Біз әлемдегі абыройлы елміз!

Соңғы күндері Қырғызстан Президенті Алмазбек Атамбаевтың біздің еліміз, Ұлт Көшбасшысы, халқымызды жарқын болашаққа бастап келе жатқан  кемел ойлы кемеңгер  Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев туралы айтқан дәйексіз, сыңаржақ пікірі ел ішінде қызу талқылануда. Әрі көпшіліктің орынды ашу-ызасын туғызуда. Осы орынсыз уәжге орай, әуелі өз пікірімізді азамат ретінде айтуды парыз санап отырмын.
Қазақ-қырғыз төскейде малы қосылған, тарихы ұқсас, мақсат-мүддесі бір екендігі әлмисақтан белгілі. Қай заманда да бір-біріне деген достық пейілі еш тарылып көрген емес. Қырғызстанның Президенті Алмазбек Атамбаевтың да күні кешеге дейін Қазақстан туралы пікірі дұрыс болатын. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың әлем елдері, олардың көшбасшылары арасындағы биік беделі жайлы тамсана айтқандығын талай естіген болатынбыз. Енді бүгін осыншама қаралауды үйіп-төгіп, таусыла сөйлегеніне таң қалып отырған жайымыз бар. Шамасы мұның арғы астарында сайлау алдындағы құйтырқы саясат жатса керек.
Атамбаевтың алдында «біздерде мынандай бар, мынандай бар» деп ақталуының еш реті жоқ. Жалпы менің ойымша, бір адамның пікірі барлық қырғыз халқының көзқарасын білдіре алмайды. Ал, Атамбаев алжасты екен деп түп тамыры бір, тағдырлас қырғыз іргедегі ағайын қазақтан қол үзіп кете қоймас. Солай бола тұра, қазақ еліне қарата айтылған алауыздық тудыратын алты ауыз сөздің екі елдің арасындағы бірлікке сызат түсіруі әбден мүмкін. Қазіргі күні халықаралық сарапшылар ресми Бішкектің Алмазбек Атамбаевтың парасатсыз пікірі үшін кешірім сұрауы қажет деп жатыр. Ең дұрысы осы және кешіктірмей ат шапан айыбын тартып, кешірімді жедел сұрауы керек.
Біздің елімізде тәуелсіздік жылдары экономикамыз жиырма есе өсіп, қуатты қарқынмен дамып келеді. 2012 жылы Қазақстан әлемнің озық елу елінің қатарынан ойып тұрып орын алды. Соңғы жылдары Индустриалдық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында жаңа өнеркәсіп орындары салына бастады. Алысқа бармай-ақ, өз облысымыздың ажарына назар аударайықшы. Өткен жылы да, биылғы жылы да жаңа технологияларды қолданып, ғылыми айналым жүйесін жетілдірудің арқасында елдің негізгі байлығы – астықтан рекордтық деңгейде өнім алынды. Облыс орталығында жаңа мөлтек
аудандар салынып, мыңдаған адамдар жаңа пәтерлерге қол жеткізді. «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында облыс орталығының іргесіндегі Краснояр селосының жанынан тұтас елді мекен салынды.  Әр жыл сайын облыс аумағында жаңа мектептер, балабақшалар, денсаулық сақтау саласының нысандары бой көтеруде. Өзім етене жақсы білетін облыстағы денсаулық сақтау саласын айтатын болсам, бар жақсылық көзге көрініп тұр емес пе? Бұрын-соңды шалғайдағы облыс орталығында жүрекке ота жасап көріп пе едік. Қазір ауруханалардың осы заманғы медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуінің арқасында осындай жетістіктерге қол жеткізіп отырмыз. Осының барлығы тәуелсіздік жылдары қол жеткізген табыс емес пе? Астанадан Көкшетауға дейінгі таспадай тартылған тас жолды қараңыз, осындай жол бұрын-соңды болып па еді. Облыс орталығында жүк машиналары, астық комбайндары шығарыла бастады. Тіпті, кемеліне келді деп жүрген кешегі кеңес заманында осындай іс атқарылып па еді?
Қысқаша қайырып айтқанда, тәуелсіздік алғаннан бері табысымыз толымды, жетістігіміз аз емес. Сондықтан, Атамбаевтың пікірі түпкі тамыры құйтырқы саясатқа байланған сөз деп ұғамыз. Жаратқанға шүкіршілік, барымызды ешкім жоққа шығара алмайтыны белгілі. Ал, көршінің көргенсіз сөзіне орай жүйесіз сөз иесін табады дегеннен басқа не айтуға болады.

Болат ЖАНӘДІЛОВ,
Көкшетау қаласының құрметті азаматы.  

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар