Латын әліпбиіне көшу мәселесінде зиялыларымыздың басым көпшілігі өркениетті қоғам тұтынатын латын таңбалы әліпбиге көшкеніміз дұрыс дейді. Мен де бұл пікірге қосыламын. Өйткені, латын әліпбиін қазіргі әлем халықтарының жетпіс пайыздайы қолданады екен. Сондай-ақ, латын әліпбиіне негізделген ағылшын тілі халықаралық тіл, интернет және ғылым тілі болып отырғаны да шындық. Оған қоса, түбі бір түркілердің де басым көбі осы латын әліпбиін қолданады. Яғни, латын әліпбиіне көшу арқылы біз әлемдік қауымдастыққа, интернет аймағына еркін ене аламыз және Түркия, Әзірбайжан, Өзбекстан сияқты түбі бір түркі бауырларымызбен байланысымыз да нығая түседі.
Дегенмен де, бұл істе көрші өзбек бауырларымыздың жасаған қателіктеріндей жаңсақтыққа жол бермеуіміз керек. Осы орайда, «он рет өлшеп, бір рет кескеніміз» жөн болады. Рас, қазір латын әліпбиінің қазақ тілінде қолданатын нұсқаларын ұсынып жатқандар аз емес. Бұл Парламентте талқыланып, күні кеше Елбасына соңғы нұсқалары ұсынылды. Осыған орай, өз пікірімді білдіре кеткім келеді.
Диграф, яғни бір дыбысты екі таңбамен беру тәсіліне өз басым қарсымын. Оның орнына дәйекше, яғни үтір, сызықша, ноқат таңбалары арқылы төл әріптерімізді таңбалау тәсілін енгізген жөн деп санаймын. Үтір, ноқаттан гөрі, сызықшалармен белгілеген дұрыс болар еді. Сонымен бірге, ұсынылған нұсқадағы у, і, ы, ж дыбыстарын айқындап, нақтылай түскен дұрыс деп білемін және ц дыбысын алып тастаған жөн болмады. Өйткені, орыс тілінен және халықаралық термин арқылы келген сөздерде ц дыбысы қолданылады.
Әрине, бұл мәселенің соңғы нүктесін тіл мамандары қоятыны белгілі, десе де, қарапайым жұртшылықтың ұсыныс, пікірлерін де ескеру қажет деп санаймын. Сондықтан, еліміздің болашақ дамуына елеулі әсерін тигізетін әліпбиімізді айқындағанда асығыстық пен жаңсақтыққа жол бермеуіміз қажет.
Сәбит ЖӘМБЕК, филология ғылымдарының кандидаты, доцент.