Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Көп қабатты үйлерде газ баллондары қашанғы пайдаланыла бермекші?!. - АРҚА АЖАРЫ

Көп қабатты үйлерде газ баллондары қашанғы пайдаланыла бермекші?!.

Жыл өткен сайын облыста кешегі күрмеуі қиын әлеуметтік мәселелер оңынан шешіліп, тұрмыс ептеп бері қарап келеді. Дегенмен, экономикалық байланыстар үзіліп, халық шаруашылығы күйзелісті күйге түскен сонау тоқсаныншы жылдары берекесі кетіп тынған орталықтандырылған газбен жабдықтау жүйесінде әлі де істің түбегейлі оңала қоймай отырғаны қинайды. 

Облыстық энергетика, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының мәліметі бойынша бүгінгі таңда облысымызда 25 газ тарату компаниясы жұмыс істейді. Олардың 13-і облыс орталығы Көкшетау қаласында, үшеуі Степногорск, біреуі Атбасар қалаларында орналасқан. Ал, енді сегізінің Астана қаласында тіркеліп, өз тіршілігін сонда күйттеуі түсініксіз.
Осы 25 компанияның 10-ы Қазақстан Республикасы Энергетика  министрлігінде аккредиттеуден өткен. Оларға Үкімет  тарапынан бағасы арзандатылған газ бөлініп тұрады. Ол газды олардың аккредитациялары жоқ компанияларға, кәсіпорындар мен ұйымдарға, сондай-ақ, тұрғындарға  үстіне баға қосып сатып, соның есебінен-ақ күнелтіп отыра берулеріне болады. Астанада да сонша компанияның орнығып алуының басты себебі осында жатса керек.  Әдетте бұл компаниялар газ баллонымен отырған көп қабатты үйлерді бір орталықтан газбен жабдықтау ісімен айналысуға құлықты емес. Өздеріне бөлінген  арзандатылған газдан қыруар ақша жасап отырғанда, мұны басы артық шаруа деп санайды.
Осы сөзіміз жалған болса, жоғарыдағы 25 газ таратушы компанияның  бақандай 22-сі біз айтып отырған, халық та тағатсыздана тоса түскен осы маңызды жұмыстан тиіп-қашар ма еді?!.  Сонда бар-жоғы қалған үш компаниямен облыста есепте тұрған 436 газ тарату қондырғысын тез арада жөндеп, іске қосу, сонымен бірге, оларды  бүкіл көп қабатты үйлердегі пәтерлерге жалғап шығу мүмкін бе? Әрине, жоқ. Мұның өзі едәуір уақытты алатыны, осыған қатысты жұмыстың әлі күнге ауы мен бауы көп екендігі де содан.
Осы арада көп жайды аңғартатын мынадай бір цифрларды да келтіре кетсек. Облыста ай сайын жоғарыдағы компаниялармен 4500-4900 тонна сығымдалған газ сатылады. Оның шамамен 1550 тоннасы газ баллондарына құйылса, 1000-1050 тоннасы  жанар-жағар май станцияларында сатылатын автогаз. Өнеркәсіп кәсіпорындары қажетсінетін 1720 тонна газ тағы бар.  Сонда осыншама қыруар газдан небары 260 тоннасы ғана көп қабатты үйлердегі топтық резервуарлық қондырғыларға жұмсалады екен. Осының өзі-ақ облыста халықтың, соның ішінде қала тұрғындарының басым денінің әлі күнге газ баллондарымен отырғанын көрсетсе керек.
Өкінішке орай, жоғарыда да аңғартқанымыздай, облыс қалаларындағы көп қабатты үйлерде орталықтандырылған газбен жабдықтау жүйесін қайта қалпына келтіру жұмыстары өте баяу жүргізілуде. Шынын айтқанда бұл жұмыс тек облыс орталығы Көкшетау қаласында ғана қолға алынған. Ал, осындай 70 қондырғы бар Щучинск, 24 және 22 қондырғы бар Атбасар мен Ақкөл, 20-10 аралығында қондырғылар бар Степногорск, Макинск   және Есіл қалаларында мүлдем нышаны да сезілмейді.
Әрине, мұндай топтық газ тарату қондырғыларының көпшілігі Көкшетау қаласында орналасқаны белгілі. Олар облыс бойынша есепте тұрған 436 қондырғының 54,5 пайызын құрайды. Бүгінге дейін  соның 111-і ғана жөнделіп, 95-і пәтерлерге газ беріп тұр. Бұл – Көкшетау қаласында бұрынғы жұмыс істеп тұрған қондырғыларды қоса есептегенде, 22399 тұрғын орталықтандырылған газ қызметін  пайдаланады деген сөз. Бүгінгі таңда облыс орталығында  150 мыңнан астам адам тұратындығын ескерсек,  бұл көрсеткіштің мүлдем сын көтермейтіндігі айдан анық. Жөнделген барлық қондырғылардың пайдалану тиімділігінің өзі 76,4 пайыздан аспайды. Яғни, кейбір газгольдерлер қайта қалпына келтірілсе де, газ берер емес. Мұның да әртүрлі себебі бар. Соның бірі – пәтер иелерінің осы бір керек іске бөгет жасап бағуы. Айталық, Көкшетау қаласында орталықтандырылған газ қондырғыларын жөндеумен айналысатын «Көкшетау Транс Газ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі басшылығының мәлімдеуінше, 21 көп қабатты үйде 30-ға тарта пәтерге  газ жабдықтарын орнату үшін ішке ену мүмкін болмай отыр. Кейбір пәтерлер мүлдем жабық, иесін табу қиын. Кейбіреулері үйлерінде бар бола тұра, әртүрлі желеумен осы іспен  шұғылданушыларды пәтерлеріне жібермейді. Осының салдарынан 200-ге жуық пәтер орталықтандырылған газ жүйесіне қосыла алмай келеді. Себебі, көп қабатты үйлерде бұл жұмыс бірінші пәтерден соңғы пәтерге дейін толық аяқталмайынша, газ беруге болмайды. Тура осындай проблема «Газ Қызмет» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде де орын алып отыр. Мұнда да үш пәтер иесінің кесірінен 12 бірдей пәтер орталықтандырылған газсыз қалуда.
Рас, елімізде мұндай пәтер иелерін жауапкершілікке тартатын «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заң бар. Алайда, жоғарыдағы жағдайды көріп-біле тұра, не Көкшетау қалалық әкімдігі, не тұрғын үй инспекциясы осы іске ешбір ықпал ете алмауда. Пәтер иелері акт жасауға келген адамдарды мүлдем үйге кіргізбейді, не болмаса толтырылған актінің өзіне мойынсұнбайды.
Облыс орталығында газбен жабдықтау жүйесін қайта қалпына келтіру жұмыстары көп жылғы үнсіздіктен кейін 2013 жылы қолға алынған еді. Сол кезде облыстық әкімдіктің қолдауымен үш жылдық  бағдарлама жасалып, содан бергі уақытта осы мақсатқа 738,8 миллион теңге қаржы бағытталған екен. Бұл қаржының 129,5 миллион теңгесі арнайы бюджеттен бөлінген қаржы. Ал, 629,3 миллион теңгесі осы іспен айналысатын газ таратушы компаниялардың  өз қаржысы болып табылады. Бүгінгі таңда осы қыруар қаржы тиімді пайдаланылды  деп айтуға ауыз бармайды. Бағдарлама әкімшілері –  энергетика, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы мен Көкшетау қалалық әкімдігі тарапынан тиісті бақылаудың болмауынан, көп жағдайда жұмыс өз бетімен жүргізілген. Айталық, газ тарату қондырғыларын жөндеуге жобалау-сметалық құжаттардың жасалмауы, жұмысқа  жауапкершілігі төмен адамдардың тартылуы жоспарланған бірсыпыра қондырғылардың әлі күнге дейін іске қосылмауына әкеліп соққан. Осыған мысал ретінде 2015 жылы  жоспардағы 6 бірдей  қондырғының сол күйі жөнделмей қалғанын, сөйтіп, осы мақсатқа бөлінген 43 миллион теңгенің тек 3,4 миллионы ғана игерілгендігін айтуға болады.  Ақша бар бола тұра, ештеңе істелмеуін халықтың мұң-мұқтажына  тым жеңіл қараудың нағыз үлгісі десек, бір артықтығы жоқ.
Тұрғындардың  игілігіне қабылданған жап-жақсы бағдарламаның осылайша дұрыс орындалмауынан бүгінгі таңда облыс орталығында 235 газ таратушы қондырғы қайта қалпына келтірілмей отыр. Осының салдарынан 598 көп қабатты тұрғын үй немесе оларда тұрып жатқан 35075 адам  орталықтандырылған газдан қағылуда. Ал, бұл екі ортада әрбір дерлік үйде берік орын тепкен газ баллондары нағыз қауіп-қатердің ошағы болып тұр. Тек біз ауызға алған 2013-2017 жылдарда ғана  облыста газ баллоны жарылған 7 оқиға тіркеліп,  одан 13 адам жараланса, 3 адам қаза тапқан.  
Осы арада газ шаруашылығындағы қауіпсіздікке және үйлердегі газбен жабдықтау желілерін ұстауға жауап беретін құрылымдар арасында өзара дұрыс байланыстың жоқтығын да атап өту керек. Облыста  газ шаруашылығын бақылайтын техникалық инспекцияның болмауы да іске көп нұқсан келтіруде. Топтық газ қондырғыларын қайта қалпына келтірумен айналысатын компаниялар  оның ашылуымен жұмыс алға басар еді деп үміттенеді. Бірақ, бұл инспекцияның қашан құрылары белгісіз. Сондай-ақ, бұрынғы үш жылдық бағдарламаның мерзімі 2016 жылы аяқталды. Содан бері облыс қалалары мен ірі елді мекендерінде мұндай жаңа бағдарламалар жоқ. Осындай мақсатты жұмыстың болмауы да іске қолбайлау болып отыр.
Тағы да облыстық энергетика, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының мәліметіне сүйенсек, ай сайын облыста тұрмыстық қажеттілік үшін орта есеппен 150 мың газ баллоны құйылады. Тек Көкшетау қаласында ғана көп қабатты үйлерде тұратын 22700 адам газ баллондарын қолданады. Бұл цифр жаңадан пайдалануға берілген үйлердің есебінен одан әрі өсе түсуде. Мұның өзі тағы да үлкен қауіп-қатер деген сөз. Әдетте, газ баллондарын екінші қабаттан жоғары пәтерлерде ұстауға болмайды. Алайда, бұған қарап жатқан ешкім жоқ. Қай қабатты алмайық, толған баллон. Облыста тіркелген 25 газ таратушы компанияның 17-сі осындай газ баллондарын сатумен айналысады. Ал, олардың 9-ы ғана  өнеркәсіптік қауіпсіздік департаментінде тіркеліп, газ баллондарын жөндеуге, оны артық қоқыстан тазартып, техникалық жағдайын тексеріп отыруға  рұқсат алған. Қалған 8-інің мұнымен жұмысы жоқ. Тек газ баллондарын оңды-солды сатып, таратуды, одан пайда табуды ғана біледі. Осыдан келіп бірде болмаса бірде, кісі өліміне дейін әкеліп соғатын қайғылы жағдайлардың да орын алуына бір-ақ қадам. Әрі өзге қалалар мен аудан орталықтарын айтпағанда, Көкшетау қаласының өзінде газға қатысты 04 бірыңғай авариялық қызметі жоқ.  Тәулік бойғы 104  авариялық қызметі тек «Газ Қызмет» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде ғана бар. Оның өзі бірінші кезекте өзі қызмет көрсететін кәсіпорын-ұйымдардағы апатты жағдайларға ғана жауап береді. Ал, «Көкшетау Транс Газ» серіктестігіндегі авариялық-диспетчерлік қызметтің 33-03-76 телефонын екінің бірі біле бермейді. Осының бәрінен туындайтын қорытынды, барлық тұрғындар үшін мұндай нөмір біреу ғана болуы керек. Сонда ғана  әркім қысылған сәтте қиналмай, өзі білетін бір-ақ нөмірді тереді, соған сенеді.
Бұл жұмыстың қазір бұрынғы қалыптасқан тәртібінен ауытқығаны сонша, газ шаруашылығына, атап айтқанда, газ плиталары мен су жылытқыш колонкаларына профилактикалық жұмыстар да жүргізілмеуде. Бұрын мұндай шаралар міндетті түрде кем дегенде жылына бір рет атқарылып тұратын. Қазір үй иелерінің өздері  маманды газеттегі хабарландырулар арқылы шақырса шақырды, әйтпесе, ол да жоқ. Мұндай жағдайда әрине, қауіп-қатер одан сайын ұлғая түсетіні айтпаса да түсінікті.
Мүмкін кейінгі жылдары жаңадан салынған көп қабатты тұрғын үйлерде газ таратушы қондырғылар толықтай жұмыс істеп тұрған шығар? Жоқ. Облыстық құрылыс басқармасының  мәліметі бойынша 2013 жылдан бері облыста осындай жаңа 88 көп қабатты үй пайдалануға беріліпті. Әу баста олардың көбінің орталықтандырылған газбен жабдықтауға техникалық құжаттамалары  да болған екен. Соған қарамастан, небары үш топтық газ тарату қондырғысы ғана жабдықталып, оларға тек 9 көп қабатты үй қосылған. Қалған үйлер бойынша газ жүйелері тартылды деген мәлімет таппадық. Ол аздай, көптеген үйлердің жобасында бастапқыда  электр плиталарын орнату көзделсе, кейін ол неге екені белгісіз, баллонмен жағылатын газ плиталарына ауыстырылған. «Жаман айтпай, жақсы жоқ» деген, бұл да осы орайда біз айтқан қатердің тағы бір белгісі.
Қазіргі уақытта осы салаға жауапты орындар келер күндерде  газ таратушы қондырғыларды қайта қалпына келтіру үшін бюджеттен қаржы сұрауды да қойған. Әсіресе, бұл істе облыстық энергетика,  тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы, оның Көкшетау қалалық бөлімі жұмысты мүлде бәсеңсітіп алғаны көрініп тұр. Мұндай жағдай бір есептен облыс орталығындағы коммуналдық шаруашылық саласы басшыларының жиі ауысуынан да орын алуда.
Дегенмен, қалада осы іске белсене кірісіп, қалыптасқан жағдайды жақсы жағына өзгертуге ұмтылған жекелеген газ таратушы компаниялар да жоқ емес. Солардың бірі – «Көкшетау Транс Газ» серіктестігінің басшысы Батыр Аширов соңғы төрт жылда облыс орталығында 62 газ таратушы қондырғыны қайта қалпына келтіріп,  олардың 58-ін нақты іске қосқандарын айтады. Осы мақсатқа өткен кезеңде 700 миллион теңге қаржы салыныпты. Қазір барлығы 8211 абонентке қызмет көрсетіліп отыр. Әр текше метр  газдың бағасы қосымша құн салығынсыз 357 теңгеден айналуда. Бұл – бүгінгідей нарық жағдайында тақа қымбат емес. Пәтерлерден көгілдір отын  үзілмеуде, соған орай, тұтынылған газ үшін тұрғындардың есеп айырысуы да жақсы жолға қойылған.
– Кәсіпорын  мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында да біраз жұмыстар атқаруда. Мәселен, «Алуа» тұрғын үй кешеніне газ тартуды толықтай өз есебімізден тегін  жүргіздік. Ал, құрылысшылар мұның есесіне бізбен келісе отырып, балаларға ойын алаңын жасап берді. Алдағы уақытта үйлерге су жылытқыштар орнату ісіне де кірісе алатын мүмкіндігіміз бар. Сондай-ақ, әріптестік негізінде қазір Көкшетау қаласында  қайта қалпына келтіруді қажет етіп отырған барлық 96 газ таратушы қондырғыны да жөндеп бере алатынымыз сөзсіз, – дейді серіктестік директоры.
Бірақ, жекешелендірудің екінші кезеңіне байланысты бұл газгольдерлер тиісті құжаттамалары толық дайын болғаннан кейін сенімді басқаруға берілгелі отыр. Дегенмен, мұның да өз қиындықтары жетерлік. Көпшілігінің қай меншік түріне жататындықтары анықталмаған, яғни, осыған тиісті құжаттары жоқ.
–Қазір бұл жұмыстардың бәрін қайта қолға алып жатырмыз.  Бүгінге дейін 41-ін конкурсқа толық әзір еттік. Таяуда конкурстың өзін де жариялап, бұл саладағы істі алға жылжытатын боламыз, – дейді қала әкімінің орынбасары Иван Юрченко бұл орайда.
Жуырда көп қабатты тұрғын үйлерді бір орталықтандырылған газбен жабдықтау мәселесі талқыланған қоғамдық кеңес отырысында да қала басшыларына осы жұмысты тездету тапсырылды. 96 қондырғының бәрінің құжаттамалары қашан дайын болатынын тосып отыра берудің қажеті жоқ. Мүмкіндігінше құжаты барларын бәсекелестік ортаға тездетіп бере беру керек. Сонда ғана істің нәтижесі болады. Ана бір жылы үміт отын жылт еткізіп, тіпті келіп те қалғандай көрінген табиғи газдан енді жуыр маңда хабар бола қоймасы айдан анық. Сондықтан, қолда бар газ шаруашылығында тездетіп тәртіп орнатылуы керек. Оның біз айтқандай, қазіргі жағдайы ешкімді де қанағаттандырмайды. Облыста барлық көп қабатты тұрғын үйлерге газдың бір орталықтан берілуі көптен шешімін күтіп тұрған мәселе.   Соны ыждаһаттылықпен соңына жеткізу – басшы орындар үшін бүгінгі таңдағы басты міндеттің бірі болса керек.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар