Тұңғыш Президент күніне лайықты тарту

1 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні құрметіне облыс әкімі Мәлік Мырзалин Макинск қаласында салынған базальт тастарынан минералды жылу оқшаулағыш құрылыс материалдарын шығаратын зауытты іске қосу салтанатына қатысты.

Соңғы кезде елімізде қандай да болсын, мемлекеттік мерекеге орай, жаңа кәсіпорындарды салтанатты түрде іске қосу дәстүрге айналған. Бұдан сол өңірде «Үдемелі индустриялық-инновациялық даму» мемлекеттік бағдарламасының ойдағыдай жүзеге асып отырғанын байқауға болады. Соның бір қарлығашы өңірлік Индустрияландыру картасына еніп отырған «POLITERM» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің базальт тастарынан минералды мақта негізінде жылу оқшаулағыш құрылыс материалдарын шығаратын кәсіпорны дер едік. 2012 жылы жоба облыстың өңірлік үйлестіру кеңесінде қолдау тауып, «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасына енгізілген болатын. Сол жылдары алғашқы қазығы қағылған зауыт бүгін іске қосылып отыр.
Кәсіпорынды іске қосу салтанатында сөз сөйлеген аймақ басшысы Мәлік
Мырзалин елімізде өнеркәсіп саласында ең алдыңғы орындардың біріне ие болып келе жатқан облыста, оның ішінде Бұланды ауданында базальт тастарынан минералды жылу оқшаулағыш шығаратын зауыттың Тұңғыш Президент күніне лайықты тарту болғандығын айта келіп, ұжым мүшелеріне табыс тіледі.
Бұдан әрі жаңа зауыттың бас директоры Жасұлан Мұхаметжан облыс басшылығына жаңа жобаны жүзеге асыруда қолдау көрсеткені үшін алғысын жеткізді. Сонымен қатар, ол Елбасының бастамасымен қолға алынған «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының тиімділігін айта келе, алда да әкімдікпен бұл әріптестік байланыстың нығая түсетіндігіне сенім білдірді.
Жасұлан Мұхаметжанның сөзінше, жобаның жалпы құны 6 миллиард 771 миллион теңгені құрайды. Зауыттың іске қосылуы 100-ден астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Қазіргі заманғы итальяндық қондырғылармен жабдықталған зауытта озық технологиямен алғашқы өнім шығарыла бастады. Қазiрдiң өзiнде бірқатар құрылыс компаниялары өнімге алдын ала тапсырыс беріп қойған. Осы бағытта Ресей және отандық кәсiпорындармен бiрқатар келiсiм жасалған. Жалпы, зауыттың жылдық қуаты 34 мың тонна өнімді құрайды. Базальт тастарынан алынатын минералды мақта негізіндегі құрылыс материалының артықшылығы жылу, дыбыс, ылғал, жел өткізбейтіндігінде болып отыр. Сондай-ақ, экологиялық жағынан таза, отқа да жанбайды.
Осы ретте, тағы бір айта кетерлігі, зауыттың іске қосылуымен облысымыз өнеркәсіп саласында тағы бір қадам алға басып отыр. Өңірімізде қолға алынып отырған бұдан басқа да жобалар баршылық. Бұл бастамалардың барлығы халқымыздың ертеңгі жарқын өмірлерінің көрінісі. Мемлекеттік бағдарламалар арқылы Бұланды ауданында әлеуметтік-экономикалық мәселелердің біртіндеп шешілуі халықтың жағдайын жақсартуға игі ықпал ететіні анық.

Аслан Оспанов.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.
Бұланды ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар