Мұратбек Оспанов: «Рухани құндылықтардың қаншалықты қажет екенін жеткізгіміз келеді»

Көкшетаудағы Шахмет Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театры еліміз тәуелсіздігін жариялағаннан кейінгі ел тағдыры сыналған небір қиын кезеңдерде құрылғанын біреу білсе, енді біреуі білмес. Осынау қасиетті мереке қарсаңында газетіміздің тілшісі өнердің қасиетті ордасына айналып отырған, былайша айтқанда, тәуелсіздік кіндігін кескен қазақ театрының бүгінгі тыныс-тіршілігін білу мақсатында театр директоры Мұратбек Оспановқа жолығып, сұхбаттасқан еді.

–Мұратбек Үкібайұлы, театр құрылған кезде осы істің басы-қасында өзіңіз болдыңыз. Бұл бір жағынан қуанышты жағдай, ал, екінші жағынан зор ізденісті, ұйымшылдықты талап ететін мәселе болғаны сөзсіз. Ақмола жұрты тәуелсіздіктің төл жемісі – қазақ театрын қалай қабылдады?
–Иә, рас. Шынтуайтына келгенде, еліміздің солтүстік өңірлерінде қазақ театрларының ашылуы – тәуелсіздіктің арқасы деп айтуға болады. Мәселен, Ақмола облыстық орыс драма театры 1977 жылы ашылған. Қырық жылдық тарихы бар. Ол кезде қазақ театры ашылмақ түгілі, ол туралы айтудың өзі күлкілі жағдай болатын. Облыста да, Көкшетауда да қазақ саны аз еді, көбінесе өзге ұлттың өкілдері басым болды. Құдайға шүкір, егемендікке ие болғаннан кейін Қазақстанның солтүстік өңірлерінің ішінде алғашқылардың бірі болып қазақ театры бізде ашылды. Бізден кейін Петропавлда, Қостанайда қазақ драма театрлары ұйымдастырылды. Ол кезең өте ауыр, экономиканың дағдарған кезі болатын. 1995 жылдың бірінші қаңтарынан бастап жергілікті әкімшілік мені осы театрдың көркемдік жетекшісі, әрі директоры етіп тағайындап, театрдың іргетасын қалауға кірістік. Бір жыл толықтай сахнаға қажетті жабдықтарды, әртістердің костюмдерін табу секілді ұйымдастыру мәселелерімен өтті. Ара-тұра Алматыға да барып, 1995 жылы Т.Жүргенов атындағы өнер академиясын бітіріп жатқан екі курстың түлектерін біздің театрға жұмысқа шақырдым. Сөйтіп, өнер академиясын енді ғана тәмамдаған отызға жуық түлек жаңадан ашылып жатқан театрда еңбек жолдарын бастау үшін Көкшетауға ат басын бұрды. Көп ұзамай 1996 жылдың 6 қаңтарында театр шымылдығы алғаш рет «Ақан сері – Ақтоқты» спектаклімен айқара ашылды. Көкше жұрты спектакльді өте жылы қабылдап, жастардың өнеріне зор баға берді. Оның режиссері – менің театрға келуіме тікелей себепкер болған Жақып Омаров аға.
Сафуан Шәймерденов, Төлеубек Көңбай, Жарас Қалдаров, Құмарбек Қалқатаев, Гүлмира Жакилина, Жанар Құсайынова, Қайрат Мырзаболатов – Көкше жерінде қазақ театрының өркендеп, өнер шаңырағының биік болуына өлшеусіз үлес қосқан таланттар. Өнерпаздардың театрымыздың ең алғашқы шығармашылық ұжымы болатын. Қазіргі таңда олардың кейбіреуі басқа қалаларға көшіп, біздің театрда жұмыс істемесе де, өнерден қол үзген жоқ. Бірі басқа театрларда өнер көрсетуде, енді бірі киноға түсіп жүр.
–Жиырма жылдан астам тарихы бар қазақ театрының бүгінгі тыныс-тіршілігі жайлы не айтасыз?
–Бүгінгі таңда театр ұжымының басым көпшілігін жастар құрайды. Өнер ордасында бас-аяғы отыздан астам актер еңбек етеді. Жоғарыда айтып өткенімдей, Құмарбек Қалқатаев, Қайрат Мырзаболатов, Жанар Құсайынова, Зафура Арзымбетова, Төлеубек Көңбай, Айна Жүнісова – алғаш құрылған кезеңнен бастап күні бүгінге дейін театрмен бірге жасасып келе жатқан тәжірибелі әртістеріміз. Театрдың биылғы маусымын драматург Сая Қасымбектің «Бала кімдікі?!» комедиялық шығармасымен аштық. Бұл спектакльдегі рөлдерді де екі құрамда негізінен жас әртістеріміз ойнап жүр.
Былтырғы театр маусымын драматург Темірболат Ахметовтың «Шәкәрім» спектаклімен ашқан болатынбыз. Шәкәрім Құдайбердіұлының тағдыры қалай болғаны, ақынның небір қиыншылықтарды бастан өткергені тарихтан белгілі. Былтыр оның репрессияға ұшырағанына 85 жыл толған еді. Парасатты ой иесін еске алу мақсатында «Шәкәрім» спектаклін қойдық. Көрермендер де оны жылы қабылдады. Ал, үстіміздегі жылы театрымыздың әртістері аталған спектакльмен Шәкәрімнің туған елі Семейге гастролдік сапармен барып келді. Бір айта кетерлігі, Семейде осы бір тарихи тұлға туралы мұндай спектакль қойылмаған екен. Сол жолы әртістеріміз Шәкәрімнің елінен үлкен табыспен оралды.
–Алдағы жоспарларыңыз жайлы айта кетсеңіз? Жерлестеріңізге айтар тілегіңіз де бар шығар?
–Театрды он бес жыл басқарғаннан кейін, басқа салаға ауысып, өнерден алты-жеті жылдай сырт жүрдім. Былтыр ұжымға қайта оралып, спектакльдердің репертуарын кеңейту, жастарды театр өнерінің шыңына шығару бағытында жұмыс істеудемін. Театр ертеден-ақ киелі өнердің қара шаңырағы, тәлім-тәрбие ордасы болғаннан кейін біздің негізгі мақсатымыз – халықтың санасын жаңғырту, ұлттық дәстүрді қалыптастыру, аумалы-төкпелі мына заманда адам баласына рухани құндылықтардың қаншалықты қажет екенін жеткізу. Рухани құндылықтарсыз біз ешқашан тамырымызды сақтап қала алмаймыз. Онсыз тамырымыз үзіліп, қаңбақ секілді әрлі-берлі домалап далада қаламыз, адаса береміз. Міне, біздің басты міндетіміз көрерменге соны түсіндіру болып табылады. Кейде көрерменімізге заманның күңгірт, қоңыр бояуларын ғана көрсете бермейік деп, комедияны да қоямыз. Соның өзінде де күлкінің күшімен өмірде орын алып жатқан кемшіліктерді сынап, көрерменді ойлантуға тырысамыз. Міне, сондай-сондай отыздан астам спектакльдер қойдық. Репертуарымыз жан-жақты. Театрымыздың көркейіп, қанатын кеңге жайып келе жатқаны, бәрі-бәрі Тәуелсіздіктің арқасында деп білеміз. Тәуелсіздік халқымызға қаншама қиыншылықтар арқылы келген болса, оны әрі қарай да сақтап қалу солай оңайға тиген жоқ. Егемен елдің экономикасын, саясатын, мәдениетін құру үлкен жауапкершілікті, кемеңгерлікті, білімді талап етті. Сол бір жылдар қаншалықты ауыр болса да, егемен елдің барлық салаларын қайта жаңғырту, соның ішінде өнердің өрісін кеңейтуге тура келді.
Мереке қарсаңында елімізге тыныштық, барлық ақмолалықтарға отбасылық бақыт, амандық-саулық тілеймін. Шешілмей жатқан мәселелер ақылмен, көрегендікпен, сабырлықпен түйінін тауып жатса, оған тек қуанамыз. Қазіргі таңда әлемде дағдарыс деп жатыр. Бірақ, біз бұдан да ауыр кезеңдерді бастан өткердік қой. Жұмысшылар айлап, жылдап еңбекақыларын ала алмай жүретін. Береке-бірліктің, сабырлықтың арқасында бүгінгідей жетістіктерге жетіп отырмыз. Болашақтан үмітімізді үзбей, елді қуантатын жақсы оқиғалар бола берсе екен деген тілегіміз бар.
–Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбатты жүргізген
Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ.
Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар