Жақсының өзі

Қазақтың кең даласы ұлтына, еліне ер мінезімен, адамгершілік биік болмысы, іскерлік тұлғасымен танылған небір шоқтықты азаматтарды дүниеге әкелген. Осы бір табиғаттың, тектіліктің бергенінен көрікті Көкше өңірі де кенде емес.

Талай ағалар бөлек бітімі, кесек мінезімен елдіктің туын ұстай білсе, сол жандардың өкшесін басып, бұл қатарда кешегі Қызылту ауданы Май ауылының тумасы Қасымжан Қалижанұлы Тәшметов те келеді. Мынау толғауы тоқсан буырқанысты өмір адам баласының қолына ештеңені де оңай ұстата салмаған. Жаратылыстың өр жолында тегін жатқан дүние жоқ. Әркім өзінің жетсем деген биігіне ойында, бойында бар талабымен, төккен тер, сарп еткен күш-жігермен табан тірейді. Жастайынан жанына осы ұмтылысты серік етіп, өмірінің өз адал жолымен келе жатқан сондай жақсылардың бірі бүгінде ел таныған осы Қасымжан замандасымыз.
Мектеп қабырғасынан кейін дәрігер болсам деген үлкен арман-аңсары бірден Қарағанды мемлекеттік медициналық институтына алып келген. Жалғыз осы мамандықты ғана таңдамай, журналист, мұғалімдікке де бағын сынап көруіне болушы еді. Өйткені, бойынан күні бүгінге дейін осы қасиеттер де молынан табылатынын, жазуға да бір адамдай икемі бары өз алдына, талайлар ұстаздай көрер ақыл-парасатымен де ерекшеленіп тұратынын әріптестері мен аралас-құралас жандар бірден байқайды.
Осы бір тектіліктің, білім-біліктіліктің тәлімі ата-анасының өнегелі тәрбиесінен, өмірлік асыл мұраттарынан дарыған. Әкесі Қалижан мен анасы Күлжиян он баланы тәрбиелеп өсіріп, бәріне дерлік жоғары білім берген, елге сіңген еңбегі, айналасына деген мейірім-шуағымен тұтастай бір ортаның құрметтісі, ардақтысы бола білген жандар. Қасымжандай ұлдарының көкірегінде адамгершілікті, адалдықты жырға қосқан осы ақынжанды әкенің нақыл өлеңдері мен аяулы ананың жақсылыққа, көрегенділікке толы ақыл-кеңесі сөнбес шырақ болып қалған. Сол асқар таудай әкенің өмір сабағы мен тәлімі мол қос бірдей кітабын көзінің тірісінде өзгеше үміт артқан осы Қасымжаны кейін алғысөзі мен түсініктемелерін өзі жазып, баспадан кәделі дүние етіп шығаруды да ұмытқан жоқ. Ол ұлағаттың енді Қалижан әулетінің келесі ұрпақтарына да атадан балаға асыл мұра болып қалары, солардың ертеңгі жолына да ізгілік нұрын себездеп тұрары сөзсіз. Біз бүгінде көп айтатын рухани жаңғыру, ұлттық кодтың өзі әрқайсымыздың бойымызда осындайдан басталып, осындайдан тамыр тартып жатса, жаман ба?!.
Сол институт қабырғасынан кейінгі жемісті еңбек жолы Қасымжан Тәшметовты да күні бүгінге дейін талай жерге белгілі етіп, азаматтық жетілу, өсіп-толысудың небір өріне алып шықты. Алдымен өз қызметін бұрынғы Көкшетау облысының Ленинград аудандық санитарлық-эпидемиологиялық станциясында қатардағы санитарлық дәрігерден бас-
тап, осы жұмыстың қыр-сырына бойлады, тәжірибе жинақтады. Бірден іскерлік қасиеттерімен көзге түсіп, көп ұзамай Ленин, одан соң қайта Ленинград аудандық СЭС-терінің бас дәрігерлігіне жоғарылатылды. Келген жерде жаңашылдығымен, бар ынта-жігерін салып, тапсырылған іске біржола берілуімен дараланатын жоғары кәсіби білігі қызмет бабында ұдайы алға жетелемесе, кейін шегіншектете қойған жоқ. Оған бұдан әрі Көкшетау облыстық санитарлық-эпидемиологиялық станциясына, ал, облыс жабылып қалған тұста Қазақстан Республикасы Президенті Іс Басқармасының Медициналық орталығының емдік-шипажайлық көмек қызметін ұйымдастыру басқармасына жетекшілік еткен өмірінің белестері дәлел. Ал, Ақмола облысының орталығы Көкшетау қаласына қоныс аударғанда осы астаналық облыстың мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаментінің бас дәрігері болып тағайындалғаны, кейін Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы ретінде тұтастай осы күрделі саланың қам-қарекеті деп тыным таппағаны ортақ мүдде үшін талай толымды шаруалармен есте қалды.
Соның ішінде санитарлық-эпидемиологиялық салада осы қызметтің материалдық-техникалық базасын нығайтуға күш салса, денсаулық сақтау саласын басқарған кезінде инсульт орталығын ашып, жаңадан қолға алынып жатқан кардиохирургиялық бөлімшесін кеңейтіп, науқастарды дәрі-дәрмекпен қамту мәселесін жетілдіруге, медициналық көмекті неғұрлым халыққа жақын, ыңғайлы етуге ұмтылып бақты.
Мұнымен бірге, араға белгілі бір жылдар салып, Қоңыратбек Құрманбаев атындағы Ақмола облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансеріне де екінші мәрте жетекшілік етіп отырған Қасымжан Тәшметовтың осы жұқпалы дертпен күреске сіңірген еңбегі де ұшан-теңіз десек, қателеспейміз. Оның тікелей басшылығымен туберкулезді шипалы сусын – қымызбен емдеу әдісі енгізіліп, республикада науқастарды алғаш рет осы аурудың эпидемиологиялық түрлеріне қарай бөліп жатқызу ісі жүзеге асырылды. Бұған қоса, дерттерінен сауығып шыққан үлкендер үшін медициналық-әлеуметтік оңалту бөлімшелері, ал, балалар мен жасөспірімдер үшін шипажай ашылды. Айта берсе, іскер басшының еншісінде мұндай іргелі істер көп-ақ. Диспансердің ішіндегі тәртіп пен тазалық, айналасындағы көркейту жұмыстарының өзі неге тұрады. Балалар бөлімшесінде ем қабылдап жатқан бүлдіршіндерге жеке ойын алаңы мен бөлмелерін жабдықтап беруі де жас ұрпаққа деген шынайы қамқорлығының бір көрінісі болса керек. Сондай-ақ, емдеу орнына туберкулезге қарсы күресте үлкен із қалдырған осы диспансердің бұрынғы бас дәрігері, профессор Қоңыратбек Құрманбаевтың ескерткіш мүсінін қойғызып, «Мәңгілік іздер» естелік кітабын шығаруы да нағыз азаматтық іс екені даусыз.
Арғы жылы Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 25 жылдығы құрметіне Қасымжан Тәшметовтың тікелей бастамасымен ұйымдастырылған фтизиатрия мұражайын осында бір болғанымызда өзіміз де зейін қойып, үлкен қызығушылықпен тамашалап шыққанымыз бар. Шын мәнісінде, облыста осы саланың бар қалыптасу, даму жолы қамтылған керемет мұражай. Тіпті, бізге салса, Көкшетау медициналық колледжінің оқушыларын экскурсияға әкеліп тұруға болар еді. Болашақ медбикелер осында өздері таңдаған мамандықтарының қадір-қасиетін одан сайын ұғына түсеріне біз кепіл.
Осы арада жалғыз бұл мұражай ғана емес, кезінде осы азаматтың тікелей күш-жігерімен Ақмола облыстық ауруханасының жанынан Дәрігерлер аллеясының негізі қаланып, бүгінде жасыл желегі жайқалып өскен бұл саябақтың осы маңдағы өзіндік бір демалыс орнына айналғанын да айта өткен жөн.  
Қай қызметті атқарса да, Қ.Тәшметовтың бір қасиеті – қарамағындағыларды алда тұрған міндет үдесінен шығуға өзінің жеке өнегесімен, еңбекқорлығымен жұмылдырып, еліктіріп әкетуі. «Ерте тұрған еркектің бір ісі артық» демекші, соның ішінде жұмысқа да таң атпай ертелетіп келетінін бірге істейтін кей әріптестерінің лебізінен жақсы білеміз. Санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаментіне басшылық жасаған жылдары ең көрнекті қазақ тілінің кабинеті де осы мекемеде болатын. Мұның бәрі ұлтжандылықтан. Әйтпесе, өзі құрастырып, сол кезде аса қат санитарлық-эпидемиологиялық терминдердің қазақша-орысша сөздігін шығарар ма еді. Осы жылдары әкімдік мәжілістерінде облыс әкіміне өз жұмысынан қазақ тілінде есеп берген ілуде екі басшы бар болса, соның бірі біз көрген Қасымжан Тәшметов екені айдан анық. Ата-бабасының ертеден келе жатқан ер-тұрманына дейін сақтап, домбырасын жаңартып, басқа да көненің көзіндей жәдігерлермен өзінің жұмыс бөлмесінің бір қабырғасын мұражайға айналдырып қойған мұндай азаматқа осы үшін ғана басыңды исең, артық емес. Сол өткен құндылықтарымызды шым-шымдап немерелерінің құлағына құйып, білсін деп байыз таппауы да қалың елі қазағының ертеңі үшін алаң жүрегінің ыстық бір лүпілі.
Осыдан үш-төрт жыл бұрын Президенттің «Болашақ» стипендиясымен Оңтүстік Кореяға оқуға барғанында, сондағы Кенги до провинциясы мен Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасы арасында екі жақты меморандумға қол қойып, ынтымақтастық байланысты да ойлай келгені де әркімнің қолынан келе бермейтін үлкен іскерлік. Кім біледі, сол жолы орнында басқа біреу болса, оқуын оқып, тыныш жүре берер ме еді. Ал, жұмыс, жаңа жоспарлар дегенде шаршамайтын Тәшметов үшін мұндай сапарлар – істің орайын келтіруге тағы бір мүмкіндік. Ана жылдары денсаулық сақтау, әлеуметтік сала министрлерінің өздері бас болып келіп, облыста жақсы іс-тәжірибелер, туберкулезді емдеудегі оң жетістіктер бойынша өткен республикалық алқалы жиындар да сол тынымсыз еңбегінің жемісі.
Біздің ұғымымызда Қасекең нағыз кісілік келбеттің адамы. Бір бойында талайлар үлгі алар сан қасиет. Оларды тізбелесең, азаматтығы, жанының жайсаңдығы мен қазақылығы, іскерлігі мен білімдарлығы, бәрі бірдей мен мұндалап тұрады. Жұбайы Мейрамгүл да дәрігер, талай жыл осы саланың ыстық-суығын өзімен бірге көріп келе жатқан абзал жан.
Кейде өмірдің жасанды тосқауылдарына да қарағайдың қарсы біткен иір бұтағындай, ар-намысын жоғары ұстап, білдіртпей жүре беретіні бар. Осының бәрі сый-құрмет, абырой-атақтан да кенде қылған жоқ. Өз еңбегімен медицина ғылымдарының докторлығына диссертациясын қорғады. Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау саласының үздігі, басқа марапаттардың да иесі атанды. Абыройлы жетіп отырған Алпысына орай, өзіміз өнегелі өмірінен аз-кем сыр шерткен Ақмола мен Көкшенің осы бір шын игі жақсысының шығар биігі алда да аз болмағай деп сөзімізді аяқтасақ, бұл да Қасымжандай қадірлі замандасымыздың әлі де еліне, өз саласына берері мол деген берік сенімімізді аңғартқандай.

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар