Толымды тоғыз ай

Облыс әкімі Мәлік Мырзалиннің төрағалығымен өткізілген кезекті әкімдік мәжілісінде өңір бойынша ағымдағы жылдың тоғыз айындағы әлеуметтік-экономикалық дамудың қорытындылары жəне бюджеттің орындалуы, сондай-ақ, алда тұрған міндеттер жан-жақты сөз болды. 

Жиынға облыстық мәслихат хатшысы Дулат Нұрмолдин, облыс әкімінің орынбасарлары, қала, аудан әкімдері, мекемелер мен басқармалардың басшылары, ұлттық компаниялар филиалдарының және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша баяндама жасаған облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Бауыржан Мәлғаждаров өз сөзінде облыстың бірқатар салаларының көрсеткіштері төмендеп кеткеніне тоқталды. Атап айтқанда, жалпы көлем индексі төмендеп, өңдеу өнеркәсібінде де нақты көлем индексінің өсімі 100,4 пайызға (2016 жылы – 108,3 пайыз) жетті. Тау-кен өндіру өнеркәсібінде нақтылы көлем индексі 91,9 жəне өңдеу өнеркәсібінде 100,8 пайыз болды. Алдыңғысындағы төмен көрсеткіш құрамында алтын бар концентраттар өндірісінің  азаюынан орын алды.
Дегенмен, кейбір салалар бойынша ілгерілеушілік бар. Жыл басынан бері өңірдің негізгі өндіріс орындарының бірі – Степногорск подшипник зауыты мен «КамАЗ-Инжиниринг» акционерлік қоғамы, «Қамқор-Локомотив» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде де жұмыс жандана түсуде. Мұның өзі негізгі экономикалық көрсеткіштерге де оң әсер етуде. Облыстың республика көлемінде алғанда жағдайының әзірше жаман еместігі осының айғағы.
Бұл көрсеткіштерді тұтастай алғанда, ауыл шаруашылығы саласының ептеп интенсивті дамуын  жақсарта түсетін сияқты. Мұнда мал мен құс санының өсуі байқалады.  Сондай-ақ, 6,2 миллиард теңгенің 6 жобасы іске асырылған. Астананың айналасында азық-түлік белдеуін жасау тұрғысында да 12 жоба көзделген. Олардың құны 10,5 миллиард теңге. Оған қоса, биылғы жылы облыс бойынша орташа гектарынан 11,9 центнерден алғанда 5123,9 мың тонна астық жиналды.
Жыл басынан бері 10,7 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылса, соның 5950-і тұрақты жұмыс орны болып табылады. «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасын жүзеге асыру арқылы тиісті көмек-қолдау көрсетіліп жатыр. Есепті баяндамада әлеуметтік-экономикалық жағдайдың барлығы сараптала түскендіктен, сәбилердің шетінеу көрсеткіші 5,7 пайызға кемігені қуантады.
Мәжілісте күн тәртібіндегі екінші мәселе  –
 9 айдың ішінде облыстық бюджеттің орындалу қорытындылары туралы облыстық қаржы басқармасының басшысы Талғат Бөлтенов баяндап берді. Оның айтуынша, бюджет кірісі 172 437,8 миллион теңгені немесе 102,8 пайызды құраған. Бұл бағытта жоспар Қорғалжын ауданынан басқа облыстың барлық өңірлерінде орындалған.  Сол сияқты, бюджеттің шығыс бөлігі 165 360,2  миллион теңге немесе 97,1 пайыз көлемінде болып отыр.
Баяндамашы өз сөзінде атап өткеніндей, бюджетті толық игермеудің ортақ көрсеткішке әсері қазірден-ақ байқалуда.
Сондықтан, мəжілісті қорытындылаған облыс әкімі Мəлік Мырзалин тиісті ведомстволардың басшылары мен аудан, қала әкімдеріне жағдайды тез арада жақсартуды тапсырды.
Жарыссөзде сөйлеген бірқатар әкімдер мен басқарма басшылары орын алған кемшіліктердің себебін түсіндіріп, қалған екі жарым айда соның орнын толтыру жөнінде өз іс-жоспарларын баяндады.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар