Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Астана қаласындағы Тәуелсіздік сарайында Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты қабылдауға қатысты. - АРҚА АЖАРЫ

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Астана қаласындағы Тәуелсіздік сарайында Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты қабылдауға қатысты.

Елбасы жиынға қатысушыларды және Қазақстан халқын ұлттық мерекеміз – Тәуелсіздік күнімен құттықтады.
– Бұл күні уақыт өлшеміне бағына қоймайтын мақтаныш, қуаныш пен толқыныс өзара үйлесім тауып, ерекше сезімге бөлейді, – дей келіп, Елбасы тәуелсіздік жылдарында Қазақстан жылдам өсуге қол жеткізіп қана қоймай, алдағы уақытта орнықты даму үшін берік негіз қалағанын айтты.
– Бұған дейін тарихымызда болмаған кәсіпкерлер шоғыры қалыптасты. 1,2 миллионнан астам қазақстандық өзінің жеке кәсібін жүргізіп, барлық ұлттық кірістің төрттен бірін қамтамасыз етіп отыр, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы «Нұрлы жол» бағдарламасы келешектің инфрақұрылымдық дайындығын қамтамасыз еткен әрі дағдарысқа қарсы шешім болғанын атап өтті.
– Ызғарлы жел соққанда, біз қоршау емес, жел диірмендер салдық. 7 жылдың ішінде өңдеу өнеркәсібінің жаңа 24 секторы пайда болды. Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының тиімділігі нысандар санымен емес, тұтас салалар санымен өлшенеді, – деді Елбасы.
Қазақстан Президенті мемлекеттің әлеуметтік функциясын нығайтудың кепіліне айналған экономикалық өзгерістердің табысты болғанына ерекше назар аударды. – Халқымыздың саны тарихымызда бірінші рет 18 миллионнан асты, бала туу көрсеткіші бір жарым есе өсті. Қазақстан биыл бастауыш білім беруді қамту ауқымы жөнінен әлем бойынша төртінші орынға шықты. Өмір сүру ұзақтығы 4,5 жылға өсіп, 72,5 жасты құрады. 1,1 миллионнан астам отбасы баспаналы болды, – деді.
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның халықаралық аренадағы жетістіктеріне жеке тоқталды.
– Елордамызда халықаралық ЭКСПО көрмесі өткізілді. Биылдың өзінде Қазақстан дүниежүзілік Универсиаданы, Шанхай ынтымақтастық ұйымының тарихи саммитін, Ислам ынтымақтастығы ұйымының Ғылым және технологиялар жөніндегі бірінші саммитін, Сириядағы жағдайды бейбіт реттеуге арналған келіссөздерді өткізді. Ал, 2018 жылғы қаңтар айында еліміз БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалық етеді, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті «100 жаңа есім» жобасына қатысушылармен кездесу өткізгеніне ерекше тоқталып, Тәуелсіздігіміздің басты құндылығы азаматтар екенін атап өтті. – Бұлардың ұстанатын өмірлік қағидасы – мемлекеттен талап ете бермей, оған өзінің идеяларын, шығармашылық энергиясын, қажырлы еңбегін арнау. Міне, біз қол жеткізген табыстың нағыз шынайы манифесі – осы! Тәуелсіздіктің ұрпағы да – осылар, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы озық дамыған 30 елдің қатарына қосылу үшін сан жағынан өсуден сапалық өзгерістерге көшудің маңызды талап екенін айқындап берді.
– Қазақстанды қалыптасқан мемлекет ретінде нығайтып, біз бүкілін қамтитын жаңғыруға, Тәуелсіз Қазақстанның жаңа тұрпатын жасауға кірістік. Сол үшін саяси, экономикалық және рухани жаңғыру үдерісін бастап кеттік, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев «Рухани жаңғыру» қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру мәселесіне тоқталды. – Биыл ел болып Алашорданың 100 жылдығын атап өттік. Қазақ әліпбиінің латын графикасына өтуі жөніндегі аса маңызды шешім қабылдадық. Латын қарпіне көшудің терең тарихи қисыны бар. Бұл – ата-баба арманының орындалуы ғана емес, келер ұрпақты болашаққа бастайтын жол, – деді Мемлекет басшысы.
Соңында Қазақстан Президенті қатысушылардың бәрін Тәуелсіздік күнімен тағы да құттықтап, саяси тұрақтылық, қоғам мен халқымыздың бірлігі үшін жүргізіліп жатқан саясатқа толық қолдау көрсету еліміздің табысты болуының басты кепілі екенін атап өтті.
– Барлық бастамаларымды іске асыруға күш берген сенімдеріңіз үшін, шынайы қолдауларыңыз бен жанкешті күш-жігерлеріңіз үшін барша қазақстандықтарға алғыс айтамын, – деді Нұрсұлтан
Назарбаев.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар