскеуде атап өтілетін Лениннің 100 жылдық мерейтойына орай, Роза апайымыздың бригадасы гастрольдік сапарға шығатын болды. Ол кезде «Қазақконцерттің» директоры Александр Чернешов деген азамат еді. Бір күні сол кісі шақырып алып: «Роза Тәжібайқызы сені өзімен бірге сапарға жіберуді сұрайды, сондықтан дайындал», – деді. Мен күтпеген қуаныш еді бұл. Әйгілі Роза апаймен бірге жүру, Мәскеуде өтетін үлкен жиынға қатысу… Әрине, мені үлкен қуанышқа бөледі. Бірақ, әнші жұбайым Жібек екеуіміз екі бригадада боламыз, бұл жағдай біраз кедергі болды. Бірақ,  не де болса «нартәуекел» деп, апаймен бірге аттандым. Концерт тамаша өтті, он бес одақтас елден келген өнердің кілең ығай-сығайлары, игі жақсылар Роза Бағлановаға орындарынан тік тұрып, қошемет көрсеткенінің куәсі болдым. Мәскеуден абыроймен оралдық, өңіріне медаль тақты. Келген соң, мені қасынан жібермей қойды, сол жылы әншімен бүкіл Одақты, оның ішінде Украина, Молдовасы бар, Орта Азияның 4-5 жерін аралап, концерт бердік. Мен – конферансьемін. Осыдан кейінгі сапарларда да апамыз мені үнемі қасынан қалдырмайтын. Америка еліне дейін бардық қой. Әсіресе, егемендік алғаннан кейін мен Роза апамның концерттерін ұйымдастырудың басы-қасында болдым. 1991-1992 жылдардағы қиын кездерде екеуміз мектеп аралап кеттік. Сонда 25 теңгеден билет сатамыз, ол ақша қалтамызға түспейді, тапқан табыс «Қазақконцерт» қажеттіліне жұмсалады.
–Біз Роза апайдың сахнадағы бейнесіне жас-
тайымыздан таңдана қарап, талғамына тәнті болып жүрдік. Ал, сахнадан тыс кезінде апамыз қандай еді?
–Иә, апайдың болмысы бөлек-тін. Сахнаға киетін киімдерін өзі таңдаған үлгімен тіктіретін. Үйде де, түзде де талғаммен киініп, әдемі жүретін. Көптеген шет елдерде болдық, сонда ол кісі қазақтың қос етек дүрия көйлегін, қынама бел қамзолын, үкісі бұлғаңдаған тақиясын киіп, жарқ етіп, сахнаға шыға келгенде, жұрт ду етіп қол шапалақтайтын. «Бірде Ұлыбритания елінде бір үлкен басшы: «Қазақ әйелдерінің киген киіміне қарап-ақ олардың қандай халық болғанын тануға болады. Бұл киім байлық пен талғамды аңғартады» деді. Ал, сахнадан тыс кезінде апамыз мүлде қарапайым еді, бауырмал болатын. Төңірегіндегілерді «айналып, толғанып» жүретін.
–Қуаныш Өтешұлы, қазақтың маңдайына біткен тамаша әншісінің есімін ардақтап, өнерін өмірден өткен соң да насихаттауға мұрындық болуыңыз ерекше ғанибет. Әнші есімін халық жадында мәңгі қалдыру үшін қандай шаралар жүзеге асырылып жатыр?
–1996 жылы Роза Бағланованы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Халық Қаһарманы» атағымен марапаттап, сол жылы Алматыдағы «Самал-1» ықшам ауданынан 4 бөлмелі пәтер берді. Сол пәтерінде мұражайын ашып, ірі қалалардағы көшелерге, өнер ордаларына есімін беру сынды шараларды қолға алмақпыз. Қызылорда облысының Қазалы ауданының орталығындағы 400  орындық мәдениет сарайына, көшеге, мектепке Р.Бағланованың есімі берілді. Бұл іс әншінің туған жерімен ғана шектеліп қалмауы тиіс. Өткен жылдары Астана, Алматы, Көкшетау, Қостанай, Петропавл, Рудный, Павлодар қалаларында әншіні еске алуға арналған «Сағындым, апа, дауысыңды» атты ән кештерін өткіздік, оған еліміздің әйгілі әншілері қатысты.

Сәлім МЕҢДІБАЙ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар