«Ел бірлігі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бақыт СМАҒҰЛ: «Біртұтас ұлт болу – бүгінгі күннің басты қалауы»

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Егемен Қазақстанда» жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы халықтың үлкен толғанысын тудырып, қоғамдық сананы серпілткен келелі идея болғаны анық.

Қазір жер-жерде осы рухани жаңғыру бастаманы жүзеге асыру мақсатында елдің құлшынысын тудырған іс-шаралар көбейді. Ақмола облысының «Ел бірлігі» қоғамдық бірлестігі Мемлекет басшысының рухани жаңғыру жөніндегі мақаласын насихаттау және түсіндіру мақсатында ұйымдастырылған арнайы әлеуметтік жобаны жеңіп алып, осы бағытта айтарлықтай жұмыстар атқарып, қысқа мерзім ішінде біраз шараларды өткізіп үлгерді. Газетіміздің тілшісі аталған қоғамдық бірлестіктің төрағасы Бақыт Смағұлмен жолығып, атқарып жатқан жұмыстары туралы айтып беруін сұраған еді.

– Бақыт Қайыржанұлы, Елбасының рухани жаңғыру жайлы мақаласы баршамыздың көкейіміздегі еліміздің болашағы үшін маңызды өзекті мәселелерді дөп басқаны белгілі. Тәуелсіздігінің ширек ғасырлық тарихы бар Қазақ елі үшін бұл келелі идеяның маңызы неде деп ойлайсыз?
– Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы ұлтты біртұтас мүддеге жұмылдыратын өміршең идеяға айналған ұлы бастама. Сосын да ол ұшқан құстың қанаты талып, жүгірген аңның тұяғы тозатын кең сахараға лезде тарап,  үлкеннің де, кішінің де санасын серпілткен жайы бар.
Осы ғасырдағы ұлттық сананың шынында  да әлемнің бұлыңғыр сипаттарға  толы кезеңінде  өзінің өркениеттік талабымен  қалыптасуы аса қажет екенін жоққа шығармасақ керек.  Біз әлі де тар ауқымда қалып, өзіміздің  ұлы дала  көшін алға сүйреген бабалардың  жұрнағы екенімізді анық таныта да, дәлелдей де алмай келе жатқанымыз жасырын емес. Елбасы азат ел болып әжептәуір жаңғырған  қоғамның өз тамырын  тарихтың тереңде жатқан құндылықтарынан алып, жаңа тұрпатты жаңғырудың ұлттық арналарымен астасу аса қажет екенін атап көрсетеді. Сөйтіп, бұл жаңғыру  елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр алмаса, ол адасуға бастайтынын баса айтады.
Демек,  біз өткен тарих көшінде  ұлт болып қалыптасқан рухани құндылықтарымыздың жақсы сипаттарын санаға сіңіруге көбірек ден қойып, жақсы қалыбымыз арқылы  әлемдік өркениетке  қадам басқанда ғана  ұтатынымыз көп болар еді. Ал, біз әлем халықтарымен  қалай, қай жағынан  бәсекелесе аламыз. Бұл да көкейтесті сауал екенін білеміз. Біздің ұлтта кез келген халықпен терезесін теңестіре алатын сипаттар баршылық. Бірақ,  олардың бірі көмескі тартып,  кейбірі ғана себезгілеп көрініс тауып жатады.
Алаштың ғасырлар бойы бодандықта түссе де,  еңсесін төмендеткізбеген  рухын жоғалтсақ, біз жаңа сана  қалыптастыра аламыз ба? Әрине, жоқ. Сондықтан, біздің ұлттық рухымыз біртұтас ұлт қалыптастырудың негізгі өзегіне айналуы тиіс. Иә, азаттық алғанымызға ширек ғасыр уақыт өтті. Біз «алдымен – экономика, сосын – саясат» деп еліміздің экономикалық тұрғыдан жедел дамуына барынша жете көңіл бөлдік. Өстік, өркендедік, бірақ, рухани жаңғырусыз алға аяғымызды нық баса алмасымыз анық жай еді. Әсіресе, ұлттық жаңғырусыз, қазақ қоғамын кемелдендірмей, еңсені тіктеу еш мүмкін емес екенін уақыт анық көрсетіп отыр.  Біздің тойып жеген тамағымыз тәнімізді ғана қанағаттандырып, жанымыздың, рухани болмысымыздың қажеттілігін өтей алмасы ащы да болса шындық.
Өмірдің өзегіне айналған бұл келелі бастама әр адамның жүрегіне сенім сәулесін ұялатқанының бір сыры да осы болса керек. Сондықтан, біз де рухани жаңғырудың заманауи құндылықтарын жүзеге асыру үшін бар ынта-ықыласымызбен жұмыс істейтін боламыз.  Елбасы осы мақаласында: «Біз жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерді қайта түлетуіміз керек» деп атап көрсетті.
 Бүгінде төрткүл дүние аласапыранға толы күндерді бастан өткеруде. Мықтылардың аты озып, әлсіздердің көш соңында шаң қауып қалатын шағы көрініс берген кезде біз қандай сипатымызбен өз орнымызды айшықтап ала аламыз? – деген сауал ешкімді бейжай қалдырмасы анық. Сондықтан, бүгін рухани жаңғыру идеясын жүзеге асыру мақсатында қандай қағидаттарға назар аударатынымыз аса маңызды дер едім. Рухани жаңғыру ұлттық болмысымызды жаңаша сипатта қалыптастыру, тарихымызды түгендеп, өткенімізден сабақ ала отырып, болашаққа қарышты қадам басудың қамын жасауды білдіреді.
– «Ел бірлігі» қоғамдық бірлестігі рухани жаңғыру тақырыбындағы іс-шараларды ұйымдастыру, насихаттау жөніндегі әлеуметтік жобаны жеңіп алған екен. Осы жайлы нақтырақ айта кетсеңіз.
– Биылғы жылдың шілде айынан бастап облыстық ішкі саясат басқармасы жариялаған Елбасының рухани жаңғыру жөніндегі мақаласын кеңінен насихаттауға арналған әлеуметтік тапсырыс бойынша жұмыс істеп келеміз. Өткен екі-үш айдың ішінде ондаған үлкенді-кішілі шаралар өткіздік. Алдымен Елбасы мақаласын жұртшылық арасында кеңінен насихаттау және түсіндіру мақсатында арнайы насихат тобы құрылды. Оған осы елге, Көкше жеріне танымал тұлғалар мен жастардың өкілдері енгізілді.
Жоба аясында «Көкшенің киелі жерлері – ерлердің қасиетті мекені» және «Рухани жаңғыру – ұлтты ұйыстыратын ұлы құндылық» деген тақырыптарда облыстық деңгейде екі ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырдық. Бір айта кететін жай, алғашқы шарада Елбасы өз мақаласында айшықтап айтқан киелі жерлердің тағылымын арттыру мәселесі көтерілген еді. Конференцияда ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері Арқа жеріндегі тарихи ескерткіштер жайлы соны ақпараттар ұсынды.
«Рухани жаңғыру – ұлтты ұйыстыратын ұлы құндылық» атты конференция  Мағжан Жұмабаев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханада өтті. Конференция өтетін залда тізе бүгер орынның болмауы жұртшылықтың бұл шараға қаншалықты үлкен қызығушылық танытқанын айғақтаса керек. Көкшенің зиялы қауымы, шығармашыл ұйымдар мен ғалым ұстаздар оған белсене қатысты. Біз осы шара барысында «Ел бірлігі» қоғамдық бірлестігінің әлеуметтік жоба аясында рухани жаңғыру тақырыбына дайындаған бейнероликтерімізді көрсеттік. Онда Көкшенің аңыз болған жәдігерлері мен жаңа заманның сипаттарын бейнелейтін жаңалықтары паш етілді. Алдағы уақытта бұл бейнероликтер жергілікті телеарналар мен әлеуметтік желілер арқылы да таратылатын болады.
Жиында баяндама жасаған шешендер аталмыш шараның маңыздылығына  тоқталып, Елбасының рухани жаңғыруға байланысты көтерген идеясының уақытпен үндесіп жатқанына назар аударды. Сананың ең төмені – пендешілік сана екенін, біз әлі де ұлттық санаға жете алмай келе жатқанымызды философия тілімен жеткізгендер көп болды.
– Рухани жаңғыру жайында аз айтылып, жазылып жатқан жоқ. Дегенмен, оны халық санасына сіңіру, жұртшылыққа кеңінен тарату қалай жүргізілуі қажет?
– Конференция қатысушылары бір ауыздан рухани жаңғыруды әркім өзінен бастау керек деген үндеу тастады. Бұл алқалы жиында құрғақ айтылатын пікір болып қалмауы керек деген ұсыныс-тілектердің  жаны бар. Көсіліп сөйлеп, ертеңгі күні айтқанымыз сол жерде қалып жатса, ол  дұрыс болмас еді. Сондықтан, біз «Рухани жаңғыру – ұлтты ұйыстыратын ұлы құндылық» ғылыми-практикалық конференциясы барысында көтерілген ұсыныстар мен пікірлер негізінде қолға алатын іс-шаралар жоспарын жасап, бекіттік. «Ел бірлігі» қоғамдық бірлестігінің мүшелері қатысып, арнайы жиын өткіздік.
Осыған орай, Көкшетау қалалық білім бөлімімен осы тақырыпта тәрбиелік жұмыстар жүргізуге ықпалдасу мақсатында арнайы ынтымақтастық жасасу көзделген еді. Ондағы ой, білім беретін мектептерде ұлттық тілдің қолданылу ауқымын кеңейтуге атсалысу. Көкшетау қалалық білім бөлімінің басшысы Бейбіт Жүсіповпен кездесіп, ұсынысымызды жеткіздік. Ол кісі бұл ұсынысты құптап, енді меморандумға қол қою ғана қалды.
Сонымен бірге, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Мәңгілік ел» идеясын және басқа да стратегиялық басымдықтарын жүзеге асыру үшін қоғамдық бірлестік Жарғысының 2-бабы 2.1 және 2.3 тармақшаларында көрсетілген міндеттерді назарға ала отырып,  Көкшетау қаласындағы білім және тәрбие беретін мекемелерде бірлескен шаралар ұйымдастыру, оның ішінде, жаңа оқу жылының басталуына орай «Рухани жаңғыру» тақырыбында оқушылар мен ұстаздар арасында танымдық кездесулер өткізу, ата-аналар мен ұстаздар жиналыстарына қатысып, Елбасының рухани жаңғыру мақаласын түсіндіру,  білім ордаларында тілдік ортаның қалыптасуын, мемлекеттік тілдегі білім мекемелерінде сабақтан тыс уақытта да оқушылардың өз ана тілдерінде сөйлеуін жан-жақты назарға алу сияқты мәселелер қамтылған.
Жуырда осындай алғашқы кездесу Сәкен Жүнісов атындағы Көкшетау мектеп-лицейінде өтіп, жоғары сынып оқушыларымен пікір алмастық. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтылған бастамалардың бірі ретінде ұлттық құндылықтарды жас ұрпақ арасында кеңінен насихаттау мақсатында жергілікті тарихи маңызы бар киелі ескерткіштер мен орындарға танысу шараларын ұйымдастырылуына жергілікті білім мекемелерінің назарын аудару аса қажет деп санаймыз. Осы арқылы жас ұрпақтың бойында өз туған жерін құрметтеу сезімін орнықтырар едік. Өткен тарихты және өз туған өлкесінің тарихын білмей өскен ұрпақ ертең біздің жарқын болашағымыз болады деу қиын.
– Елбасы мақаласындағы латын әліпбиіне көшу жөніндегі бастамасы да қоғамның ынта-ықыласын өзіне аударуда. Бұл жөніндегі  сіздің ойыңыз қандай?
– Шыны керек, біз әлі де болса,  көпұлтты мемлекеттің ырғағымен келе жатырмыз. Елбасы талай айтқан қазақ ұлты мен тілінің айналасына топтасу мәселесі ендігі уақытта сөз жүзінде емес, іс жүзінде орнығуы қажет. Басқа ұлттар біздің осы ұлттық-рухани  құндылықтарымызды терең сезініп, оларды қазақтың ұлттық арналарына тоғыстырғанда ғана бұл жаңғыру өзінің нәтижесін береді деп санаймын.
Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев түріктің бір жұрнағы – қазақ  жұртын өркениет биігіне көтеріп, азат та, тәуелсіз ел етемін деп жатқан кезінде халықтың ортақ мұрасын жаңғырту кемел ойға, келелі міндетке жетелейтіні анық. Қазақтың ұлан-ғайыр даласында азаттық туының желбірегеніне де ширек ғасыр уақыт болды. «Алдымен экономика, сосын саясат» деген ұранмен өмір сүріп,   керуеніміз алға озғанын жоққа шығара алмасақ керек. Енді рухани жаңғыру болашаққа меңзелген бағдарымызға айналғанда кемшін түскен тұстарымыздың кем-кетігін толтырып, жаңа заманға лайық бет-бейнемізді түзесек деген мақсат кез келгенімізге терең ой салуы қажет.
Рухани жаңғыру – бұл жан дүниемізді тазартуды ғана білдірмесе керек. Ол бар болмысымызды да көштен қалмайтындай, ісіміз сөзімізден алда жүретіндей жаңаруды, жандануды талап етеді. Бүгінде барша қоғамның қызу талқысын тудырған латын әліпбиіне көшу мәселесінің астарында да рухани тұрғыдан әр қазақтың ішкі жан-жүрегі – тілін жаңа жазуға ауыстыру арқылы ұлттық бірегейлігін сақтай отырып, саяси кіріптарлықтан арылу мүмкіндігі жатқанын көреміз.
Қазақтың жазуы осылай екінші рет латын әліпбиіне көшуді бастан өткеріп отырғаны тегіннен тегін емес деп ойлаймын. Себебі, тіл – ұлттық бірегейлігіміз бен біртұтастығымыздың айнасы. Сосын да  мемлекеттік тілді кирилл әліпбиінен латын жазуына ауыстырып жатқан тұста кейбіреулерімізді күдікке, енді біреулерімізді сенімге жетелегені айқын байқалып отыр. Меніңше, латын жазуын енгізудің астарында өміршең талаптар көбірек жатқан сияқты.
Біз латын жазуына көшу арқылы нені ұтамыз, неден ұтыламыз деген орынды сауал туындайтыны тағы анық. Біріншіден,  бүкіл әлемдік инновациялық технологиялар мен коммуникациялар терминдерінің латын әліпбиімен жазылатынын ескерсек, бұл жағынан біздің сол терминдерді алғашқы түпнұсқа қалпында қабылдау мүмкіндігі туатынын  ұмытпаған жөн. Осы тұрғыдан алғанда, латын жазуы қазақ тілінің қолданылу кеңістігін кеңейте түседі деген сенім алдымен ауызға алынады.
Екіншіден, бізге түрік әлеміне жақындап, арадағы рухани қарым-қатынас бұдан да жақсы деңгейге көтеріледі деген үміттеміз. Бір деректерге жүгінсек, дүние жүзінде түрік жұртының саны 250 миллиондай болса, оның 100 миллионнан астамы латын жазуын қолданады екен. Ал, қалғандары – араб, 17 пайызы – кирилл әліпбиін қолданады. Бір ескеретіні, жаңағы он жеті пайыздың негізін біздер – қазақтар құрап отырмыз. Сонымен бірге, әлемге тарыдай шашыраған қандастарымыздың  80 пайызы латын әліпбиінде жазып, оқиды.
Әрине,  біздің отандастарымыздың  латын жазуына көшу жөніндегі жаңалыққа қорқынышын  білдіріп жатқанын түсінуге болады. Бәрін біз бүгінгі күннің қам-қаракетімен ойласақ та, болашақта бұл бастаманың дұрыстығына анық көз жеткізетін боламыз.  Сондықтан, «сабақты ине сәтімен» жалғасатын, басында қиындығы аяқты орап, сосын жақсылығы қатар жүретін ертеңгі күннің де ел үшін маңызды тұстарын естен шығармаған абзал. Ол үшін ең алдымен, өз қандастарымыз бұл бастаманы қолдап, ал, басқалармен психологиялық тұрғыдағы дайындық жұмыстары кеңінен жүргізілуі тиіс.
Үшіншіден, біз соңғы бір ғасыр бойы бар тілдік бай қорымызға енген кирилл таңбалауынан іргемізді аулақ салып, дыбыстық жүйемізге еріксіз енген бөтен дыбыстардан арылатын боламыз. Мысалы, қазақтың біртума ұлы Мұстафа Өзтүрік туған Отанына оралған жылдары ағылшынның чампион сөзін сол қалпында айтушы еді. Біз бұл кісі неге бұрмалап айтады  деп ойлайтынбыз. Сөйтсек, ол емес, біз екен қателескен. Шеттен енген сөздердің бәрі осылай орыс сөзіне айналып барып, бізге әбден көбесі сөгіліп, бұзылып барып енеді екен ғой.
Елбасы сонау 2006 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында сөйлеген сөзінде: «Әлбетте, біз бұл жерде асығыстыққа бой алдырмай, оның артықшылықтары мен кемшіліктерін зерделеп алуымыз керек» деген еді. Бірақ, латын жазуына оралудың аса қажеттігін де атап көрсеткен болатын. Біздің осы арқылы саяси да, рухани да дербестігімізді нығайта түсетіндігімізді айтқаны есте. Араға он жыл салып бұл мәселе біздің қоғамның талқысына қайта түсті.
Иә, көзіміз үйренген кирилл әліпбиінде қала беруге де болар еді. Бұдан қазақ тілінің ұлттық болмысымызға негізделген тілдік ортасы мен әлеуеті қарқынды дами түседі десек қателесетін сияқтымыз. Жаңа инновациялық технологияның терминдері бұрынғысынша бізге орыс тілі арқылы келуін тоқтатпайды. Бүлінген дыбыстық жүйеміздегі жағдай қордалана береді. Көз үйренгесін, кирилл әліпбиі біздің тілдік жүйемізге оңтайлы келетін сияқты көрінгенімен, бірақ, бұл  олай емес қой. Сондықтан, біз латын жазуын ең бірінші өзіміздің саяси да, рухани да дербестігіміз үшін қызмет ететінін сенім тұрғысында қарастырғанымыз жөн.
– «Ел бірлігі» рухани жаңғыруды қолдау жөнінде жұртшылыққа арнаған үндеу қабылдағаны белгілі. Онда не жайында айтылады?
– Рухани жаңғыру деген ұғымның өзі ұлттық болмыс-бітімімізді, сана-сезімімізді жаңа заманға лайықтап жаңғыртуды, кемелдендіруді білдіреді. Елбасының сөзімен айтсақ: «Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр алмаса, ол адасуға бастайды» делінеді.
Үндеу мәтіні негізінен Елбасының бастамасын қолдауға арналады. Онда: «Біз ұлттың рухани арнасынан алшақтаудың аз-ақ алдында тұрған елміз. Ұлттық түп тегімізге иіліп, оның тұңғиығы терең сырларына қанығу мақсатында қасаң қағидалар мен көзқарастардан арылуымыз керек. Қазақтың тәуелсіз бұл қасиетті елінен басқа бізде туған Отан жоқ, болмайды да. Жаһанданудың араны ашылған уақыт тезінде жүрісімізден жаңылып қалмай, бағдарымызды дұрыс таңдаудың маңызы өте зор. Болашақ ұрпақ алдындағы біздің парызымыз бен қарызымыз да Азат еліміздің көк байрағын асқақтата түсумен пайымдалса керек.
Ендеше ертеңгі ұрпақ алдындағы парызымызға адал болып қалу үшін рухани жаңғыруды әркім өзінен бастағаны абзал. Бұл ең алдымен туған жерге деген шынайы сүйіспеншілік сезіммен астасу шарт. Кіндік қаны тамған жерін қастерлемеген адам елі үшін жаны ауырмайды.
Әр қазақтың баласы үшін жерінен, тілінен, дінінен қастерлі не бар. Осы құндылықтар  бабаларымыздың да басты мұраты болған. Біз де осы құндылықтарды қастерлей білуіміз керек. Жас өскелең ұрпақтың санасына қасиетті туған жер тарихын, аттың жалында, түйенің қомында қорғаған бабалар ерлігін сіңіру маңызды деп санаймыз. Білім мекемелеріндегі және отбасындағы тәрбие өзегі осыған негізделуі керек» делінеді.
Біз көбіне тілдік түйткіл мәселені көбірек қозғауды ұсынамыз. Себебі, қазақша тәлім алып, мектептен шыққасын ана тілін ұмыту болашақ ұрпаққа деген сенімге селкеу түсіреді. Егер біз бұған бүгін назар аудармасақ, ана тілінсіз өскен жас ұрпақтың ертеңгі күні ұлттық рухтан жұрдай болатынының куәсі боламыз. Бұған алаш зиялыларының бірі Жүсіпбек Аймауытовтың мына сөздері дәлел бола алады: «Қара халықтың мәдениетті болуынан мәдениетті кісінің қазақ болуы қиын. Сондықтан, баланы осы бастан ұлт рухын сіңіріп, қазақ өміріне жақындатып тәрбиелеу керек. Орыс тәрбиесін алған бала ұлт қызметкері бола алмайды».
Біртұтас ұлт болу – біздің болашақ бет-бейнеміздің айнасына айналуы тиіс. Қазақтың өз ішіндегі бірлігі мен ынтымағы – тонның ішкі бауындай біте қайнасқан біртұтас мемлекеттігіміздің айғағы. Жершілдік, рушылдық сияқты ғасырлар бойы соңымыздан қалмай келе жатқан келеңсіз көріністерден арылатын кез жетті. Енді рудың емес, елдің,  ұлттың  мүддесін әр адам терең сезінетін шақ туды. Мемлекеттік тілді меңгеру қазақ ұлтының өкілі үшін ғана емес, осы елді мекен еткен барша этнос өкілдері үшін де міндет екеніне назар аударатын кез туды.
Туған жерге деген сүйіспеншілік – ауылды жаңғыртудан бастау алуы керек. Мектебі жабылды, ауруханасы жоқ дегенді желеу етіп қаланы жағалап көшу үрдісі қазақты жақсылыққа апармайды. Түгін тартсаң майы шығатын ауылымыздың көк шалғын алқабы мен жайлауын мал өсіріп шаруа тетігін табудың көзіне айналдыру аса қажет. Енді елден жырақ кетуге емес, қайтып оралуға үндеулер көтерілуі тиіс. Жаңғырудың басты мақсаты  осы екенін мемлекеттік билік негізге алғанда ғана мәселе оңтайлы шешіледі.
Қазақты өзге ұлттардан еңсесін төмендеткен бір мәселе – дарақылық пен ысырапшылдықтың кең белең алуы. Ештеңесі жоқ болса да тыраштанып той жасап, миллиондаған теңге несие алушылардың әрекеттеріне тосқауыл қоятын заңдар қабылдануы тиіс.

Сұхбатты жазып алған
Қалкөз ЖҮСІП.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар