45 отбасының құтты шаңырағы

– Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауында халықты баспанамен қамтамасыз ету мәселесі баса айтылып, нақты тапсырмалар берілген болатын. Осы бағытта қолға алынған мемлекеттік бағдарламалар облыс аумағында байыптылықпен жүзеге асырылып, көптеген тұрғындар пәтерлі болып, қуанышқа кенелуде. Бүгінгі пайдалануға беріліп отырған жаңа үй соның айқын көрінісі. Бұл жұмыстарды біз алда одан әрі де жалғастыра беретін боламыз, – деп атап көрсетті облыс әкімі Мәлік Мырзалин.

Бұл жолы 45 пəтерлі тұрғын үйден баспаналы болғандардың көбі Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшылары. «Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде салынған тоғыз қабатты тұрғын үйдің құрылысына 219,3 миллион теңге қаржы жұмсалған. Оған «Бәйтерек» Development» акционерлік қоғамы инвестиция салып, құрылыс жұмыстарын «Строй Тех ІС» серіктестігі жүргізген. Бір подъезді тұрғын үй бір бөлмелі он сегіз пәтер, екі бөлмелі он пәтер және үш бөлмелі он жеті пәтерден тұрады. Тұрғындардың жүріп-тұруы үшін лифті де орнатылған. Ғимараттың маңына асфальт төселген. Жазға қарай абаттандыру жоспарда бар. Баспаналы болғандардың арасында Әкімбаевтар отбасы үш бөлмелі жаңа пәтерін ұзақ жыл бойы күткен екен. Отағасы Амангелді қиындықтарды артқа тастап, жақсылыққа қадам бастық деп отыр.
– Менің бүгінгі қуанышымды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. 2001 жылдан бері Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшысымын. Отбасымда 4 адам бар. Осыған дейін пәтер жалдап келдім. Енді ештеңеге алаңдамай, үш бөлмелі жаңа пәтерімде отбасыммен бақытты ғұмыр кешеміз деген ойдамыз. Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында баспаналы болудың мәні өте зор. Елбасының бастамасымен қолға алынған «Қолжетімді баспана – 2020», «2020 жылға дейінгі өңірлерді дамыту» және «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламаларының мен сияқты қарапайым халыққа берері мол екеніне көзім жетті, – дейді ол.
Осы орайда, бір айта кетерлігі, биылғы жылы Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Ақмола облысы бойынша барлығы 300 пәтер пайдалануға берілген екен. Дәл қазірдің өзінде Көкшетау қаласында көп пәтерлі бірнеше тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Ел дамуының 2050 жылға дейінгі стратегиялық бағдарламасында тұрғын үй-құрылысы басты бағыттардың бірі болып қала беретіні анық. Жылдан-жылға көркейіп келе жатқан облыс орталығында бүгінгідей жаңа көп қабатты үйлер көптеп бой көтеріп, қоныс тойын тойлайтын тұрғындар қатары көбейе түсуде. Бұл жолы пәтерлі болып отырған көкшетаулықтарға біз де өз тарапымыздан Тәуелсіздік күнімен бірге жаңа қоныстарыңызға ырыс-береке, құт дарысын демекпіз.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар