«Есілдің» көмегі

Мемлекет басшысының Астананың айналасында азық-түлік белдеуін жасау жөніндегі тапсырмасын іске асыру аясында «Есіл» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы облыстық әкімдікпен бірлесіп, жаңа сауда орындарын ашу арқылы отандық тауар өндірушілерді қолдау шараларын қолға алуда. 

Аталмыш акционерлік қоғамның басқарма төрағасы Қазбек Ескендіровтің айтуынша, бұл жоба екі кезеңде жүзеге асырылып, биыл үш дүкен ашылады. Келесі жылы өңірдегі тауар өндірушілердің «Ақмол» дүкендер жүйесін он сауда орнына дейін ұлғайту, Астана қаласында олардың көтерме сауда орталығын ашу қарастырылған.
– Сөйтіп, ақмолалық ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер өз өнімдерін делдалсыз тікелей тұтынушыларға сатуға мүмкіндік алады. Бұл астаналық тұтынушыларға да тиімді. Өйткені, оларға табиғи әрі сапалы азық-түлік тағамдарын нарық бағасынан төмен бағамен сатып алуға мүмкіндік туады. Қазір өңіріміздің кейбір тауар өндірушілері өз өнімдерін ірі супермаркеттерде сата алмай жүр. Олардың да бұл жүйенің қатысушысы болуына жол ашық,–деді басқарма төрағасы.   
Өткен айда «Ақмол» сауда үйі» серіктестігі бірлескен заңды тұлға ретінде тіркелді. Бұл серіктестіктің құрамына облыстағы «Есіл» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы, «Ижевский» өндірістік кооперативі, «Родина агрофирмасы», «Астана Агро Продукт», «Capital Projects LTD», «Гормолзавод», «Айна» сауда үйі», «Капитал Натур Продукт», «СТЕРХ», «МПК Бижан» серіктестіктері кірді.
Бұл салада он бес жылдан астам жұмыс тәжірибесі бар Қайрат Сәдубай серіктестіктің директоры болып сайланды. Астана қаласында ашылатын алғашқы дүкен үшін жалға арнайы орын алынып, құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізуге келісім-шарт жасалды. Қазір жөндеу жұмысы басталып, сауда қондырғылары сатып алынды. Елордадағы тауар өндірушілердің сауда жүйесін іске асыру белгіленген кесте бойынша жүргізілуде. Алғашқы дүкен биылғы жылдың қараша айының басында ашылады. Жыл соңына дейін тағы екі дүкен жұмыс істей бастайды деп жоспарланған.
Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар