Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Жергілікті нысандар мен елді мекендерге бағытталған «Туған жер» бағдарламасынан бөлек, біз халықтың санасына одан да маңыздырақ – жалпыұлттық қасиетті орындар ұғымын сіңіруіміз қажет. Ол үшін «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы керек. Әрбір халықтың, әрбір өркениеттің баршаға ортақ қасиетті жерлері болады, оны сол халықтың әрбір азаматы біледі», – деген болатын.
Қазіргі таңда біздің облысымызда да киелі жерлердің географиясын жасау жұмыстары қолға алынуда. Оған шалғай елді мекендердің тұрғындары атсалысып жатқанын мақтанышпен айта аламыз. Елдік маңызы бар іске бейжай қарамай, отансүйгіш азамат ретінде өзінің тұрғылықты жерінің тарихын зерттеумен айналысып жүрген жандардың бірі – Жарқайың ауданы Тассуат негізгі мектебінің тарих пәнінің мұғалімі Дамир Гафаров.
Бұл есім тек аудан тұрғындарына ғана емес, облыс жұртшылығына да кеңінен таныс деуге болады. Себебі, осы бір абзал жан кез келген қоғамдық іске белсене араласумен, азаматтық ұстанымымен, туған жерге, тарихқа деген жанашырлығымен зор құрметке ие. Біреулер кіндік қаны тамған жерді Отаным деп санаса, ал, енді біреулер үшін қиналғанда пана болған жерұйық мекен – Отан. Кейіпкеріміз де Қазақстанда дүниеге келмесе де, телефон желісі арқылы өрбіген әңгіме барысында бір ғана Отаны барын, ол тәуелсіз Қазақ елі екендігін ерекше тебіреніспен, толғаныспен жеткізді.
Қазіргі таңда алпысты алқымдаған жарқайыңдық азамат ата-анасы жер аударылуына байланыс-
ты Башқұртстаннан Қазақстанға 1959 жылы үш жасында көшіп келген екен. Кейіпкеріміздің балалық шағына да, тұлға болып қалыптасу кезеңіне де Жарқайыңның тауы мен тасы, сайын даласы куә.
Ұстаздық жолда жүргеніне биыл қырық жыл толып отырған Дамир Мидхатұлының білім саласында қол жеткізген көптеген жетістіктері бар. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталған.
Осы орайда, Президенті-
міздің: «Патриотизмнің ең жақсы үлгісі орта мектепте туған жердің тарихын оқудан көрініс тапса игі. Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс», – деген салиқалы ойы еске түседі. Ауылдық мектепте тарих пәнінен сабақ беріп жүрген Дамир Гафаровтың да ұстаздық жолдағы басты ұстанымы – шәкірттерінің бойына отансүйгіштікті сіңіру екенін ұғындық.
Кейіпкеріміздің киелі жерлердің географиясы туралы ғылыми жұмысында Жарқайың ауданы, соның ішінде Тассуат ауылындағы тарихи орындар жайлы көптеген қызықты мағлұматтар келтірілген. Оның айтуынша, бүгінде Жарқайың ауданында 26 тарихи ескерткіш бар. Ал, қорғандар және қорымдар саны – 19, тарих және монументальды өнер ескерткіші – біреу. Ол – Кеңес Одағының Батыры Н.Ф.Гастеллоға орнатылған ескерткіш.
Тәуелсіздік жылдары ауданда көптеген зерттеу жұмыстары жүргізілген. Қ.А.Ақышев, М.К.Хабдулина, Д.А.Талеев, А.Н.Свиридов және басқа да ғалымдардан құралған жұмыс тобының ауданда жүргізген зерттеулері нәтижесінде де біраз жұмыстар атқарылған.
–Біздің ауданда қазба жұмыстары жүргізілген жоқ. Археологтар тереңірек зерттесе, көнеден қалған көп заттар табылуы мүмкін. Мектебімізде тарихи-өлкетану мұражайы бар. Онда 300-ден астам жәдігер сақтаулы тұр. Ол заттар – Тассуат ауылының маңайында табылған қылыш, шоқпар, диірмен, қазан, қайшы, білезік, пышақ, қармақ, ыдыс сынықтары. Жерлес соғыс ардагерлерінің ерлігі үшін марапатталған медальдары, мақтау қағаздары, құжаттары, соғыста киген киімдері, фотосуреттері де осында. Мұражай арқылы оқушыларға патриоттық тәрбие берудің маңызы зор деп есептеймін. Қысқаша айтқанда, мұражайлар әр мектепте болу қажет. Осыдан бірнеше жыл бұрын татарлар пайдаланған көне затты облыстық тарихи-өлкетану мұражайына тапсырған болатынмын, – деген кейіпкеріміз «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы қазақ сахарасының сұлу да көрікті жерлерін әлемге танытуға зор мүмкіндік екендігін айтты. Ол бұл жоба туристер мен шетелдіктерді тамсандыра алатын елімізде бар тарихи жерлерді дамытуға, өркендетуге жол ашады деген сенімде. Жарқайыңдық азамат та елінің отансүйгіш азаматы ретінде осынау маңызды іске үлес қосқысы келеді.
–Тәуелсіздікті алған уақыттан бастап Президентіміз халқымызға жыл сайын өзінің Жолда-
уын жолдап, халықты кемел келешекке бастап келеді. Ал, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы сол жоспарлы Жолдаулармен біте қайнасқан, тамыры бір өзектес асыл идея десем, артық айтқандық емес. Көзі қарақты азаматтар оның маңыздылығын жақсы түсінеді. Киелі қазақ жеріне, Елбасымызға айтар алғысым шексіз. Қазақ халқы қиын-қыстау заманда өзге этнос өкілдеріне қамқорлық жасап, шапағатын төкті. Қазақстан қаншама ұлт өкілдерінің қадірлі мекеніне, бақ ордасына айналды. Бүгінгі мамыражай тірлік, мызғымас бірлік осы туған жер мен туған елді сүюден басталған қасиеттің өзінен нәр алған. Елбасымыз айтқандай, тілегі – бір, тілеуі – бір, достығы жарасқан елміз! Достығымыз мәңгі жасай берсін! – деген тілегіне біз қосыламыз.
Тассуат ауылы,
Жарқайың ауданы.