Тәуелсіздік күні облыс әкімі Мәлік Мырзалин жұмыс сапарымен Астана қаласы мен Бурабай, Бұланды, Аршалы аудандарында болып, бірқатар әлеуметтік нысандарды және тұрғын үйлерді пайдалануға беру салтанатына қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Ел тәуелсіздігінің жиырма алты жылдағы жетістіктерін атап көрсетті.
Осы күні Бурабай ауданының Кенесары ауылындағы отбасылық дәрігерлік амбулаторияның ашылу салтанатына жас баладан еңкейген қарияға дейін жиналды. Бәрінің жүзінен қуаныштың реңін аңғардық. Бұрын ауылдың тұрғындары ауылдық әкімдік үйінің аядай бөлмелерінде емделетін. Енді бұл мекеме аталмыш ауыл мен оның маңындағы елді мекендердің 3 мыңнан астам тұрғынына қызмет көрсететін болады. Ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Садық Қалмағанбетов өз сөзінде осы ауылда елуінші жылдан бері тұратынын, Тәуелсіздік күні медициналық мекеменің ашылғанына қуанышты екенін айтып өтті.
–Ауылда біршама зейнеткер тұрады. Олардың басы ауырып, балтыры сыздамай тұрмайды. Аудан орталығына ат сабылтқанша өзіміздің отбасылық дәрігерлік амбулаторияда емделген тиімді. Мекемеде барлық кабинеттер қарастырылған. Осы орайда, бізге бұл мекемені салып берген биліктегілер мен мердігерлерге айтар алғысымыз шексіз,–дейді еңбек ардагері бізбен әңгімесінде. Өңір басшысы өзінің құттықтау сөзінде жаңа нысанның құрылысына облыстық бюджеттің 109 миллион теңгесі жұмсалғанын атап өтті.
–Бүгін сіздердің ауылдарыңызда көптен күткен медициналық мекеме ашылып жатыр. Осы жетістіктердің бәрі Елбасымыз жүргізіп отырған сындарлы саясаттың нәтижесі деп түсінген жөн. Мемлекеттік «Денсаулық» бағдарламасы облыс тұрғындарының медициналық қызметпен қамтамасыз етілуін қарастырады. Биылғы жылы өңірдегі бірқатар ауруханалар күрделі жөндеуден өтті. №2 облыстық ауруханада инсульт орталығы ашылды. Бүгінгі таңда облыста барлық тұрғындардың сапалы медициналық көмек алуына мүмкіндік жасалған,–деді Мәлік Мырзалин. Осы күні аймақ басшысы Щучинск қаласындағы 210 орындық «Нұрай» балабақшасының ашылу салтанатына қатысып, жиналғандарды ұлық мерекемен құттықтады. Бұл балабақшаны мемлекеттік-жекеменшік серіктестігі аясында Нұрлан Қошқарбаев басқаратын «Burabai Invest Co» серіктестігі салыпты. Екі қабатты үш ғимарат орталықтандырылған сумен және жылумен қамтамасыз етілген. Мұндағы он топтың екеуіне мемлекеттік тілде тәлім-тәрбие беріледі. Ғимараттарда ойын, жатын бөлмелері, гигиеналық, музыкалық және спорттық зал, медициналық пункт, асхана тәрізді арнайы бөлмелер орналасқан. Бұдан әрі аймақ басшысы Макинск қаласындағы 18 пәтерлік жаңа тұрғын үйді пайдалануға беру салтанатына қатысып, ата-анасының қамқорлығынсыз өскен жастарға, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларына және кезекте тұрған адамдарға жаңа пәтерлердің кілтін табыс етті.
– Биылғы жылдың 11 айында облыс аумағында жалпы көлемі 411 мың шаршы метр 3446 пәтер пайдалануға берілді. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 25,1 пайызға артық. Осынау мереке күні өңірде бірқатар кәсіпорындар іске қосылды, – деді М.Мырзалин өз құттықтау сөзінде.
Бұдан кейін облыс әкімі Астана қаласының Алматы шағын ауданында болып, «Ақмол» сауда үйі» серіктестігінің екінші дүкенінің ашылу салтанатына қатысты. Дүкеннің сөрелері «Родина» агрофирмасы», «Көкшетау сүт зауыты» серіктестіктері тәрізді бірқатар агроөнеркәсіп кешені кәсіпорындарының азық-түлік тағамдарына толы. Серіктестік директоры Қайрат Сәдубай өз сөзінде 58 тауар тасымалдаушымен келісім-шартқа отырғандарын айтып өтті. Олардың 11-і серіктестіктің қатысушылары.
Тәуелсіздік күні Аршалы кентінің 45 тұрғыны да қоныс тойын тойлады. Салтанатта облыс әкімі жиналғандарды осынау мерекемен құттықтап, пәтер иелерінің кілтін табыс етті.
Рамазан Тілеуов.
Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.