«Скайп» арқылы байланысқа шықты

Кеше «Нұр Отан» партиясы Ақмола облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Мәлік Мырзалин облыстық филиал ғимаратында азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдау жүргізді.

Облыс әкімінің қабылдауына келген азаматтардың мәселелері жан-жақты болды. Тұрғындардың бірі мемлекеттік бағдарлама арқылы баспана ала алмай жүргенін айтып, көмек сұраса, енді бірі жолдардың сапасыздығы, мектепке жөндеу жүргізілмей жатқандығын алға тартты.
Мәселен, облыстық қан орталығының қызметкерлері Марина Гончаренко, Рази-на Салихова мен Азамат Сағадиев облыс әкімінен пәтер мәселесін шешіп беруді өтінді. Олардың айтуынша, қаншама жылдардан бері медицина қызметкерлеріне мемлекеттен баспана беріліп келе жатқанымен, облыстық қан орталығының қызметкерлеріне бірде-бір пәтер үлестірілмеген. Облыс басшысы Мәлік Мырзалин бұл азаматтардың уәждерін тыңдай келе, мемлекеттен берілетін тұрғын үй міндетті түрде кезек бойынша заң аясында үлестірілетінін жеткізді. Жыл басынан бері әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға 135 пәтер тапсырылса, жыл соңына дейін «Бәйтерек» бағдарламасы арқылы 45 пәтерлі бес тұрғын үй пайдалануға беріледі деп күтілуде.
– Облысымызда медицина мамандарының жетіспейтіні рас. Сол себепті, өңірімізге дәрігерлердің жұмысқа келуі үшін оларды баспанамен қамтамасыз етуіміз қажет. Бүгінде облыста 132 медицина қызметкері тапшы, – дей келе, облыс әкімі Мәлік Мырзалин қазіргі таңда облыс орталығында Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшыларына арнап тұрғын үйлер көптеп салынып жатқанын айтып, Көкшетау қалалық әкімдігіне аталған мәселені шешудің жан-жақты жолдарын қарастыруды тапсырды.
Одан әрі қабылдау онлайн тәртібінде өрбіді. Астрахан, Ерейментау, Есіл аудандарының тұрғындары облыс әкіміне скайп арқылы сауалдарын жолдап, өтініштерін білдірді. №4 Жалтыр орта мектебінің мұғалімі Александр Янченко Астраханка ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу туралы мәселе көтерді. Құны 279 миллион теңге тұратын бұл жобаны облыс әкімі бірден қолдап, құрылыс келесі жылы бас-талады деп шешілді. Ал, Еркіншіліктен 40-шы бекетке жеткізетін 42 шақырымдық жолдың күрделі жөндеуді қажет ететінін айтқан ерейментаулық зейнеткер Майдан Бақбергенов «Әуелі аталған жолды жөндеудің жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеу қажет» деген жауап алды.
Қабылдауға скайп арқылы қосылған Есіл аудандық білім бөлімінің басшысы Нұрлан Саматовтың айтуынша, Красивинка орта мектебі бүгінде күрделі жөндеуді қажет етеді. Білім ошағы 1972 жылдан бері ешбір жөндеу көрмеген. Осы күні мектепте 241 оқушы білім алуда. 2015 жылы білім ошағын жөндеуден өткізу туралы құны 151 миллион теңге тұратын жобалық-сметалық құжат әзірленген екен. Облыс әкімі мәселемен толық таныса келе, келесі жылы мектепке жөндеу жұмыстары жүргізілетінін айтты.   

    «Арқа ажарының» өз ақпараты.

Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар