2050 жылға қарай шағын және орта бизнес Қазақстанның жалпы ішкі өнімінің елу пайызынан кем болмауы тиіс. Бұл – Елбасы белгілеген меже. Әлемнің озық мемлекеттерінде экономиканың бұл саласына жиынтық ұлттық өнімнің жартысы немесе одан көп бөлігі тиесілі. Облыста «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы жүзеге асырылуда.
Аршалы ауданының тұрғыны Серік Жұмағалиев бизнесін бастамас бұрын сан мәрте ойланып, толғанған. Істі неден бастап қолға алған жөн. Өз қаражаты болмаған адамның он ойланып, жүз толғанатыны да белгілі. Күні ертең алған несиесін қайтара алса жақсы. Бизнестің тәуекелді қажет ететін жері де осы. Қабырғасымен кеңесе келе, қиқулатып құс бақпақ болды. Бұрын әбден байыбына бармаса да, берекесі болатынына іштей бек сенімді.
Бұл осыдан алты жыл бұрынғы тыңнан түрен салған кезіндегі жан толғанысы. Әуел баста өз бойына лайықтап, шақтап дайындаған жобасы бір миллион теңгеден бастау алған. Құс еті қашанда өтімді. Жеңсік тағам есебіндегі құс етіне құмартушылар жыртылып айырылады. Асылында былай қарағанға оңай болғанымен, бұл істі де бүге-шігесіне дейін зерттеп, білуің керек. Төрт түліктің тілін таба білген ауыл адамдары құстың тілін меңгеріп әкететініне күмән туған жоқ. Қаз-үйректі күнде көріп жүр. Ал, бройлер тауығы. Бройлер тауығын айтасыз, бөдене бағу қызық әрі тосын шаруа болып көрінген. Қай істе де ынтаның ырыс-
ты молайтатыны белгілі. Алғашында тау жыққандай екпінмен кіріскен. Жұмыс та өз ырғағымен жүріп кетті. Сөйтіп, алғашқы алған 1 миллион теңге несиесін мерзімінен бұрын жауып тастады. Шыққан шығыны мен кірген кірісін есептесе, ойға алғаны олқы түспей, орындалған тәрізді. Осы бетпен шаруасын дөңгелете беруді мұрат тұтқан кәсіпкер енді бес миллион теңге көлемінде несие алды. Қанатының кеңге жайылуына себеп болған да осы несие.
Жұмыс алға басқан соң табыс та тұрақтана бастады. Ендігі арада қосымша инкубаторлар, құс азығына қажетті дәрумен сатып алу мүмкіндігіне ие болды. Таратып айтатын болсақ, 2011-2017 жылдар аралығында отыз мың бройлер, 20 мың үйрек, 3 мың бөдене, бір жарым мың қаз етін өндірген. Бір адамның шаруасы болғандықтан, шағын деп айта алмасақ керек.
– Аптаның әрбір сәрсенбі мен сенбі, жексенбі күндері аудан орталығындағы сауда орындарында құс етін сатамыз. Әсіресе, үйректерім өтімді. Таяуда ғана 500 үйрек еті саудаға шығарылды. Қар түсіп, қаздың бөтегесі толған соң оған да кезек келеді. Бройлер тауығының еті де тұтынушылардың көп сұрайтын, қолқалайтын өнімі,–дейді кәсіпкер Серік Жұмағалиев.
Негізінде ауданда екі білегін сыбанып кәсіпкерлікке ден қойып отырған адамдар аз емес. Бұған дейін екі қолына бір күрек таба алмай қаңтарылып отырғандар Серік тәрізді азаматтардың бастамасын көріп, нәтижеге адал еңбекпен қол жеткізуге болатынын түсініп, олар да алға ұмтылуда.
– Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы бойынша 2017 жылы мынадай бағыттарды несиелендірдік. Мысалы, «Береке» бағдарламасы бойынша 4 адам 11,2 миллион теңге несие алды. Ал, «Игілік» бағдарламасы бойынша ауданның 7 тұрғынына 30,5 миллион теңге
несие қаржысы бөлінді. «Аршалы
несие серіктестігі» арқылы ауданымыздың бес тұрғыны жалпы көлемі 41 миллион теңге несие алып, жеке кәсібін дамытуда. Қазіргі күні олардың барлығы бастаған істерін тыңғылықты жүргізіп, еңбектерінің игілігін көруде. Бөлінген қаражаттың жалпы көлемі аудан бойынша 91 миллион теңгені құрап отыр,–дейді Аршалы аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Бақыт Сыздықова.
Ел іші игіліктің еңбекпен келетінін ұққан. Ертеректе кәсіпті бастауға қаражат қажет дейтұғын солқылдақ себеп айтылса, бүгінгі күні мұндай сөз ауызға да алынбайды. Өйткені, мемлекет тарапынан бар жағдай жасалып отыр. Ендігісі елдегі епсекті адамдардың еңбегіне байланысты.
Байқал Байәділов.
Аршалы ауданы.