Ауыл шаруасының мәселесі көтерілді

Қазақстан фермерлер одағы облыстық филиалының есеп беру кеңесінде ауылдық кеңес жұмысын жандандыру және одақ мүшелерінің санын көбейту мәселесі қаралды.

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының, бірқатар аудан әкімінің орынбасарлары, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі аумақтық инспекциясы мен «ҚазАгро» Ұлттық басқарушы холдингі облыстық ұйымдарының басшылары, облыстық кәсіпкерлер палатасының өкілдері мен өңірдегі ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшылары қатысқан кеңесте Қазақстан фермерлер одағы Ақмола облыстық филиалының төрағасы Қанат Сүлейменов есеп берді. Оның айтуынша, бұдан екі жыл бұрын Қазақстан фермерлер одағының аудандық өкілдігі барлық ауданда болмаған. Қазір әр өңірде аудандық кеңес құрылып, оның өкілдері сайланды. Алдағы уақытта ауылдық кеңестерді құру жоспарланған.
– Облыс аумағындағы 3,6 мың ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің тек қана 612-сі фермерлер одағының мүшесі. Мүшелердің саны көп болса, ауыл проблемасы шешіле бастайды. Бүгінгі таңда ауылдың әлеуметтік-экономикалық жағдайы көңіл көншітпейді. Көктемгі егіс пен орақ науқаны кезінде дизель отыны қымбаттайды. Субсидиялауда да мәселе жетерлік. Бағдарламалардың жиі ауысуы фермерлердің жұмысына кері әсерін тигізуде,–деді филиалдың төрағасы. Бұдан кейін сөз сөйлеген ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшылары Виталий Аршак, Тұрлыбек Болатов, Атлан Докаев және өзгелері ауылдағы проблемаларды жайып салды. Мәселен, қалада тұратын фермерлер ауылда көктемгі егіс пен орақ науқаны кезінде төбе көрсететін көрінеді. Ал, жер өңдеушілер ауылда тұрып, жергілікті тұрғындарға көмектесулері қажет. Кеңесте ауыл шаруашылығы кооперативін несие-
леу және субсидиялау мәселесі көтерілді. Субсидиялау кезінде ауыл шаруашылығы техникасының бағасы екі есе көтерілген. Мәселен, жемшөп жинайтын комбайнның құны 400 мың доллар тұрады. Бұл 400 бас асыл тұқымды малдың құнымен пара-пар. Сондай-ақ, дизель отынының қымбаттауы мал бағу жұмысын қиындатуда. Темір жол саласындағы астық тасымалдау ақысы да екі есе көтерілген. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Қасым Итқұсов өз сөзінде облыстық филиал төрағасы бір жылда атқарған жұмысының есебі жөнінде тіс жармағанын алға тартты.
– Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың мемлекеттік бағдарламасы бекітілді. Бұл саланы дамыту картасы әр ауданда жасалған. Бұған фермерлер белсене қатысты. Бұл картаның тұсау кесері облыс деңгейіне өткізіледі. Субсидиялау бойынша мәселе бар. Биыл өңірдің агроөнеркәсіп кешенін субсидиялауға 36 миллиард теңге бөлінді. Несие беретін ұйымдар жұмысын тоқтатқан жоқ. Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің көбі субсидиялауды күтіп, бұл қаржыға бизнес жасайтыны белгілі. Бірақ, бюджет қаржысы бәрін қанағаттандыра алмайды. Жалпы өндіріс көлемінде ет пен сүт өндірісінің үлесі аз. Несиелік қолдаудың өзге түріне көшкен жөн. Ауыл шаруашылығы та-уарларын өндірушілердің арасында заң бұзушылық жиі кездеседі. Жанар-жағар майға қатысты проблема бар. Дегенмен, әркім өз міндеттемесін орындауы қажет. Кейбір мәселелер біздің мемлекетке байланысты емес. Үкімет пен облыс әкімдігі агроөнеркәсіп кешенін дамыту үшін қолдан келгеннің бәрін жасауда,–деді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары. Бұдан кейін астаналық Қанат Сүлейменов, Аршалы ауданынан Мұхтар Сабыржанов, Целиноград ауданынан Евгений Лавров, Бурабай ауданынан Николай Деркачов, Астрахан ауданынан Сыздық Сағадатов, Жарқайың ауданынан Октябрь Байегізов, Бұланды ауданынан Тұрлыбек Болатов Қазақстан фермерлер одағы облыстық кеңесінің мүшесі болып сайланды. Кеңесті қорытындылаған Қазақстан фермерлер одағының төрағасы Әуезхан Дәринов өз сөзінде қазір фермерлер одағының сөзін Үкімет тыңдайтынын, мемлекеттік бағдарламаларды орындауда жауапкершілік жетіспейтінін айтып өтті.
– Нақты факті келтіріп сын айтқан адам ұсыныс та айта білуі тиіс. Ауылдың проблемаларын шешу үшін фермерлер одағы мүшелерінің санын республика бойынша 50 мыңға жеткізуді жоспарлап отырмыз. Мұндай қоғамдық жұмысқа ақмолалық фермерлердің белсене араласпауы байқалады. Фермерлер үлкен күш болғандықтан бірігуіміз керек. Облыстық филиал жұмысын жандандырып, ауыл кеңесінің өкілдері мен мүшелерін сайлау қажет, – деді фермерлер одағының төрағасы.
Рамазан БАЯҚҰЛЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар