Жансаяның Үндістандағы жеңісі

Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізіп, бөркімізді көкке атып, қуанғанымызға міне, 26 жыл. Осынау ширек ғасырдан астам уақыт аралығында мемлекетіміздің абыройы дамудың қай саласында болсын өрге басып, алынбастай көрінген қамалдарды бұзып, асулардан асты. Осы кезеңдерде спорт саласында Кеңес заманында танылған спортшыларымыздың ізін жалғастыратын майталмандар шыға ма деген күдіктің болғаны да жасырын емес. Абырой болғанда, осы жылдар аралығында қазақ спортшылары әлемді мойындатты. Ерлер арасындағы спорт түрлерінен бөлек, қыздар мен әйелдер арасындағы жарыстардан да қанжығамыз майлы. Солардың ішінде қазақ қыздарының атын дүниежүзіне танытып жүрген Дина Жоламан, Жансая Балтабекова секілді жерлес, бұрымды былғары қолғап шеберлері бар.

Иә, қазір біздің спортшы қыздарымыз ерлеп жүр. Соның ішінде біздің Ақмола өңірінен шыққан былғары қолғап шебері, жақында Үндістанның Гувахати қаласында жастар арасында өткен бокстан әлем чемпионатында жақсы өнер көрсетіп, қола медальді еншілеген Жансая Балтабекова жайлы сыр шерткелі отырмын.
Мінезі тұйық көрінгенімен, ақ жүрегінен мейірімділік пен қарапайымдылықтың лебі есетін бұрымдымен алғаш танысқанымда әлем чемпионатының жүлдегері, тіпті, спортшы деп те ойламаппын. Әңгімелесе келе, қасы-көзі қиылып, тал бойындағы мінсіз сұлулығы өзіне жарасып тұрған ару қазақ спортшыларының ізін жалғап, былғары қолғап шеберлерінің қатарында өнер көрсетіп жүргендігін білдім. Биылғы жылы Қазақстан чемпионатында бірінші орынды иеленген ол 28 қарашада өткен әлем чемпионатында да қазақтың намысты спортшыларының ізін жалғап, тартысты додада жақсы нәтижеге ие болды. 38 мемлекеттен 186 былғары қолғап шебері қатысып, әлем назарын аудартқан шаршы алаңға 60 келі салмақ дәрежесі бойынша Жапония, Түркия, Польша, Италия командаларының спортшыларымен төрт рет жекпе-жекке шығып, өзінің жеңіске деген құлшынысымен, қазақ қыздарына тән қайсарлығымен көзге түсті. Қанымызда бар жақсы қасиет – жеңісті оңайлықпен қолдан бермейтін біздің ару Италияның боксшысын қолдан келгенінше сабаса да, оған есе жіберіп алды. Десе де, қола медальді қанжығамызға салып берді. Корея мен Италияның спортшылары бірінші, екінші орынға көтерілгенде, ол австралиялық спортшымен үшінші орынның тұғырына орнықты. «Жеңіс тұғырына көтерілгенде ғана алдыма қойған мақсатымның орындалғандығын сезіндім» дейді сол бір елеулі сәттегі ішкі толқынысымен сыр бөліскен ару Жансая. Республикамыздың құрама командасының ішінде жұдырықтасып жүрген қазақ қызы Көкшетау қаласындағы Ж.Мусин атындағы қазақ педагогикалық колледжінің дене мәдениеті және спорт бөлімінде 4-ші курста оқиды.
–Мен Зеренді ауданының Ақан ауылында қарапайым отбасында дүниеге келдім. Қазір отбасымызбен Көкшетау қаласында тұрамыз. Бала жасымнан спортқа өзім әуестеніп, құмартып келдім десем, өтірік болар. Мен қалаға көшіп келгеннен кейін Краснояр селосындағы №2 орта мектепте білім алдым. Сонда сыныптасым Бақыт Бимендина маған боксқа барайықшы деп бірнеше рет қолқа салды. Мен құрбыма бармаймын деп айта алмадым, келісімімді бердім. Ата-анам да қарсы болмады. Бапкердің үйрету әдіс-тәсілдері ұнаған соң, жаттығуды қоймадым. Міне, мен спортқа осылай келгенмін,– деп ағынан жарылды бапкер Петр Булканың тәрбиеленушісі, талантты спортшы Жансая. Кейде адамдар өздерінің бойындағы бар қабілетті өздері байқамайды. Оның дарыны мен қабілетінің ашылуына тағдыр жолында кездесіп жататын Бақыт секілді жолсеріктер себепші болады. Осынау спортқа деген ынтасын оятқан құрбысы қазір мүлдем басқа салада жүрсе де, осындай биіктерді бағындыруына себепші болғаны үшін оған Жансаяның алғысы шексіз. Алғашқы бапкері Петр Булка қазір «Жас қайрат» балалар мен жасөспірімдерді дене тәрбиесіне үйрету клубында жасөспірімдерді спортқа баулып келеді. «Бапкерім мені ең алғаш рет Жақсы ауданында жасөспірімдер арасындағы бокстан өткен жекпе-жекке қатыстырып, одан мен бірінші орынды жеңіп алдым. Содан бері боксты тастамауға бел будым. Жыл сайын Қазақстанның жасөспірімдер мен жастар арасында өтетін былғары қолғап шеберлерінің тартысты додаларына қатысып жүрдім», – дейді ол.
Жансаяның алдында әлі талай додалар күтіп тұр. Ата-анасы мен құрбы-құрдастары, ет жақындары оған зор үмітпен қарайды, мол сенім артады. Ендігі арада аздап дем алып, одан кейін келесі жылдың қаңтар айында Сербияда өтетін әйелдер арасындағы әлем чемпионатына баруға дайындықты бастамақшы.
–Жақсы ауданында менің екі бапкерім бар. Бірі – ҚР еңбек сіңірген бапкері Александр Высоцкий, екіншісі – Олжас Сұлтанбеков. Әлем чемпионатына қатысуға барғанда олардың әрбір жекпе-жек алдындағы ақыл-кеңестері, маған деген сенімдері мен моральдық тұрғыдан қолдаулары менің жеңіске деген құлшынысымды ұштай түсті, өзіме деген сенімділігім артты, қайралдым, жігерлендім, – деп өзінің бапкерлеріне деген сыйластығын, құрметін айтып өтті әңгіме барысында Жансая Дулатқызы.
Еліміз тәуелсіздігін алғаннан бері қазақтың ер азаматтарымен қатар, қыздары да спорт бәсекелерінде ұлт намысын қолдан бермей келеді. Қыздар мен әйелдер арасында бокстан Қазақстан және әлем біріншіліктерінде табысты өнер көрсетіп жүрген Дина Жоламан, Назым Қызайбай, Мөлдір Базарбаева секілді әпкелерін үлгі тұтатын Жансая алдыңғы буынның ізін жалғауға, ұлт абыройын асқақтату жолында намысты қолдан бермеуге бел буыпты. Қазір ол қаңтарда өтетін үлкен додаға әзірленіп жүр. Олай болса, бұрымды боксшыға Сербияда өтетін келесі жекпе-жегінде сәттілік серік болуына біз де тілектеспіз.

Көкшетау қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар