Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні құрметіне Көкшетау қаласындағы әдебиет және өнер мұражайында «Үздік библиограф-2017» облыстық байқауы өтіп, ең үздік кітапхана қызметкерлері марапатталды.
Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін бұл жолғы байқауды тамашалауға облыстың әр өңірінен келген кітапханашылар қатысты. Шараны өткізуге облыстық мәдениет басқармасының бастамасымен Мағжан Жұмабаев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасы ұйытқы болды.
«Рухани қазына» бағдарламасының «Асыл мұра» жобасы шеңберінде өткізілген байқаудың ақтық сайысында облыстың орталықтандырылған кітапханалар жүйесінен келген 7 библиографтың шеберліктері ортаға салынды. Байқау «Виртуалды кітап көрмесі», «Мамандығым – мақтанышым!», «Библиографиялық қиял» тәрізді кезеңдерден тұрды.
– Кітап, кітапхана және кітапханашы бір-бірін жалғастырып тұрған, қоғамнан ажырамас киелі ұғым. Өсіп келе жатқан келешек ұрпақты осы кітап арқылы ғана тәрбиелеуге болады. Сондықтан, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде кітапхана саласы мамандығының имиджін, қоғамдағы беделін көтеру, бүгінгі жас-
тарды кітапхана саласына, кітапханашы мамандығына ынталандыру және олардың кәсіби шеберліктерін жоғарылату мақсатында осы байқауды өткізіп отырмыз, – деді құттықтау сөзінде Ақмола облыстық мәдениет басқармасының басшысы Сәуле Бөрібаева.
Байқау қорытындысына сай бірінші орынды Степногорск қалалық кітапханалар жүйесінің библиографы Лариса Саленко жеңіп алды. Ал, жүлделі екінші және үшінші орындарды Целиноград аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің библиографы Айшолпан Шәкенова мен Сандықтау аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің библиографы Ольга Гмря өзара бөлісті. Жеңімпаздарға арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтар тапсырылды.
Аслан Оспагов.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.