Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Әнші, абзал азамат – Рамазан дос! - АРҚА АЖАРЫ

Әнші, абзал азамат – Рамазан дос!

Бойдағы бар өнер – ән арқылы танысқан абзал дос, айнымас жолдас Рамазан Стамғазиев бұл күнде ұлттық өнеріміздің аспанына шуағын шашқан жарық жұлдыздарының бірі. Қазақтың қасиетті өнерін талмай насихаттап жүрген тарланбоз әнші дәстүрлі ән әлемін бойындағы жаратқан сыйлаған дарын-қабілетімен кеңейтіп келеді. Сол үшін де ән қадірін білетін ел төбесіне көтеріп, құрмет көрсетуде. Рамазан сол құрметке әбден лайық азамат. 

Біз 1986 жылы Алматы қаласында таныстық. Өнер ордасы – Алматыға бойымыздағы барымызды ұштауға еліміздің шартарапынан қаншама жас талап жиналдық. Соның барлығы даңқы жер жарып тұрған дарабоз әнші Қайрат Байбосыновтың шәкірті атануға ынтық. Өйткені, Қайрат ағамыздың орындауындағы ән асылының ажары күннен-күнге шырайланып, дүйім көптің ықыласын аударып тұрған уақыт еді. Толғанбай Сембаев, Айтбек Нығызбаев, Сәуле Апбазова, Ғалымжан Серікбаев, Азамат Нәдірбеков, Нұрай Танабаев тәрізді тума таланттар қатаң сүзгіден өтіп, қатарға қосылды. Сөйтіп, болашағынан үлкен үміт күттіретін талапты да талантты жастар Қайрат ағамыздың тәлім-тәрбиесін алдық.
Міне, осы уақыттан бері Рамазанмен тонның ішкі бауындай аралас-құраластығымыз басталды. Рамазанның бойында өміршең өнер ғана емес, адамгершілік асыл қасиет те мол. Жібектей есілген, жан адамның бетіне келмейтін биязы мінезі қандай. Өнер деген құдіреттің өз әлемі, өз мінезі болатынын көпшілік кейде түсініп, кейде түсінбейді. Өнер можантопай адамның бойынан шымырлап қайнап шықпайтыны әлмисақтан белгілі. Бар жан дүниеңді, алпыс екі тамырыңның бойындағы ыстық қаныңды шымырлата қайнатып, тұла бойың қорғасындай балқып, аруағың атойлап, ыстық қаның басыңа шапқанда аттың басын жіберіп қоятыныңа, айтқан сөзіңді санамен салмақтай алмайтын кезіңе қарап кейбіреулер өнер адамын желбуаз, желқуық немесе жеңілтек адам көруі де, солай деп санауы да ықтимал. Семізінен жараған сәйгүліктей ауыздығымен алысып тұрған қас жүйрік аламан бәйгенің алдында төрт тұяғы жер баспай қандай күй кешсе, сахнаға көтерілерде қара құрым халықтың алдында асқақтата ән саларда өнер адамы да дәл сондай кейіпке енетіні жасырын емес. Ал, біздің Рамазан, менің Рамазаным болса, неге екенін кім білсін, шарасында шарпысып, асып-төгіліп жататын сезімін қымтап ұстап, бойын билей білетін қасиеті бар.
Студенттік кезеңнің қызығы мен қуанышы тәптіштеп айтқанға таусылмайтын жыр. Өнер ордасы Алматыда қызық-думанда, тағылымды тәлім алатын мәдени шаралар да аз емес. Ең бастысы, шымырлап аққан бұлақ көзін өмірдің шөп-шаламынан тазалап, бойыңдағы барыңды саф алтындай жарқыратып көрсетуге ықпалын тигізетін тәлімі мол, талғамы жоғары ұстаздар бар. Біздің түсінікте ол – Қайрат Байбосынов. Қазақтың Қайраты, ән әлемінің мәңгі өлмес жауһар жұлдызы. Біз сол Қайраттың алдынан баршамыз тәлім-тәрбие алдық. Рамазан сабаққа мұқият болды. Уақытымен жүру, уақытымен тұру, міні жоқ, мұнтаздай ұқыптылық оның тал бойына тән дүние болатын. Біз де сол мектептің тәртіпті оқушысы тәрізді ұлы өнердің ұшпағына шығуға ынта-шынтасымен кіріскен Рамазанның ізденісіне риза болатынбыз. Ол өзінің ішкі мәдениетімен, таңның мөлдір шуағындай жан дүниесінің тазалығымен әрі ұлттық өнерге көзсіз құлай берілген ғашықтығымен тәнті ететін. Өз басым жан жолдасымды осы бір адам айтқысыз абзал қасиеттері үшін сыйлаймын.
Республикалық эстрада-цирк колледжін бітірген соң ән ордасы – Көкшеге оралдық. Туған топырақтағы ұлттық өнерге титімдей болса да үлесімізді қоспақ ниетпен. Ал, Рамазан болса өнер ордасы, талапты адамның бағын жандырар Алматыда қалды. Бір есептен сол шешімі де дұрыс болған шығар. Әрі Алматы маңындағы Райымбек ауданындағы Көкпияз елді мекенінің тумасы. Нарынқол елінің перзенті. Алматы Рамазанның бағын жандырды. Рамазан дәстүрлі әннің мерейін үстем етті. Қазақтың тамаша әншілері Қайрат Байбосынов пен Жәнібек Кәрменовтың соңынан ерді. Арқа әндерінің маршалдары саналатын ұстаздары Рамазанның бойындағы табиғи дарынды тап басып танып, қамқорлығына алды. Біздің дос Рамазан Абай атындағы қазақ педагогикалық институтының музыка факультетінде білімін жетілдірді. Өнерің өрістеу үшін, жаңа биіктерге жетуің үшін де өнерге әманда білім серік. Ілкімді ізденістің арқасында 1998 жылы Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі атағын алды. Омырауына «Құрмет» орденін тақты. Ол осындай марапатқа лайықты өнерпаз.
Бүгінде ердің жасы елуге толып отырғанда ән Меккесі Көкшеден өз үнімді қоспай қалай қарап отырармын. Сондықтан, баяғы жастық кезде табысқан өнердегі жолдас, өмірдегі дос Рамазан бауырыма мерейлі мерекенің кезінде мәртебесін асырып, бір ауыз лебізімді білдірген жөн деп есептеймін.
Қазақ барда, ән сүйетін жұрт барда тамаша таланттың иесі талай-талай асулардан асатынына өз басым кәміл сенемін. Үстіміздегі жылы Алматы облысы Райымбек ауданының зиялы қауымы Рамазан Стамғазиевке Райымбек ауданының құрметті азаматы атағын бергізген болатын. Менің пайымдауымша, Рамазан дос – ауданның ғана емес, жалпақ жұрттың, барша қазақтың құрметті азаматы.

Қажыбай ЖАХИН,
дәстүрлі әнші.   

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар