Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Қараөткелдің жаңа асуы - АРҚА АЖАРЫ

Қараөткелдің жаңа асуы

Облыс əкімі Мəлік Мырзалин жұмыс сапарымен Целиноград ауданының Қараөткел ауылында болып, бірқатар əлеуметтік нысандарды аралап көрді жəне Елорданың іргесіндегі елді мекеннің даму жайы мен кейбір түйткілді мəселелерінің қалай шешіліп жатқандығы туралы аудан басшылығының атқарып жатқан жұмыстарымен танысты.

Облыс басшысы алдымен Қараөткел селосындағы «Ақжелкен-Д» бала бақшасына ат басын бұрды. Жекеменшік бала бақшаның құрылтайшысы Талаптан Дауылтаевтың айтуынша, бала бақша 2011 жылдан бері жұмыс істеп келеді. 2015 жылы ескі ғимараттың жанынан үш қабатты жаңа үй салынған. Қазіргі күні мұнда 125 бүлдіршін тəрбиеленуде. Балалар үшін қажетті барлық жағдай жасалған. Бала бақша жеке қазандықтан жылытылады. Қазақ тілінде тəлім алатын мектепке дейінгі мекемеде отызға тарта адам еңбек етуде. Астана іргесіндегі үлкен елді мекенде бүгінгі күні осындай жекеменшік 7 бала бақша бар екен. Мектепке дейінгі тəрбиемен толық қамтамасыз ету үшін алдағы уақытта тағы да екі бала бақша салыну жоспарланып отыр. Аудан əкімі Малғаждар Тəткеев ол бала бақшалар мемлекеттік-жекеменшік əріптестік шеңберінде салынатынын айтты.
Бұдан кейін облыс басшысы елді мекен тұрғындарына қызмет көрсетіп тұрған отбасылық дəрігерлік амбулаторияда болды. Ескі бір қабатты ғимаратта орналасқан дəрігерлік амбулаторияның бір бөлігінде стоматологиялық пункт орналасқан. Жиырма мыңнан астам тұрғыны бар ауылдағы жалғыз дəрігерлік мекемеде дəрігер-терапевт, гинеколог сияқты мамандар қызмет етеді. Аудандық денсаулық сақтау бөлімі басшысының айтуынша, іргелес Веденеевка селосында емхана болғандықтан жəне Қараөткел тұрғындары соған бекітілгендіктен, емхана салу мəселесі кейінге қалдырылған екен. Десе де, күн санап тұрғындар саны өсіп келе жатқан ауылға жалғыз отбасылық дəрігерлік амбулаторияның жеткіліксіз болатыны анық. Облыс басшысы осы орайда, бұл мəселені шешу қажеттігіне назар аударды.
Өңір басшысы бұдан кейін орта мектепте болып, аудан əкімінің Қараөткел ауылын дамыту бағдары туралы есебін тыңдады.
Аудан əкімінің мəлімдеуінше 2012 жылдан бері тұрғындардың саны 2,5 есеге өсіп, бүгінде 24423 адамға жеткен. Қазір екі орта мектеп, 7 бала бақша, бір отбасылық дəрігерлік амбулатория бар. Мұнда тұратындардың көбі Астанада жұмыс істейді. Қалаға автобус қатынайды. Аудан əкімі қиындық келтіріп отырған мəселелер туралы ашық айтты. Ең алдымен, ауылдың бас жобасы жасалып, республикалық мекемеге ұсынылғанына біраз уақыт өтсе де, əлі бекітілмеген. Бас жобасыз құрылыс, басқа жұмыстар жүргізу қиын. Сонымен бірге, ауылды жарықтандыратын екі таратқыш стансаға қосылмай қалған 170-тей үйдің жайы да үлкен мəселе болып тұрғанға ұқсайды. Олар электр қуатын өз беттерінше тартып қосып алған. Сондай-ақ, сумен жабдықтауда да қиындықтар бар. Қазір Елорда іргесіндегі үлкен елді мекенде орталықтандырылған су жүйесі жоқ. Осы орайда, Нұра өзенінен су тарту жобасы дайындалып, ол бірнеше жылдан бері жүзеге асырылуда. Су құбыры біраз жерге дейін тартылған. Енді бірер жылда толық тартылып, селоға су келмекші. Дегенмен, ол су жүйесі елді мекенді толық қамтымайды. Ауылдың ішіндегі жолдарды жөндеу жұмыстарында да шешімін күткен мəселелер бар екен.
Облыс басшысы Астана іргесіндегі жедел өсіп келе жатқан елді мекенді дамыту бағытында тиісті жұмыстар жүргізіп, бəрін заң негізінде шешу қажеттігін жəне жобалық-сметалық құжаттарды ерте бастан дайындау керектігін атап өтті және ауылдың көше жолдары мен жаңадан үйлер салынып жатқан аумақты көріп, нақты тапсырмалар берді.

Қалкөз Жүсіп.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар