Қариялар дән риза

Өткен бейсенбі күні облыс әкімі Мәлік Мырзалин кезекті жұмыс сапарымен Астана қаласында болып, қарттар мен мүгедектерді әлеуметтік қолдау айлығы аясында зейнеткерлерге құрмет көрсетіп, мерекелерімен құттықтады.

Кешесіз бүгіннің болмайтыны секілді, бүгінгі жеткен жетістіктеріміздің бәрі қарияларымыздың кешегі жастық жігерінің, адал еңбек, маңдай терінің жемісі екені баршаға белгілі. Күнтізбемізде қарттар күнімен басталатын қазан айы елімізде қайырымдылық, мейірімділік айы ретінде қалыптасқан. Осындай игі шара өткізуді ақмолалықтар да дәстүрге айналдырған. Бұл жолы Елордадағы «Аққу» мейрамханасында ұйымдастырылған шараға Астана мен іргелес аудандарда тұратын жүзге жуық ақмолалық зейнеткерлер шақырылды. Олардың арасында соғыс және еңбек ардагерлері, бұрынғы партия комитеті мен облыс басшылары тәрізді елдің дамуы үшін әр салада еңбек еткен ардагерлер болды.
Кезінде білім беру, мәдениет, құрылыс, сауда, тағы басқа да салаларда еңбек еткен қариялар бір дастархан басында емен-жарқын әңгімелесіп, қат-қабат қиындықтармен қоян-қолтық араласа жүріп, еңбектің қазанын қайнатқан сонау бір жылдарды еске алып, көз алдарында көркейген астаналық облыстың бүгінгі тыныс-тіршілігіне ризашылықтарын білдірді.
Ардагерлерді құттықтаған өңір басшысы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес мемлекет тарапынан аға ұрпақ өкілдеріне барынша қамқорлық жасалып отырғанына, бұл мәселенің жергілікті биліктің де үнемі назарында екендігіне тоқталды.
– Бүгінгі еліміздің көркейіп-гүлденуі, ұрпақтарымыздың шат-шадыман, бақытты тұрмысқа кенелуі, әрине, аға ұрпақтың маңдай терінің, елге сіңірген еңбегінің жемісі. Сондықтан, бүгінгі ұрпақтың аға буын сіздерге айтар алғысы шексіз, – дей келе, облыс әкімі барлық ардагерлерге гүл шоқтары мен ақша салынған конверт үлестірді.
Өз кезегінде ардагерлер де мерейлерін өсірген, қаржылай көмек көрсетіп, бір уақ ән мен жырға бөлеген облыс басшылығына ризашылықтарын білдірді. Олардың арасында бұрынғы Көкшетау облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Қасым
Таукенов, облыстың бұрынғы әкімдері Владимир Гартман мен Сергей
Кулагин, Социалистік Еңбек Ерлері Ибрагим Жаңғоразов, Сағила Есенжолова сияқты бірқатар ардагерлер болды.
– Бүгінгі шараға үшінші рет келіп отырмын. Өте қуаныштымын. Өйткені, көптеген көреген әрі қызметте үзеңгілес болған кісілермен дастархандас болып, әсерлі әңгімелерін тыңдау арқылы көңілім көтеріліп, марқайып қалдым, – деді еңбек ардагері Кеңес Зұбайыров.
Ардагерлер үшін ұйымдастырылған шарада облыс өнерпаздары ән мен биден шашу шашып, қарттардың көңілін көтерді.
Шарада осынау сый-құрмет үшін облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғосман Төлеғұл замандастары атынан ұйымдастырушыларға алғысын айтты.
Өңір ардагерлерін құттықтау шаралары қарттар мен мүгедектерді қолдау айлығы аясында әрі қарай жалғаса беретіні сөзсіз.

Аслан Оспанов.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар