«Үздік педагог-2017» республикалық байқауына Ақмола облысынан қатысқан Көкшетау қаласындағы №17 орта мектептің химия және биология пәнінің мұғалімі Серік Қошанов, Степногорск қаласындағы Абай Құнанбаев атындағы мектеп-гимназияның биология пәнінің мұғалімі Александр Кинцель, Көкшетау қаласындағы №11 «Арай» бала бақшасының музыкалық жетекшісі Әсел Қалиева, Щучинск қаласындағы жоғары колледждің арнаулы пәндер мұғалімі Антон Лазорский «Үздік педагог-2017» құрметті атағына ие болып, облыс мерейін бір көтеріп тастады.
Облыстық деңгейдегі іріктеу сайыстарында мұғалімдер ашық сабақ өткізіп, жиырма минуттың ішінде тақырыпты ашып, жаңа оқу әдістемесін игеріп, көрнекі құралдардың, аудио және бейне жазбаларды пайдаланып үлгілі сабақтар өткізуге тиісті болатын. Республикалық деңгейдегі байқау ұстаздардың қатысуынсыз өтті. Оған мұғалімдер өздерінің біліктілігін айғақтайтын сертификаттарын, әртүрлі байқауларда, олимпиадаларда жеңімпаз болғандығы туралы деректерін, бұқаралық ақпарат құралдарында шыққан ғылыми монографиялары мен мақалаларын ұсынған болатын.
Еңбектері жанды. Арнайы сыйлық иегерлері мың орташа айлық көрсеткіш көлеміндегі сыйлыққа ие болды. Жеңімпаздар енді бес жылдан кейін ғана осындай байқауға қатыса алады.
Редакция поштасына қуанышты хабар мен облыстық білім басқармасының басшысы Талғат Жүнісовтың құттықтауы да келіп түсті. Онда былай делінген:
«Құрметті әріптестер! Сіздердің игі еңбектеріңіз қоғамда құрметке ие, ол жоғары кәсібилікті, орасан зор рухани күшті, даналықты, шыдамдылық пен жігерді талап етеді. Өздігінше ойлауға, дұрыс шешім қабылдауға, өз таңдауына жауапкершілікпен қарауға сіздер үйретесіздер.
Ақмола облысы әрқашан да өз ұстаздарын мақтан етеді. «Үздік педагог-2017» конкурс жеңімпаздарын тамаша нәтижелерімен шын жүректен құттықтаймын. Сіздерге, құрметті жеңімпаздар, өскелең ұрпақты қалыптастыруға бағытталған белсенділік танытқандарыңыз үшін, өз кәсіби міндеттеріңізге адалдықтарыңыз, баға жетпес өмірлік тәжірибелеріңіз үшін зор алғысымызды білдіруге рұқсат етіңіздер. Сіздерге одан әрі шығармашылық және кәсіби табыстар тілейміз».
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Суретте: «Үздік педагог-2017» республикалық байқауының жеңімпаздары.