Домбыраны дәріптеген орыс баласы

Халқымыздың ұлттық аспаптарының ішінде домбыраның алатын орны ерекше. Ертеде әр қазақ отбасының үйінің төрінде домбыра ілулі тұратын. «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ домбыра» деп Қадыр ақын айтпақшы, осы аспаптың халқымызға қаншалықты қымбат екенін түсіну қиын емес. Домбыраның құлағында ойнайтын аға-апаларымызбен, ұл-қыздарымызбен қазір де мақтана аламыз. Осы орайда, өзге ұлт өкілдерінің де ұлттық аспабымызды жатсынбай, қызығушылық танытып жүргені өнерде шекара жоқ екенінің, өнер ұлт пен дінге бөлінбейтінінің дәлелі деп түсінеміз. Бүгінгі біздің кейіпкеріміз домбыраның қос құлағын бұрап, күмбірлетіп күй төгіп жүрген орыс баласы Александр Скороходов.

Талантты жас Александр Біржан сал атындағы Көкшетау музыкалық колледжінің бірінші курсында оқиды. Таяуда Петропавл қаласында өткен «Өнерім – рухани қазынам» атты Ұлттық Дельфий ойындарында «Домбыра» аталымы бойынша дип-
ломант атанды.
Осы орайда, орыс баласының домбырада ойнайтынын естігенімізде бір жағынан көңіліміз толып, екінші жағынан аз-маз таңырқағанымыз да рас. Мектеп қабырғасында ұйымдастырылған концерттік бағдарламалардың бірінде бесінші сыныпта оқып жүрген Александрды Атбасар қаласындағы балалар музыка мектебінің оқытушысы Тоқсан Зекенұлы байқап қалып, оның анасына «Балаңыздың бойында дарыны бар. Оны біздің мектепке беріңіз» деп қолқа салған екен. Осылайша ол өзі білім алған Атбасар қаласындағы №6 орта мектеппен қатар, осындағы балалар музыка мектебінде бес жыл бойы домбырадан сабақ алған. Оны үздік аяқтап шыққаннан кейін Көкшетауға білім қуып келген. Қазақтың қара домбырасын анасы өтінгеннен кейін қолына алған кейіпкеріміз бізбен әңгімесінде қазір бір күнін күйдің үнінсіз өткізе алмайтынын жасырмады.
–Отбасымда музыкаға жақын мен ғана. Бала кезімнен ән айтуды жақсы көретінмін. Ал, домбыраға деген сүйіспеншілігімді анам оятты. Бүгінімді де, болашағымды да домбырасыз елестете алмаймын. Балалар музыка мектебінің төртінші сыныбын оқып жүргенімде орта мектептің тоғызыншы сыныбында білім алушы едім. Ал, музыка мектебін толық тәмамдап шығу үшін бес жыл оқу керек болатын. Сол себепті, оны тастап, өз қатарластарым секілді колледжге тоғызыншы сыныптан кейін түсе алмадым. Сөйтіп, оныншы сыныпты да ауданда оқуға тура келді. Оған еш өкінбеймін. Домбырадан музыкалық білімім бар. Колледжді тәмамдағаннан кейін оқуымды Астанадағы консерваторияда жалғастырғым келеді, – деген Александр Скороходов Пет-
ропавл қаласында өткен «Өнерім – рухани қазынам» атты Ұлттық Дельфий ойындары жайлы да пікірімен бөлісті. Одан бұрын кейіпкеріміз аталған доданың облыстық кезеңіне қатысып, бас жүлдені жеңіп алған екен. Ал, Петропавл қаласынан жүлделі төртінші орынды қанжығасына байлап қайтты. Үлкен сайыстарға енді ғана қатысып жүрген жасөспірім үшін бұл үлкен жетістік деп ойлаймыз. Оның алар асуы әлі алда.
–Ұлттық Дельфий ойындарына төрт шығарманы алып бардым. Алғашқы кезеңде атақты күйшілер – Дина Нұрпейісованың «Бұлбұл», Нұрғиса Тілендиевтің «Аққу» атты күйлерін орындадым. Шешуші кезеңдерге Қазанқап, Құрманғазы бабаларымыздың шығармаларымен шықтым. «Домбыра» аталымында оннан астам үміткер бақ сынады. Мәселе, жеңіп шығуда емес. Өнердің өрісін кеңейтетін, өнер жолындағы жастарға шырақ жағатын осындай байқаулар сарқылмасын, – деген тілегін жеткізді.
Колледж қабырғасында болғанымызда Александрдың ұстазы Руслан Қойшыбаевты да сөзге тартқан едік.
– «Ұстаздан шәкірт озар» демекші, оқушыларым биіктен көрініп жатса, мен үшін ол үлкен мерей. Домбыраға әркім қызығуы мүмкін, бірақ, оның тілін кез келген адам түсіне бермейді. Өзге ұлттың өкілі болғанына қарамастан, шәкіртім Александрдың бойында ұлттық аспабымызға деген сүйіспеншілік те, шеберлік те молынан байқалады. Оның болашағынан зор үміт күтемін, – дейді ол.
Әңгімеміздің соңында Александарға қолқа салып, күй орындап беруін өтіндік. Орыс баласы домбырасын қолына алып, Қазанқаптың «Жұртта қалғанын» шертіп сала берді. «Талабыңа нұр жау-
сын, өнерің өрге жүзсін» деп қоштастық.

Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар