Ән әлеміндегі әбестік немесе қазіргі тойдан алар ұлағат пен тағылым бар ма?!

Бала жастан құлын-тайдай тебісіп бірге өскен құрдастың кенже ұлы шаңырақ көтеріп, ақ түйенің қарны жарылған қуанышқа орайластырып той жасаған. Облыс орталығындағы ең үлкен, ең сәулетті мейрамханада ине шаншатын бос орын жоқ. Той дастарханы да тағамнан қайысып тұр.

Әрине, тән азығын емес, жан азығын іздейсің ғой. Той болардан бір ай бұрын ақылдасу шайына шақырған. Азды-көпті тәжірибемізге сүйеніп, білгенімізді айттық. Бірақ, пікір екіге жарылды. Соған орай, ұсыныс та екеу. Яғни, біздің бастапқы ой құдалар Семей өңірінен келетін болғандықтан, ән Меккесі атанған Көкшетаудағы ұлттық өнердің өрісін көрсету болған. Ең дұрысы, дәстүрлі әншілерді шақырып, Біржан салдың, Ақан серінің, Үкілі Ыбырайдың әндерін салдыру. Сұлу әндердің сазымен сусындату. Атадан қалған асыл өнердің әлі де жалғасып, ұрпағымызды тұма бұлақтың мөлдір суындай таза өнермен өбектеп, өсіріп жатқанымызды көрсету. Бірақ, шаңырақ көтергелі жатқан кенже  ұл үзілді-кесілді қарсы. Уәжі, дәстүрлі әнді қазір жастар қабылдай қоймайды. Айтуында ептеген шындық бар еді. Қайымдасып жауап қайыруға дәтіміздің бармауы да содан. Өзіміз де шет-жағасын көріп жүрміз. Жастар жаңаша сипаттағы әндерге ынтық. Ақыр соңында жастар жағы жеңген. Уәжінің мықтылығынан емес, ата-анасының мейірімі түскенінен. Осылардың беттерін қақпай-ақ қояйықшы, дегендері болсын деген тілектен.
Сонымен көптен күткен той басталды. Алдымен ортаға асаба шықты. Түр-тұлғасы, киім киісі, дауыс мәнері тартымды-ақ. Сөзі де жіпке тізген моншақтай. «Киіз туырлықты, ағаш керегелі атам қазақ» деп бастады сөзін. Осы бір тамаша мәтінді талай естігенмін. Жалғыз осы асабаның аузынан ғана емес, өзгелерінен де. Бір мәтінді бәрі қайталап айта берген соң мәні кетеді екен. Тіпті, тыңдағың да келмейді. Содан соң ежелгі қалыппен ортаға тілек айтушылар шықты. Ішінде ойлы сөз, орнықты пікірмен көпшіліктің көңілінен шыққандар да, ортаға шығуын шығып алса да, енді не айтсам деп қиналғандар да болды. Не айтатынын білмесе несіне шықты екен деп ойлап, мен отырмын.   
Ән басталған. Той алдындағы өзіміздің баланың қалауы бойынша. Жалғыз өз баламыз емес, оның құрбыларының сүйікті әні:
Пах-пах-пах, қандай ғажап иіс,
Шат-шат-шат, қиялыма ілес.
Қандай ыстық жүрегіммен сүйіс,
Созылған кірпігімнен күй ұш.
Ат шаптырым мейрамхананың астын үстіне түсіргендей дүрілдеткен, дірілдеткен дауыс мұнша қатты болар ма? Мәтінді әуен басып кеткен соң сөзін дұрыс ұға алмадым. Алғашқы шумағын әншінің ән дәптерінен көшіріп алудың сәті түсті. Сөйтсем, бұл қазір жастардың сүйіп тыңдайтын әншісі Айқын Төлепбергеннің бар қазақ даласына тарап кеткен әні екен. Ән әуезі туралы кесімді пікір айта алмаймыз. Ал, мәтін туралы көзқарасымызды білдіруге әбден болады. Бірінші шумақтың алғашқы сөзінен-ақ аузыңа бір уыс балшық салып жібергендей тыжырынасың. «Пах-пах, пах, қандай ғажап иіс». Бұл не қылған иіс, қайдан шығып тұр? Мен тұрмақ, қазақ тілінің жілігін шағып, майын ішкен хас маманы да бастан жақты айырғандай етіп, ажыратып айтып бере алмас еді. Әрі қазақ тілінде ғажап иіс деп те айтылмайды ғой. Оқып отырған сіздің мықты екеніңізді көрейін, осы шумақтан әлдебір көркем ойды тауып бере алар ма едіңіз. «Қандай ыстық жүрегіммен сүйіс, созылған кірпігіңмен күй ұш» дейді. Біз білгенде атам қазақтың әуелгі сөзінде жүрегіммен сүйіс деген сөз жоқ қой деймін. Сүйісетін адамның басқа жерлері. Ал, енді құдая тәуба, осы уақытқа дейін созылған кірпік дегенді естуіңіз бар ма? Бірақ, кім біледі қазіргі күні небір айды аспанға шығаратын жаңалықтар жүзеге асып жатыр ғой. Біз қайдан білеміз, мүмкін қазіргі жастар кірпігіне кірпік жалғайтын шығар. Ол өзі резеңке сияқты бірдеңеден жасалса, созылмағанда қайтсін, созылады да.
Пах-пах-пах, көркіңе тәнтімін,
Дәмін сезгім келеді тәніңдегі қантыңның.
Жанарың жарқылын, басылмай ауқымың,–
дейді тағы да.
Арыдағы қазақтың «ай қабақ, алтын кірпік» дейтұғын әдемі теңеулерінің ныспысы да жоқ. Өңкей бір дені сау адамның ақылына сыймайтын, көңіліне қонбайтын «өлең». О заманда, бұ заман тәнде қант бола ма? Тәнде емес, қанда болатынын білемін. Менде де бар. Бірақ, ол дауасы жоқ дерт. Оның дәмін сезгенде қандай ұшпаққа шыққысы келгенін кім білсін?!.
Жанары жарқылдасын-ақ дейік, ал, ауқымы басылмайтыны несі екен. Ауқым дегеннің өзі қазақы ұғымдағы өлшем бірлігі. Әлдененің ауқымы, көлемі деп сөйлейді. Ал, бұл мәтінде ауқымның бірдеңесі басылмай тұрады.
Қазір әнін де, сөзін де өзі жазатын бесаспап әншілер шықты. Әрі өздері орындайды. Осыларға қарап тұрып, ілкідегі өнер иелерін ойлағанда, көзіңе жас келеді. Әуелі мәтінін жазып, кейін сазгерге барып салмақ салып, содан соң талғампаз әншіні төңіректеген өнер адамының жаны сір екен де. Ең оңай жолын бүгінгі жастар тапқан жоқ па?!
Құтты шанасын өзі соғып мінетін ұста сияқты. Осы Айқынның мынадай бір әні бар екен. Тыңдап көресіз бе?
Фию пье ну зи тоң
Жастық шағымдай ғайып боп.
Жө вөз әли дөмөм
Кеудемде жандырып от.
Ал, керек болса.    
Бір кезде дүйім жастың жанын жаулаған мына бір ән мәтінін оқысаңыз, қайтып ән тыңдамай кетер едіңіз.
Көйлегім қара болса да,
Өзегім қағаздай аппақ.
Маған ғашық болған қыздар,
Ешқашан болмайды қап-қара.
Ал, мендей жақсы жігітті,
Ұнатпаған қызға айтамын:
«Сүймесең, проблема қанша,
Қош бол, бақытты бол, жаным!
Міне, осындай әндер айтылды. Сөзді ән мәтіндегідей қайырғанда, тыңдасаңыз тыңдаңыз, тыңдамасаңыз «проблема қанша».
Іле би басталған. Жойқын би. Тойға қатысқан жастар тұрмақ, ата сақалы аузына шыққандар да жан алып, жан беріскен, долыра ескен би жетегінде кетті. Әне бір жерде былтыр зейнет демалысына шыққан жеңгем де билеп жүр екен. Би аяқтала бере, қолынан ұстай алдым.
– Апырма-ай, жеңгей амансыз ба?
– Аманмын, билеп жатырмын ғой.
– Ә, мен тоқ соқты ма деп ойлап едім.

 

Жүйке жұқартып, той да аяқталды. Мың қой айдап үйге қайттық. Мың қой айдап дегеніміз образға орап айтқан сөз ғой. Мәселен, сіз мың қойды жаяу айдаған қойшыны көрдіңіз бе?  Мыңғырған отардың біресе ана шетіне, біресе мына шетіне шығып, сендетіліп жүрмей ме? Нәрсіз ән шаршатқан, ойсыз тілек қажытқан біздің жүрісіміз де сол мың қой айдаған қойшының жүрісі тәрізді еді.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар