Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ұлт болашағы үшін атқарылар игіліктер - АРҚА АЖАРЫ

Ұлт болашағы үшін атқарылар игіліктер

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы көптің көкейіндегі ел болашағы туралы ойларға қозғау салып, осы күні елімізде басты міндеттерді талдау қызу жүріп жатыр. Осы орайда, мақалада көтерілген қазіргі жаһандану заманында әлемдік жаңа технологияны терең меңгеру, сол арқылы бәсекелестікке қабілетті ел болу ең басты қажеттілік, әрі міндет болып табылады.

Алайда, әлемдік ақпараттық технологияларды сауатты үйренумен бірге өзіңнің ғасырлар қойнауынан бастау алатын өзіндік салт-дәстүрі, тарихы, таным-білігі қалыптасқан, жаңғыруда көрсетілгендей өзіндік ұлттық ерекшелігі – ен-таңбасы (коды) бар қазақ екеніңді, тіліңді, діліңді, дініңді, әдет-ғұрпыңды, асыл қазынаң – ғасырлар үрдісінде қалыптасып, өркен жайған жалпы халықтық әдебиетіңді, төл мәдениетіңді ұмытпағаның жөн. Ал, болашағымыздың тірегі – жас ұрпаққа қойылатын бұл басты талап ұлттық тәрбие арқылы жүзеге асуға тиіс. Ол үшін таяу жылдарда атқарылатын басты міндеттер де атап көрсетілді. Соның ең маңыздысының бірі – қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру міндеті. Әрине, бұл тосыннан қойылып отырған мәселе емес, көптен айтылып, жан-жақты талқыланған мәселе.
Ресми түрде Мемлекет басшысы бұны 2012 жылғы «Қазақстан-2050» Стратегиясында айтқан болса, осы «Рухани жаңғыру» бағдарламасында сөзден іске кірісудің нақты мезгілін атап көрсетіп, 2017 жылдың аяғына дейін ғалымдар көмегімен қазақ әліпбиінің жаңа графикадағы біріңғай стандартты нұсқасын қабылдау жөнінде нақты тапсырма берді. Ендігі кезекте 2018 жылдан жаңа әліпбиді үйрететін мамандарды және орта мектептерге арналған оқулықтарды дайындау міндеттеліп отыр.
 Елбасының осы тапсырмасын жүзеге асыру жолында талай ұсыныстар жариялануда. Олардың біразымен таныса отырып, өз басым «Ана тілі» апталығында 18-24 мамырдағы  №20 санында  жарияланған, осы игілікті іске тікелей басшылар, тіл мәселесіндегі өзіндік орны бар ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының  президенті Өмірзақ Айтбайұлының, А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Ерден Қажыбектің, А.Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институтының Бас ғылыми қызметкері, филология ғылымының докторы, профессор Әлімхан Жүнісбектің «Қазақтың ұлттық ен-таңбасының (кодының) бірі – ұлттық жазу» атты жобаны, өздері атап көрсеткен «Ұлттық жобаны»  толығымен қолдай отырып, әсіресе, ендігі жерде, авторлар ұсынған  әліпбиді бір ғана жарлықпен, кезіндегі Түрік республикасының президенті Кемал Ата Түрік сияқты Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бұйрығымен бекітіліп, сол адамның бас болып үйретуімен бастаған жөн деп білемін. Сонда ғана бұл жоба құзырлы құжат болып, мемлекет қызметкерлерінің жауапты ісіне айналады.
Мемлекеттік тілді өз дәрежесіне жеткізу заңнамасына өзгеріс енгізіп, мемлекеттік тіл елдің атына ие қазақ тілі екендігі, мемлекеттік тілге елтаңба, ел ұран, еліміздің көк байрағы сияқты рәміздер қатарында ерекше құзыреттілік беріліп, үкімет құжаттары алдымен сол тілде жасалып, содан кейін басқа тілге аударылса дегіміз келеді. Әрі ана тілімізді барлығының құрметтеу қажеттігі арнайы құжатпен бекітіліп, оны жүзеге  асырмағандар айыпталғаны ләзім деп білеміз. Әйтпесе, мемлекеттік тіл бүгінгі таңда өз деңгейінде тұр дей алмаймыз.
Осы орайда айта кететін мәселе, латын графикасына көшкенде жазылуы мен оқылуы тұрақсыз ағылшын нұсқасынан гөрі түрік, неміс үлгілерін қабылдаған жөн деп есептейміз. Сондай-ақ, қазақ тілінің 1929 жылы кириллицаға көшкен, 1940 жылға дейін қабылданған жобадағы төл дыбыстарымыз «ә», «ө», «қ» таңбалары қалып, «у» дыбысы сондағыдай «и»-мен белгіленсе жөн демекпіз. 1929 жылдан бастап 1940 жылға дейін қолданылып келген латын әліпбиін жасауда сол кездегі қазақ ғалымдарының бәрі дерлік қатысқан және ол көптің пікірімен санаса отырып қабылданған нұсқа болып табылады. Осы мәселе латын әліпбиінің соңғы нұсқасын бекітуде ескерілсе деген тілегіміз бар.
Сөз соңында айтарым, латын әліпбиі қазаққа жат емес. Өткен ғасырдың 30-40-шы жылдары латын қаріптері қазақ елінде қолданыста болған. Сондықтан, одан үркіп, жатсынудың қажеті жоқ. Керісінше, ол қазақ тілінің әуезділігін сақтап, кейбір артық-ауыс әріптерден арылтады. Сондай-ақ «жазу-сызусыз» халық деген сөз «жабайы, мешеу, телмірінді, тілі дамымаған, төменгі санаттағы халықтар» дегеннен де ада боламыз. Одан бөлек, латын әліпбиі арқылы Қазақстан әлемдік қауымдастыққа жаңа бағытта қадам басады. Тек, бұл мәселеде асығыстыққа жол бермей, латын қаріптерінің қазақстандықтар үшін ең тиімді және өте ыңғайлы нұсқасын таңдап алу қажет.

 Аманжол ЕСМАҒҰЛОВ,
филология ғылымдарының  кандидаты,  Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау  мемлекеттік университетінің доценті.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар