Көкшетаулық кәсіпкерлер қала әкімшілігіне Абай көшесінің бойындағы облыс орталығына көрік беріп тұрған жұмыр тасты жерден қайта қазып алып, қала ішіне орнатуға өз ұсыныстарын білдірген еді.
Осыдан шамамен екі жыл бұрын «Көкшетау» қонақ үйінің алдындағы автокөлік тұрақтарына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу кезінде осы тасты тұрған жерінен алып тастағанда қала тұрғындарының біразы бұл шешіммен келіспей, басқаша пікірде болған. Ертеден қаланың бір нышаны ретінде танылып қалған жұмыр тас ондаған жылдар бойы осы жерге өзіндік сән беріп, көзтартар белгілердің біріне айналған. Салмағы 33 тонналық таста Көкшетау қаласының негізі қаланған 1824 жыл қашалып жазылған.
Қалалық әкімдіктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазір жердің астына көміп тасталған аталмыш жұмыр тасты қайта қазып алу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл істі «Алуа-Строй» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өз өтінішімен қолға алыпты. Тасты қазып алып, қайта орнатуға қажетті қаржының барлығын осы серіктестік көтереді. Тастың қазіргі жатқан жеріндегі асфальт қабатын да қазып алғаннан кейін қалпына келтіру жұмыстарын серіктестік қаржыландырмақшы.
Әзірше тастың нақты қай жерге қойылатыны белгісіз. «I love Kokshetau» деген жазуы бар «Арт» нысанда техникалық жұмыстар жүргізіліп жатқандықтан, орнынан уақытша алынған көрінеді. Жақын арада ол да өз орнына қойылады.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.