«Есенберлин іздеген ержүрек қыз»

Сонау бір жылы белгілі журналист Амантай Кәкеннің осындай тақырыппен «Егемен Қазақстанда» жариялаған авторлық мақаласын оқып едім. Бүгінде сол очерктің мазмұны есіме түсіп, қолыма қалам алдым. Мәселенің байыбына үңілер болсақ – өзіміздің Ереймен өңірінде құрметке лайық азамат-азаматшаларымыз баршылық…

Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің, Ауғанстанда интернационалистік парызын өтеген інілеріміздің, Чернобыль апатының зардабын жоюшылардың орны бөлек. Тіпті, бейбіт өмірдің өзінде елі үшін жанын пида етуге даяр болған қыздарымызды да ер азаматтармен тең дәрежеде батыл деуімізге әбден болады. Олардың бірі де бірегейі – бүгінде ортамызда қарапайым ғана өмір сүріп жатқан Алтыншаш Бейсембаева қарындасымыз.
Кешегі одақ тұсында орталықтың пәрменімен Қазақстанда – Ақмола облысының Ерейментау ауданында неміс автономиялық облысын құру туралы мәселе қаралған. Әрине, оған баршасы, әсіресе қарияларымыз наразы болды. Ал, Целиноград қаласында осы шешімге келіспей, алаңға шеруге шыққан ереймендік жастардың ішінде Алтыншаш жерлесіміз де бар еді. Қайсар бойжеткен алаңдағы мінберден: «Егер Ерейменді неміс халқына берсеңіздер, онда осы жерде өзіме керосин құйып өртеймін», – деп батыл түрде ашық мәлімдеген. Тиісті органдар тергеп, жауап алғанда да еш тайсалмай, ауызша жеке пікірін білдіргенін баян еткен. «Әкелеріміз, аталарымыз ел үшін, жер үшін от кешіп, қан төкті. Елге қайтпай қалған боздақтар, жанын қиған қаһармандар қаншама! Енді сол жерімізді қалайша қиып бере саламыз?», – деп жауабын сұрақпен қайтарған.
Жерлесіміздің сын сағаттағы осы қасиетін неге лайықты бағаламасқа? Бүгінгі іні-сіңлілеріне үлгі етіп көрсетсек, кездесу ұйымдастырып, естелігін тыңдасақ – зор өнеге емес пе? Тіпті, Тәуелсіз Отан марапатына ұсынса да артық етпес деген ниеттемін. Қатардағы оқырман әрі өңірдің байырғы тұрғыны ретінде көкейдегі ойымды көпшілікпен бөлісуді парызым санадым. Билік өкілдері, халық қалаулылары, жалпы зиялы қауым нендей ақыл-кеңес қосар екен? Бәлкім, болашақта оның да лайықты уақыты келер, замана оқиғасына тарих өз бағасын берер.

Жетпіс ЕРКЕШҰЛЫ,
зейнеткер ұстаз.
Ерейментау қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар