Айып тағылған жас жігіт ақталып шықты

Сот тарихында айыпкер ретінде үстінен қылмыстық іс қозғалып, сот талқысына түскен адамдардың арасында жазықсыздығы анықталып, ақталып жататындары сирек те болса кездесіп қалады. Қазақ «Аққа құдай жақ» демей ме. Құқық қорғаушылар тарапынан қылмыскер ретінде айыпталып, үстінен іс ашылып, сотқа жіберілгеннен кейін сот барысында айғақтардың жеткіліксіздігі, куәлардың көрсетулерінің шындыққа жатпайтындығы, басқа да заңсыздықтар анықталып, судья айыпкерді ақтап шешім шығарып жатады. Біз баяндағалы отырған оқиғаның кейіпкері 24 жастағы жас жігіт те тағдыры қыл үстінде тұрған сәтте жазықсыздығы анықталып, ақталып шықты.

Бұл оқиға өткен жылдың 10 қыркүйегінде орын алған. Егер оқиғаның барысына ой жүгіртіп қарайтын болсақ, көптеген қылмыстарға себепші болып жататын арақ деген кесапаттың араласуымен болған жай екенін бағамдайсыз. Иә, ақыл-естен айыратын арақ деген пәлені ауыздарына алмағанда, бұндай оқиға болмас па еді деген ойға қаласың.
Жастары жиырманы орталаған жап-жас үш жігіт жалынды жастық шақтарын бірге өткізіп, өмір-өзен ешқашан тоқтамай, осылай аға берердей, әрбір күн қуаныш пен бақыт сыйлап, тірліктің қызығы ешқашан бітпестей көретін. Қыркүйек айының сол бір жылы кешінде Көкшетау қаласынан шыға берістегі саяжайға оларды алып келген де жастық жалын мен өмірдің қызығы мен қуанышын бірге татып, бақыт атты кемеде мәңгі жүзуге деген құлшыныс болса керек.
Үш доспен бірге саяжайға тағы да екі жігіт пен үш қыз келген.

Жастар бас қосқанда арақ-шарапсыз қызық болған ба, дастарханға самсаған бөтелкелер қойылып, әсем әндер ойналып, көңілді тостар айтылып, қызық думан түн ортасына дейін жалғасқан. Саяжайдан қалаға жүретін автобустар тоқтап қалғандықтан, көңіл көтеруге келген қыз-жігіттер сонда қалып, түнемекке ұйғарды. Түнгі сағат үштер шамасында темекі алып келу үшін үш дос: С.Закетаев, Р.Мадьяров және Е.Құсайынов қалаға бармақ болды. Араққа тойып алғаны, машина руліне мас күйде отыру заңсыздық екендігі жас жігіттердің ойларына да келмеген.
Сөйтіп, олар Закетаевтың «Lada 217230» жеңіл автокөлігіне отырып, жолға шығады. Олар қала шетіндегі тәулік бойы істейтін дүкеннен темекі және бірнеше құты сыра алады. Сыраны машинаның ішінде отырып ішеді. Содан кейін саяжайға кері қайтады. Бар пәле осы арада басталған сияқты. Кейін тергеу барысында, сот мәжілісі кезінде «кінәлі кім?» деген сауалға жауап табудың қиынға түсуіне машина руліне кім отырғанын дәл басып анықтаудың мүмкін болмауы себеп болған. Оқиға онан әрі былай жалғасады. Араққа тойып алып, көлік жүргізген үшеу түн ішінде саяжайға жақындай бере жолдың бұрылысында қарсы бағытқа шығып кетіп, қарсы келе жатқан жүк автокөлігіне соғылыспау үшін рульді кілт бұрғанда жолдан шығып, әлденеше рет аударылады. Осының салдарынан қатты жарақат алған екі жігіт ауруханаға жеткізіледі. Жарақаты ауыр болған Р.Мадьяров сол түні қайтыс болса, Е.Құсайынов мүгедек болып қалды. Ал, автокөлік иесі С.Закетаев дін аман.
Баласынан айырылған ана осының бәріне кінәлі деп көлік иесі Закетаевты соттауын және ар-ождан шығыны ретінде 11 миллион теңге өтемақы төлеуін талап етеді. Кеше ғана құлын-тайдай араласып, ойнап-күліп бірге жүрген достардың арасы да осы арада айырылған сияқты. Өйткені, іс жайына назар аударып қарасақ, әркім өз басының амандығын ойлап, жауапкершіліктен қашқан көрінеді.

Осы істі жүргізген құқық қорғау органы қызметкерлері бар жауапкершілікті көлік иесі С.Закетаевқа артып, айыптау ісін осы бағытта жүргізеді. Олар Закетаевтың көлік рулінде мен емес, Р.Мадьяров отырған еді деген сөзін де қаперге алмайды. Ал, Мадьяровтың анасы жазған шағымында рульде Е.Құсайынов отырған, бұны ол өз аузымен айтып, мойындаған және осыны айғақтайтын дыбысжазбасы бар деп көрсетеді.
Оның адвокаты бұл дыбысжазбаны шағымға қосып тапсырады.

Осы істі қараған қалалық соттың судьясы А.Аймұрзиноваға бұл іс оңайға түспегені анық. Бір қарағанда бәрі қолға қойғандай көрініп тұрған сияқты сезілгенмен, астарында адам тағдыры тұрғандықтан, жазықсыз жанның жәбір көруіне жол бермеу қажет еді. Мадьяровтың анасының шағымында көрсетілгендей, рульде Е.Құсайынов отырса, онда неге көлік иесі Закетаев жауапқа тартылуы қажет?
Сот шешімін шығару үшін ең бастысы – айыптыны дәлелдейтін заттай айғақтар мен куәлардың көрсетулері, сот сараптамалары болса, басты айыпкер саналған Закетаевтың кінәсін растайтын айғақ заттар да, куәлар да жоқ болып шықты. Онымен бірге машинада болған екі жігіттің бірі бақилық болса, екіншісі алдымен «рульде мен отырғанмын деп айтып, кейін, жоқ арақты көп ішкендіктен мас болып қалыппын, есімде жоқ» деп бас тартады. Ал, оның алғашқы айтқан сөзін дыбысжазбаға жазып алған адвокаттың бұл айғақты заңсыз алғандықтан, оны іске қатыстыруға болмайтын
еді. Бұл арада Закетаевтың бар кінәсі – көлік иесі болуында. Апат болған сәтте
ол көлік рулінде отырмаған.
Бұған оның еш жарақат алмай, аман қалуы да айғақ болады. Закетаевтың айтуынша, ол апат болған кезде машинаның артқы орындығында отырған. Ал, алдыңғы орында отырған екі жігіттің бірі қаза тапса, бірі ауыр жарақат алған.
Сот ұсынылған айғақтар мен
куәлардың сөзін, сот сараптама қорытындыларын таразылай келе, Закетаевты жазықсыз деп тапты. Сөйтіп, сот шешіміне сай, С.Закетаев қамақтан босап, ақталып шықты.
Қалкөз ЖҮСІП.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар