Кеше, 18 қазан күні Көкшетау қаласындағы Достық үйінде Рухани келісім күніне орай өткен шара «Конфессияаралық және ұлтаралық келісім – Қазақстан қоғамының тұрақтылығының негізі» тақырыбына арналды.
Шараны облыстық дін істері басқармасы облыстық әкімдік жанындағы «Қоғамдық келісім» мекемесімен бірлесіп ұйымдастырды. Облыстық дін істері басқармасының басшысы Болат Қасенов, «Вайнах» шешен-ингуш қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Герихан Яндиев сөз алып, қатысушыларға тәуелсіз елдің дамуы үшін рухани келісім мен тұрақтылықтың қаншалықты маңызды рөл атқаратыны жайлы айтып берді. Биыл осынау айтулы күннің елімізде атап өтіліп келе жатқанына тура 25 жыл толып отыр. Мемлекет басшысының сарабдал саясатының арқасында біздің елімізде ұлтаралық татулық өркен жа-йып, түрлі ұлыстардың бір шаңырақ астында бейбіт өмір сүріп жатқандығы сөз етілді. Облыстық қоғамдық келісім кеңесінің өкілі Амангелді Ақынов қоғамдық сананы жаңғыртудағы Ассамблеяның рөлі туралы айтса, Қазақстан халқының рухани-адамгершілік құндылықтары туралы тарих ғылымдарының докторы Роза Бұқтұғұтова әңгімеледі.
Облыстық дін істері басқармасының бас маманы Галина Бессмертная өз сөзінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне діни қызмет және діни бірлестіктер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасына тоқталды. Айта кетейік, аталған заң жобасы мемлекеттік, конфессияаралық қатынастарға, діни қызмет субъектілерінің құқықтары мен міндеттеріне, діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заңнаманы бұдан әрі жетілдіруге бағытталған.
Шара соңында облыстық дін істері басқармасы жанындағы Конфессияаралық қатынастарды талдау және дамыту орталығы өткізген футбол турниріндегі жетістіктері үшін діни бірлестіктердің басшылары грамоталармен марапатталып, концерттік бағдарлама ұйымдастырылды.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.