Атбасарлықтардың барлық жағдайлары ескеріледі

17 желтоқсан күні облыс әкімі Мәлік Мырзалин жұмыс сапарымен Атбасар қаласында болып, көктемдегі су тасқыны зардаптарын жою жұмыстарының барысымен танысып, кейбір мәселелерді шешу үшін тиісті басшыларға нақты тапсырмалар берді.

Аймақ басшысы қала іргесіндегі «Атбасар-Қима» автокөлік жолының астынан салынған өзен суын өткізетін қосымша нысанды барып көрді. Облыс әкімінің орынбасары Василий Крылов бұл нысанның құрылысына қажетті тюбингтік құбырларды «Қазақавтодор» РМК облыстық филиалы жеткізгенін баяндап берді. «Көкшетау жолдары» серіктестігі автокөлік көпірі маңындағы су өткізетін нысанды салып, абаттандыру жұмысын жүргізген. Өңір басшысы мұндай жұмыстардың өткен жылдары жүргізілмегеніне назар аударып, себебін сұрап білді. Бұдан кейін топырақтан үйілген бөгет басында болып, оны қалпына келтіру, өзенді тазалау, мұз жару, су қоймасын бақылау тәрізді атқарылған және атқарылатын жұмыстардың барысымен танысты. Көктемгі су тасқыны кезінде бөгеттің су шайған алты жерін «СК Тэмп Строй» серіктестігі мен «Крыжный» жеке кәсіпорны мемлекеттік- жекеменшік серіктестігі қалпына келтірген. Сондай-ақ, Атбасар станциясының темір жол ұйымдары Жабай өзенінің үстінен өтетін темір жол көпірі маңын талдан тазалапты. Ақпан мен наурыз айларында темір жол көпірінің астында тазалау жұмысы жүргізіледі. ЖБК кентіндегі тұрғын үйлерді су алмау үшін «Кегок» акционерлік қоғамының шағын станциясы маңына бөгет тұрғызылады. Облыс басшысы бұл жұмыстардың сапасына ерекше назар аударуды және өзенді тазалауға қала тұрғындарын тартуды тапсырды. Мәлік Мырзалин 45 пәтерлік тұрғын үйлердің құрылыс алаңында болып, жұмыс барысымен танысты. «Exclusive Consttuction» серіктестігінің директоры Туркан Ферхаттың айтуынша, қазір мұнда 180-ге жуық құрылысшы еңбек ететін көрінеді. Тұрғын үйлерге жылу жүйесі әлі тартылмағандықтан, іші арнайы қондырғымен жылытылады. Ішкі сылақ жұмысымен бес бригада айналысады. Өкініштісі сол, жұмыс кестеге сай жүргізілмей отыр. Соның салдарынан бұл үйлер Жаңа жыл қарсаңында тапсырылмайтын болды. Өңір басшысы жұмыс қарқынын үдетуді тапсырды. Құрылыс алаңында су тасқынының салдарынан баспанасыз қалған адамдарды тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі комиссия мүшесі Сәуле Ақсейітова қыркүйек айынан бері атқарған жұмысы жөнінде айтып берді.
–Аудан бойынша 450 үй, оның ішінде Атбасар қаласында 410 үй апатты жағдайда деп танылған. Бірінші кезекте үйлері сүрілген, әлеуметтік жағынан аз қамтылған 270 тұрғынға пәтер беріледі. Екінші кезекте 180 отбасы тұр. Жер үйі 55 шаршы метр болған отбасына бір бөлмелі, 80 шаршы метрге дейінгілерге екі бөлмелі, 80 шаршы метрден жоғары жер үйдің иелеріне 3 бөлмелі пәтер беріледі. Пәтердің шаршы метрін ұлғайту жөнінде көптеген мәселе туындап отыр,–деді комиссия мүшесі. Облыс әкімі өз сөзінде мәселе қарастырылып жатқанын, баспанасыз қалған отбасылардың пәтер жалдау ақысы үшін бюджеттен тыс қаржылай қолдау көрсететінін атап өтті. Мәлік Мырзалин жаңа үйлерге арналып салынған бу қазандығында болып, бес қазандықты көрді. Аудан әкімі Аманбек Қалжанов өз сөзінде аудан бюджеті есебінен салынған бу қазандығының қуаты шағын ауданды жылумен толық қамтамасыз ете алатынын айтып өтті.
Аймақ басшысы №1 орта мектепті аралап көріп, жөндеу жұмыстарының сапасына назар аударды. Бұдан соң аудандық мәслихат депутаттарының және қоғамдық кеңес мүшелерінің қатысуымен Атбасар ауданында төтенше жағдайды ескерту жөніндегі қосымша нұсқаның таныстырылымы болып өтті. Жабай өзені маңындағы ең қауіпті аумақта 850 жер үй орналасқан. Оның 205-і 2014 жылы көп қабатты тұрғын үйлерге көшірілді. Келесі жылы 359 отбасын 11 жаңа көп қабатты тұрғын үйге қоныстандыру жоспарланған. Қазір қауіпті аумақта жөнделген 186 жер үй тұр. Оларды да көшіру қажет. Жалпы 465 отбасына, оның ішінде Заречный селосының тұрғындарына көп қабатты тұрғын үй салу керек. Әзірше бұл жобаға Атбасар қаласы маңындағы су тасқынынан зардап шеккен елді мекендердің 168 отбасы кірмей отыр. Өйткені, Жабай өзені батпақтан тазаланып, тереңдетілсе бұл елді мекендерді су алмайтын болады. Ол үшін аталмыш өзеннің Есіл өзеніне құятын жерін тереңдету қажет. Аудан әкімі Аманбек Қалжанов аталмыш мәселе жөнінде атбасарлықтардың пікірін айтып берді.
–Жуыр арада өткізілген қоғамдық тыңдауда Жабай өзені жағалауындағы күрделі бөгет құрылысын жүргізудің орнына өзен жағалауындағы барлық тұрғындарды жаңа үйге көшіру ұсынысы талқыланды. Күрделі бөгет салсақ республикалық бюджеттің 9 миллиард теңгесі жұмсалады. Оның үстіне бөгетті жыл сайын күтіп ұстау үшін 200-300 миллион теңге қажет. Ең тиімдісі жаңа шағын аудан салып, су алатын аумақтағы тұрғындарды жаңа пәтерге көшіру. Үнемделген қаржыға өзен арнасын тазалап, тереңдету жұмысын жүргізуге болады. Қоныс аударған тұрғындар үшін мектеп, балабақша, спорт кешені, саяжай, автотұрақ, жертөле, жер телімін бөлу, шаруашылықпен айналысу мәселелері қарастырылуда,–деді аудан әкімі.
Мәлік Мырзалин су тасқынынан зардап шеккен бірқатар тұрғындармен кездесіп, толғандырған сауалдарына жауап берді. Бұдан кейін облыс әкімінің орынбасары Василий Крылов пен салалық басқарма басшыларына қысқа мерзімнің ішінде экономикалық және әлеуметтік тиімділікті ескеріп, атбасарлықтардың сауалдары мен ұсынысын саралауды тапсырды.

Рамазан Тілеуов.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар